Олимпиада жүлдегері допингпен ұсталды

1700

Допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткен спортшылар тізімінде Игорь Сон да бар.

Олимпиада жүлдегері допингпен ұсталды

Қазақстан ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша Игорь Соннан бөлек тағы бес спортшыдан допинг табылды.

"2022 жылғы 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында Қазақстан Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс допинг-бақылау аясында ауыр атлетикадан ҚР Ұлттық құрама командасының спортшыларын тестілеуден өткізді. Бақылау қорытындысы бойынша келесі спортшыларда оң допинг-сынамалар анықталды: Әуелханов Абылай, Сон Игорь, Потасова Юлия, Чалқарова Руфина, Дроздов Алексей, Макрушин Матвей. Жоғарыда аталған барлық спортшылар Алматы облысының өкілдері болып табылады. Допингке нөлдік төзімділік саясатын ұстана отырып, ҚР Ауыр атлетика федерациясы бұл оқиғаға ішкі тергеу жүргізуге ниетті", – деп жазды ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Чалқарова мен Әуелханов жеңімпаз атанса, Дроздов күміс медаль иеленді. Сон үшін бұл оның мансабындағы екінші допинг дауы. 2015 жылы ол жастар арасындағы әлем чемпионатынан кейін бірнеше айға спорттан шеттетілді. Бірақ кейін препараттың ағзаға тағамдық қоспа арқылы енгенін дәлелдеген болатын.

Айта кетейік, Игорь Сон биыл Токио Олимпиадасында қола жүлде иеленген болатын. Ал бірер күн бұрын ауыр атлетші Ниджат Рахимов допингтің кесірінен Олимпиаданың алтын жүлдесінен айырылды. Сонымен қатар ол 8 жылға спорттан шеттетілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу