Олимпиадаға қапаланған қазақстандықтар қаһарын комментаторларға төгуде

2976

Жаңа ақпарат министріне телеарналардың комментаторлары үшін ақталуға тура келді.

Олимпиадаға қапаланған қазақстандықтар қаһарын комментаторларға төгуде

Бүгін Бейжің қысқы олимпиялық ойындары ресми жабылады. Бұл Олимпиададан Қазақстанның ұлттық құрама командасы еш медальсіз, құр қол қайтты. Кезекті рет көңілі қалған адамдар осы жолғы Олимпиададан еш ләззат ала алмағанын айтып, әлеуметтік желіге мұң шағуда. Кейбір белсенділер шағымдарын Үкімет мүшелеріне жолдады.

Бір көңілсіз үрдіс-тенденция бар. Әрбір Олимпиада өткен сайын көрермендер комментаторлардың сауатының таяздығына, тіл байлығының жұтаңдығына, тілінің шорқақтығына, бейтараптылық орнына белгілі бір команда үшін "жаны күйіп" отыратынына ("бәс тігетін болса керек") және басқа да кемшіліктеріне шағымданады.

Әрбір Олимпиада өткен соң жауапты тұлғалар бұдан былай комментаторлар мұқият таңдалатынына уәде береді. Мысалы, 2014 жылғы ақпанда Сочиде өткен XXII қысқы олимпиялық ойындарды түсініктемемен сүйемелдеу ісі қайтадан қуатты сын туғызды, оған қатысты спортсүйер қауым да, депутаттар да, басқасы да пікір білдірді.

Осыдан кейін 2014 жылғы тамызда Спорт істері және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев Қазақстанда спорт комментаторларын дайындау басталғанын жариялады.

"Бізде сапалы, сауатты спорт комментаторлары жетіспейді. Сондықтан оларды даярлау бойынша кәсіби стандарт әзірлеп жатырмыз. Мәселені пысықтап, Білім министрлігіне тапсырамыз. Осының негізінде олар тиісті мамандарды дайындайды. Алдағы жылы БҒМ-ге спорт комментаторлары бойынша өтінім береміз", – деді журналистермен кездескен Тастанбек Есентаев. Алайда келесі жылы да, одан кейін де жаңа мамандар халық алдына шықпады.

Баяғы комментатор, сол комментатор...

Көрерменді де түсінуге болады. Елімізде жыл сайынғы демалысын әдейі Олимпиада өтетін кезеңге алатын жанкүйерлер бар. Ойындардан хабар таратуды отандық телеарналар жеңіп алғандықтан, ресейлік, шетелдік арналардың көрсетілімдеріне тыйым салынады. Қазір қалаларда букмекерлік кеңселерді де жауып тастады. Ал спортбарлар айыппұл салынудан сескеніп, амалсыз отандық телеарналарды қосады. Яғни олар толыққанды монополияға айналды.

Осыған амалсыз көніп, қазақстандық арналарды қосқан жандар...

"Мен трансляцияны көріп отырып, ұйықтап қалдым! Жоқ, шаршаған жоқпын! Әдейі ерте жатып, ұйқыны қандырып алғанмын. Теледидардың дауысын да зорайтып қойдым. Бірақ комментаторлар зығырданды қайнатты. Айызды қандырмайды, арқаны қоздырмайды. Ынжық күйде ыңылдап отырғаны. Оу, әлемдік доданы сүйемелдеу сеніп тапсырылған екен, басынан аяғына дейін абыроймен атқарып шығу керек қой. Ал бұлар көз алда өрбіп жатқан жаһандық доданы қоя салып, бір-бірімен әңгімелесіп отырады. Мен алдыңғы Олимпиаданы Түркияда көргенмін, түрік комментаторларының шешендігі, қызуқандылығы, сөз тапқыштығы жойқын! Өз дүбірімен еріксіз елітіп, ілестіріп, делебеңді қоздырып әкетеді. Ресейде де солай. Ал мыналар өздеріне құлақ түрген дүйім жұртты елемейді, бірі-бірімен жаңа қауышқан оңашадағы қос жас сияқты", – деп күйіне қол сілтейді елорда тұрғыны Айбек Кемелбаев.

Тағы бір жанкүйер Дүйсенбек Рақымқанов тікелей Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровқа шағымын жолдады.

"Qazaqstan, Qazsport жұмысы туралы. Еш күлбілтелемей, ашығын айтайын, Бейжіңдегі Олимпиаданың ашылуынан және жарыстарынан репортаж жүргізген комментаторлар үшін қатты ұялдым. Ақпараттандыру, танымдылық – нөлге тең. Түсініктеме беру стилі – жиіркенішті. Комментаторлар аудиториядан толығымен алшақтап, дистанцияланды. Тікелей эфирде өзара әңгіме-дүкен құрып отырды. Сөз ырғағы, екпіні, әуезділігі телеаудитория сұранысына еш сәйкес келмейді. Міңгірлеген монологынан бірдеңені айыру қиын. Мұндай репортажсымақтардан не пайдалы ақпарат, не ләззат ала алмадық, төрт жыл күткенде, мерекелік сезім болмады", – деп опынады Д. Рақымқанов.

Ол "бәлкім, мен ғана осылай ойлайтын болармын" деп, алдымен таныстардан, жора-жолдастардан пікірін біліпті, ой-тоқтамдары бір арнада тоғысқан көрінеді.

"Осылай ойлайтындар аз болмай шықты. Олимпиададан хабар таратуды бұлай ұйымдастыратын болсаңыздар, сіздердің арналарыңызды қарауға деген ынта-ықылас та қалмайды. Біле білсек, "Qazaqstan" республикалық телерадиокорпорациясы – мемлекетіміздің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын басты мемлекеттік арна ғой. Біз комментаторлардың қандай критерийлер бойынша іріктелгенін, оларды кім таңдағанын білгіміз келеді!", – деді жанкүйер.

Билік не дейді?

Қазақстандықтар бұлай шағымдануға әбден құқылы. Себебі аталған арналар толығымен халық қаржысына жұмыс істеп тұр. Аталған Олимпиададан хабар тарату құқығы да ел қаржысына сатып алынған.

Осының алдында Ақпарат министрлігі "Ақ жол" депутаттарының сұрауымен, бұл дүниежүзілік доданы "Қазақстан", "Қазспорт" және "Хабар" арқылы көрсету елге қаншаға түскенін жариялаған болатын.

"Олимпиалық ойындарына деген құқықтың меншік иесі – жапондық Dentsu Inc және оның Орталық Азиядағы өкілі – швециялық Silver Spring media компаниясы. 2018 жылғы 16 қарашада аталған компаниялар 2021 жылғы Токио Олимпиадасын және 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасын трансляциялау құқығын жалпы сомасы 15 миллион долларға сатып алуды ұсынды", – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Ақыры, саудаласа келе, 2021 жылғы 23 шілдеде қос Олимпиададан хабар тарату құқығын 6,25 миллион долларға сатып алуға уағдаласқан. Демек бұл 2,7 миллиард теңге деген сөз.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров ашулы жанкүйерлерге ресми блогы арқылы жауап берді. Оның мәліметінше, Бейжіңдегі қысқы Ойындар трансляциясында жұмыс істейтін комментаторлар құрамын былтырғы күзде "Қазақстан" РТРК" АҚ-ы қалыптастырды және басшылықтың келісімінен өткізілді. Үміткерлердің жалпы санынан 14 адам іріктеп алыныпты. Ақырғы тізімге "мемлекеттік және орыс тілдерінде жұмыс өтілі, үлкен тәжірибесі бар жүргізушілер, ағылшын тілін меңгерген комментаторлар ғана енген" екен.

"Бейжіңдегі Олимпиаданың ашылу салтанатын Qazsport телеарнасында Сергей Райлян мен Индира Бектенова жүргізді. С. Райлян – спорт журналисті. 18 жылдан бері комментатор болып жұмыс істейді. 5 олимпиялық ойынды өткізді. И. Бектенова телеарнада оның құрылған күнінен, 2013 жылдан бері қызмет атқарады. Отандық және халықаралық жарыстарды, кейінгі 4 Олимпиаданы жариялауда мол тәжірибеге ие. Ашылу салтанатынан репортажды Qazaqstan арнасында Есей Жеңісұлы мен Уалихан Қосанбай жүргізді. Есей Жеңісұлы мемлекеттік тілде жұмыс істейтін тәжірибелі спорт комментаторларының бірі, оның спорт оқиғаларының жүргізушісі ретіндегі жұмыс өтілі шамамен 15 жыл, ал оның серігінің эфир бойынша жұмыс өтілі – 11 жыл. Екеуі де қысқы, жазғы спорт түрлері бойынша білікті. Сондықтан оларға осы жауапты трансляцияда жұмыс істеу жүктелді", – делінген түсініктемеде.

Министр отандық комментаторлар бұл жұмыспен бұрыннан айналысады. Сондықтан "комментаторлық қызметтің барлық қыр-сырын біледі" деп санайтынын жеткізді.

А. Омаров "БАҚ туралы" заңға сәйкес, сөз еркіндігі барын, азаматтарға ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген жолмен алуға болатынын ескертті.

"Бұл Конституциямен кепілдендірілген. Цензураға тыйым салынған. Осылайша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ақпарат құралдарының қызметіне араласуға министрліктің құқығы жоқ. Редакциялар төл редакциялық саясатында тәуелсіз. Тиісінше, өз қалауы бойынша жүргізеді", – деді министр.

Олимпиаданың қымбат трансляциясы телехикаяға жеңілді

Жалпы ресейлік, шетелдік телеарналар өз сайттарында Олимпиада ойындарының онлайн трансляциясын ұйымдастырып жүр. Қазақстандық көрермендердің бір бөлігі сол жаққа ауып та кетті.

Телеметрия нәтижелеріне жүгінсек, 4-13 ақпан аралығында Олимпиададан трансляциялар тіпті "қазақстандық телеарналардағы бағдарламалардың ТОП-10-дығына" да кіре алмаған.

Дәл осы кезде, Mediascope компаниясының дерегінше, "Россия-1" телеарнасы көрсеткен Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанаты 2018 жылғы Пхeнчхандағы қысқы Ойындармен салыстырғанда, 3 есе көп көрермен жиыпты. Арна рейтингі аса жоғарғы 8,1%-ға дейін жетті.

Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда ең көп көрермен жинаған Beijing-2022-ден трансляция 12 ақпандағы әйелдер арасындағы шаңғы эстафетасы болыпты. Qazsport рейтингі бұл күні 1,01 пайызға жетті.

Олимпиададан хабар таратылған күндері "Хабар" арнасының ең көп көрермен тарта алған трансляциясы сол 12 ақпандағы мәнерлеп сырғанау болған. "Хабардың" рейтингі 0,93 пайыз болды.

Салыстыра кетсек, "1 арна Еуразия" көрсеткен "Северная звезда" атты ресейлік детективті телехикая бұлардан бес есе көп көрерменді қызықтыра алыпты: арна рейтингі 5,24%-ға бір-ақ шарықтады.

Кеше ғана Президент Қ. Тоқаевпен сұхбатта "ақпараттық шайқаста Қазақстанның жеңіліп жатқаны" айтылып еді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу