Олжас Бектенов жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл төлеу мәселесі жайында айтты

137

Қазақстан аумағындағы экологиялық құқық бұзушылықтар мәселелері тек ұлттық заңнама аясында ғана қаралады. 

Олжас Бектенов жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл төлеу мәселесі жайында айтты Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұлдарды олар табыс табатын валютада есептеуге міндеттеуге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 – Қазақстан аумағындағы экологиялық құқық бұзушылықтар мәселелері тек ұлттық заңнама аясында ғана қаралады. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар Экологиялық кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ұлттық валютада салынады. Осыған байланысты аталған айыппұлдарды шетел валютасына теңестіру, сондай-ақ осыдан туындайтын валюталық мәндегі "шығындар" туралы тұжырымдар мұндай өндіріп алулардың құқықтық табиғатына сәйкес келмейді және құқық қолдану тәжірибесінде қолданылмайды, – деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-министрдің айтуынша, 2022 жылы Атырау облыстық экология департаменті Солтүстік Каспий жобасында тексеру жүргізіп, оның барысында экологиялық заңнаманың бұзушылықтары анықталды. Бұл ретте бірқатар бұзушылықтар бойынша сот талқылауларының қорытындысы бойынша айыппұлдар төленді.

– Сот процестері барысында Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 1 тамызда "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." компаниясының талап арызы бойынша қаулы қабылдап, департаменттің нұсқамасын рәсімдік негіздер бойынша заңсыз деп таныды. Кейіннен департамент аталған рәсімдік бұзушылықтарды жойып, НКОК өкілдерінің қатысуымен қайта тыңдау өткізді және тиісті құжаттарды белгіленген тәртіппен ресімдеді. Тексеру нәтижелері сотпен күшін жоймағандықтан, бұрын тоқтатылған әкімшілік істер бойынша тиісті әкімшілік жазаларды қолдану туралы шешімдер қабылданды, – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Қазбек Иса Үкімет басшысына сауал жолдап, онда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы – экспорттаушыларға арналған ірі айыппұлдарды олардың табыс табатын валютада есептеуді міндеттеуді ұсынған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу