Өмірін сақтандыратын қазақстандықтардың саны артқан

2184

Сақтандыру компаниялары 10 айда 90,2 млрд теңге пайда тапқан.  

Өмірін сақтандыратын қазақстандықтардың саны артқан

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру секторының 10 айдағы ахуалына шолу жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Агенттіктің мәліметінше, Қазақстанның сақтандыру секторында 27 ұйым жұмыс істейді. Оның 9-ы өмірді сақтандыруға маманданған. Сақтандыру ұйымдарының жалпы активі 1 қазандағы жағдай бойынша 1 трлн 718 млрд 421 млн теңге болған. Жылдың басында бұл сома 1 трлн 486 млрд 344 млн теңге еді. Яғни 10 айда сақтандыруға салынған ақшаның көлемі 15,6%-ға ұлғайды деген сөз.

Активтерді құрылымы бойынша жіктесек, жалпы соманың 1 трлн 239 млрд 855 млн теңгесін, яғни 72,2%-ын бағалы қағаздар алып тұр. 2021 жылдың басында бағалы қағаздарды сақтандыруға салынған ақшаның көлемі 1 трлн 32 млрд 229 млн теңге болған. Демек ұлғаю мөлшері – 20,1%.

Екінші деңгейдегі банктерге орналастырылған салымдардың жалпы активі 174 млрд 101 млн теңгеге немесе жалпы сақтандыру сомасының 10,1 пайызына жеткен (10 айдағы төмендеу – 8,2%).

"Қайта сақтандыру активтерінің жалпы жиынтығы 74 млрд 209 млн теңге болса, міндеттемелер және резервтерді сақтандыру көлемі 997 млрд 540 млн теңгені құрады. 2021 жылдың басында бұл сома 820 млрд 912 млн теңге болатын. 2021 жылдың басынан ұлғаюы – 21,5%", – деп жазады агенттік сарапшылары.

Міндеттемелердің 85%-ын немесе 847 млрд 584 млн теңгесін сақтандыру резервтері алып отыр. Жыл басынан бері сақтандырудың бұл түріне салынған қаражат көлемі 23,6%-ға өскен.

Сондай-ақ сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 10 айдың ішінде 39,8%-ға артып, 522 млрд 370 млн теңге болған.

"Олардың ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйақыларының көлемі – 476 млрд 279 млн теңгеге жетті. Сақтандыру сыйақыларының негізгі үлесін ерікті мүліктік сақтандыру құрайды – 222 млрд 836 млн теңге немесе 42,7%. Міндетті сақтандыру бойынша 97 млрд 265 млн теңге жиналды немесе сақтандыру сыйақыларының жиынтық көлемінің 18,6%-ы. Ерікті жеке сақтандыру бойынша – 202 млрд 270 млн теңге немесе 38,7% болды", – деп жазылған агенттіктің сараптамасында.

"Өмірді сақтандыру" саласында жиналған сақтандыру сыйақыларының көлемі 1 қазандағы жағдай бойынша 216 млрд 667 млн теңге болған. Бұл былтырғыдан 56,9%-ға артық.

Жыл басында "Өмірді сақтандыру" саласындағы активтердің көлемі 603 млрд 963 млн теңге болса, қазан айында 711 млрд 876 млн теңгеге жеткен.

"Жиынтық сақтандыру сыйақыларындағы "өмірді сақтандыру" саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйақыларының үлесі есепті күні 41,5%-ды құрады. 2020 жылғы 1 қазандағы оның үлесі 37,0% еді. "Жалпы сақтандыру" саласы бойынша 1 қазанда жиналған сақтандыру сыйлақысының жалпы көлемі 305 млрд 704 млн теңге болды. Бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,8%-ға артық", – деп жазады агенттік мамандары.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талдауына сенсек, елдегі сақтандыру ұйымдарының 10 айдағы нақты маржасы 541 млрд 144 млн теңге болған (2021 жылдың басынан ұлғаюы 1,6%).

"Сақтандыру секторының 2021 жылғы 1 қазандағы таза пайдасы 90 млрд теңге 682 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,1%-ға аз. Соңғы 12 айдағы таза пайданың орташа жиынтық активтерге қатынасы 6,7% болды. Соңғы 12 айдағы таза пайданың орташа меншікті капиталға қатынасы 15,4% болды", – делінген агенттіктің талдауында.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу