Өміріне қауіп төніп тұрған қазақстандықтардың саны 2 есеге жуық артты

161

Кейінгі жылдары Қазақстанда құрылыс қарқыны біршама артты. Қалаларда небір көпқабатты тұрғын үйлер жарыса бой көтеріп жатыр.

Өміріне қауіп төніп тұрған қазақстандықтардың саны 2 есеге жуық артты Фото: astrahan.bezformata.com

Мәселен, былтыр елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Соның арқасында бұл сала жалпы ішкі өнімнің 6 пайыздан астамын алып, 9,6 трлн теңгеге жетті. Ал биыл Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп болжаған.

Мейлі, көрсеткіштер керемет-ақ, алайда кейінгі 3 жыл аралықта апатты үйлерде өмір сүріп жатқан қазақстандықтар екі есеге жуық артқан. Мысалы, 2023 жылдың басында елдегі барлық тұрғын үйлердің 30%-дан астамы 1970 жылға дейін салынғаны мәлім болды. 2 мыңға жуық апатты үйде 29 мыңнан астам өмір сүріп жатыр еді.

Енді 2025 жылды қорытындылаған тұста Ұлттық статистика бюросы 834 мың шаршы метрді құрайтын 2628 апатты баспанада 50 мыңнан астам адам тұрып жатқанын хабарлады.

Осының өзі Қазақстанда қолданыстағы реновация бағдарламаларының тиімділігі мен тұрғындарды қауіпті үйлерден көшіру қарқынына қатысты мәселелер барын әшкерелеп отырған секілді.

Апатты үйлердің саны бойынша Атырау облысы көш бастап тұр. Өңірде 705 апаттық үй тіркелген, онда 13 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр екен. Бұдан кейін Ақмола (270 тұрғын үй), Батыс Қазақстан облысы (262) тұр. Бір қызығы, бұл қатарға елордамыз Астана (191) мен құрылғанына көп болмаған Абай облысы (172) да кіріп отыр.  

Ендігі мәселе, біз осы ресми сандарға қарап шошып отырғанымызбен, шынайы жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін. Өйткені статистика тек арнаулы тексерістен кейін "апатты деп танылғандарын" ғана көрсетіп отыр.

"Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер санының өсу динамикасын қарастыратын болсақ, мұнда екіұдай көрініс қалыптасқан. Бір жағынан, мұндай объектілердің көбеюі тұрғын үй қорының жағдайының нашарлауын көрсетсе, екінші жағынан — көрсеткіштің өсуі тексеру жұмыстарының жандануымен және уәкілетті органдардың тарапынан үйлерді ресми түрде апатты деп танумен тікелей байланысты. Елімізде іс жүзінде мүшкіл халде болса да, ресми түрде "апатты" мәртебесі берілмеген тозығы жеткен үйлердің үлесі әлі де жоғары. Мұндай үйлердің тұрғындары мәселені шешудің нақты тетіктерінсіз қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Сонымен қатар, объектіге ресми түрде апатты мәртебесінің берілуі реновация және көшіру бағдарламаларын іске қосады, бұл азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндігін арттырады. Осылайша, көрсеткіштің өсуі тек тұрғын үй қорының жағдайының нашарлауын ғана емес, сонымен қатар жүргізілген тексерулер мен үйлерді апатты деп тану жұмыстарының нәтижесін де көрсетеді", – деп жазған Ranking.kz сарапшылар.

Өткен айдың өзінде апатты үйлер тақырыбына қатысты бір оқиға болды. 19 ақпанда шамамен таңғы сағат 8:00-де Балқаш қаласындағы Қараменде би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті. Бір қызығы, осы баспананың тұрғындары былтыр басқа жерге көшуден бас тартып, біраз шулаған еді. Өйткені әкімдіктің көшуге ұсынған жері ұнамаған. Мәселенің тағы бір тұсы осы жерден шығады. Өйткені тұрғын үй апатты деп танылған соң, реновацияға бір адам қарсы болса да, процесс тоқтатылады. Шамасы, осы норманы жауаптылар қайта қарағаны абзал секілді.

"Белгілі бір тұрғын үйге құрылыс компаниясының өкілдері келіп, барлық пәтерді сатып алуға немесе мүлік иелеріне басқа жерден жаңа баспана ұсынуға дайын екенін айтады. Бұл ұсынысты 100 тұрғынның 99-ы қабылдап, біреуі қарсы болса, реновация жұмысы сол жерде тұралап қалады. Көп жағдайда қарсы болғандар үйінің құнын нарықтық бағасынан бірнеше есе жоғарылатады. Мұны мемлекеттік деңгейде реттейтін арнайы жүйе керек, – дейді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков.

Міне, осылайша Қазақстандағы апатты үйлердің мәселесі шешіле бастаудың орнына, кері үрдіс алып, күрделеніп жатыр. Өмір сүру сапасының маңызды бөлігі саналатын баспана жайын қазірден реттемесе, жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салғанымызға қарамастан, жағдай күрделене беруі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу