Өмірзақ Шөкеев Арысқа қатысты жаңа шешім қабылдады

2765

Оңтүстік Сақ елі атануға құлшынуда. 

Өмірзақ Шөкеев Арысқа қатысты жаңа шешім қабылдады

Өткен жылы әскери қоймадағы алапат жарылыстан бейбіт күнде жермен-жексен болған Арыс қаласын мемлекет бизнес және қарапайым халықпен бірге тез арада жаңадан тұрғызып шыққан болатын. Шаһар адам танымастай өзгерді. Облыс басшылығы қайтадан бой көтерген қаланың көшелеріне жаңа атау беру туралы шешім қабылдапты.

"Түркістан облысының Арыс қаласындағы шағын аудандарды қайта атау және атауы жоқ көшелерге атау беру туралы" аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеевтің, облыстық мәслихат сессиясының төрағасы Мұрат Мейірмановтың және Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің бірлескен шешімі қоғамдық талқылауға шығарылды.

Аты айтып тұрғандай, құжат Арыс көшелерін және шағын аудандарын қайта атайды. Бұл ретте жарылыстан жайраған қалада жаңа тұрғын үйлер мен бизнес нысандары бой көтерген 52 көшенің барлығы енді "атауы жоқ көше" деп танылды.

Нәтижесінде, Қазақстанда сақ бабаларымыздың есімі тағы бір қалада ұлықталатын болады. Арыста "Сақ елі" атты жаңа көше ашылады деп жоспарлануда.

"Бір қызығы, тәуелсіздік алғаннан бері оңтүстік өңір осы атауды белсенді игеруге тырысуда. Атап айтқанда, бұдан бұрын, 2010 жылғы 23 желтоқсанда Шымкент әкімдігі мен қалалық мәслихат Шымқаланың Еңбекші ауданындағы Мирас шағын ауданының көшесіне "Сақ елі" деп атау бергенін білерсіз. Азия мен Еуропа континенттерін ен жайлаған сақ бабаларымыздың есімі – барша қазақстандық мақтан тұтар ортақ мұра. Ол түгіл қазіргі кезде Германия, Шотландия, Дания, Украина және басқа да елдер өз тұқымдарының сақтарға қатысы барын зерделеуде. Демек, "Сақ елі" атауын тек оңтүстіктің "жекешелендіруі" жөнсіз болар, ондай көшелер еліміздің барлық қалаларында пайда болса, орынды", – дейді тарихшы Сағындық Барлыбаев.

Ол Шымкентте "Ғұн елі" деген көше барын да еске салды.

Сонымен Арыс көшелері енді жаңаша былай аталмақ:

1) Сақ елі көшесі. 2) "Атамекен" көшесі; 3) Алаш көшесі; 4) Бекзат көшесі; 5) Ынталы көше; 6) Зерделі көше; 7) Көрнекті көше; 8) Талапты көше; 9) Берекелі көше; 10) Арайлы көше; 11) Ғажайып көше; 12) Шиелі көше; 13) Баққоныс көшесі; 14) Атамұра көшесі; 15) Алматы көшесі; 16) Тұлпар көшесі; 17) Тәуелсіздік көшесі; 18) Қыран көшесі; 19) Ұлағат көшесі; 20) Арай көшесі; 21) Елнұры көшесі; 22) Алмалы көшесі; 23) Болашақ көшесі; 24) Алтын дала көшесі; 25) Күншуақ көшесі; 26) Қарақат көшесі; 27) Ақжелкен көшесі; 28) Туражол көшесі; 29) Құмжиек көшесі; 30) Ұлан көшесі; 31) Телемұнара көшесі; 32) Арасан көшесі; 33) Қызғалдақ көшесі; 34) Ақарыс көшесі; 35) Таңнұры көшесі; 36) Атақоныс көшесі; 37) Ақжайлау көшесі; 38) Ардагер көшесі; 39) Достық көшесі; 40) Ақөзек көшесі; 41) Жаңақоныс көшесі; 42) Алтын бесік көшесі; 43) Ақдала көшесі; 44) Нұрсәт көшесі; 45) Аманат көшесі. 46) Арғымақ көшесі; 47) Ақжол көшесі; 48) Аңсар көшесі; 49) Ақиық көшесі; 50) Телқоңыр көшесі; 51) Наурыз көшесі; 52) Шашу көшесі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз блогында ұсынған дерекке сәйкес, Түркістан облысы 2018 жылғы 19 маусымда құрылды. Бұған дейін оның орнында тарихын сонау 1932 жылғы 10 маурыздан бастаған Оңтүстік Қазақстан облысы болды.

Түркістан облысының жалпы ауданы 116,1 мың шаршы шақырымды құрайды, бұл бүкіл Қазақстан жерінің 4,3%-ы.

Облыс халқының саны биыл 2 миллион адамнан асты, яғни қазақстандықтардың жалпы санының 11 пайыздайы. Осылайша, Түркістан облысы – тұрғындарының саны бойынша елде бірінші орында тұрған Алматы облысынан кейінгі ең ірі өңір саналады.

Өңірде облыстық маңыздағы 3 қала бар, бұлар – V–VI ғасырларда іргесін қалаған ең ежелгі қалалардың бірі Түркістан, сондай-ақ "құрдас" Арыс (1956 жылғы) және Кентау (1955 жылғы). Облыс 13 ауданнан құралған: Бәйдібек, Жетісай, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш және Созақ.

Бұдан бөлек, онда 4 шағын қала орналасқан, бұлар – Сарыағаш, Леңгір, Шардара және Жетісай. Түркістан облысы 836 елді мекеннен, 177 кент пен ауылдық округтен тұрады.

Ал Арыс қаласы 1956 жылы құрылды. Тұрғындарының саны 80 мыңдай. Жалпы ауданы 7 мың 654 шаршы шақырымға созылып жатыр. Демек, Арыс қаласы Гонконг, Сингапур, Бруней, Мальдивы, Монако, Ватикан, Лихтенштейн, Сейшелы, Доминика, Сан-Марино, Андорра секілді әлемдегі аумағы шағын 54 мемлекеттен үлкен.

Ол 6 ауылдық округтен, 32 елдімекеннен тұрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу