Он карта оң карта бола ала ма

2813

Биыл 65 субсидияның 11-і тиімсіз деп танылып, 40 субсидияның өлшемшарты өзгерді.

Он карта оң карта бола ала ма

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әр сала бойынша карта жасап шыққаны белгілі. Ол карталар қалай жүзеге асып жатыр? Осы және өзге де сауалдарға сала министрлігі өкілдерімен өткен кездесуде жауап алдық. Сонымен...

Кооператив кепілден құтқарады
"Министрлік жасап шыққан он картаның бірі – ауыл шаруашылығы кооперациясын құру картасы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал аграрлық қайта өңдеу картасы биыл шілдеде мақұлданды. Бұдан бөлек  8 карта үкімет отырысында қолдауға ие болды", – дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов. Оның айтуынша,  бұл құжаттар "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында, өңірлерде салалық қауымдастықтар мен одақтар,  агробизнес және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен талқыланып, пысықталған. Алғашқы нәтижелер жаман емес.  

Мәселен,  56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықты қамтыған 770 кооператив құрылды. Мал шаруашылығы өнімі өндірісін 3,3 %-ға, ет өндіруді 5,7%-ға, сүт өндіруді 2,8%-ға ұлғайтуға қол жеткізілді.  Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер ретінде қайта тіркеліп, 5968 бордақылау алаңы құрылды. Аталған бордақылау алаңдарының қуаттылығы – 102,5 мың басты құрайды.
44 мың тоннадан астам сүт және 13 мың тонна ет дайындалды. Бұдан басқа 1 мың тонна құс еті, 3,6 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері, 19 мың тонна бал және 30 тонна ешкі сүті дайындалды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, кооперативке бірігудің пайдасына бір мысал – осы дейді министрлік өкілдері. (Мұның барлығы биылғы қазан айына дейінгі деректер – автор).

"Біз ешкімді кооперацияға бірігуге күштемейміз. Тек айтарымыз, кооперативке біріксе, мол мүмкіндікке қол жеткізеді. Бір мысал, екінші деңгейлі банктерден несие алу жеңілдейді. Себебі жеке қосалқы қожалықтар екінші деңгейлі банктер несие бермейді. Кепілге қояр мүліктен де мәселе туады. Ал кооперативке біріксе, несиенің 50%-на кепілді мемлекет береді. Мәселен, сіз 10 млн теңге несие алсаңыз, соның 5 млн теңгесіне мемлекет кепіл болады. Ал сіз қалған 5 млн теңгеге кепіл тапсаңыз болғаны. Ал егер  кооператив стартап жобаны қолға алса, сол жобаны жүзеге асыру үшін алатын несиенің 80%-на мемлекет кепіл болады. Мұндай мүмкіндікке ие болу үшін кооперативке кіру керек", – дейді АШМ вице-министрі Нұржан Әлтаев.

Инвестициялық субсидия зауыттарға беріледі
Министрліктің баспасөз қызметі берген дерекке сүйенсек, бүгіндері еліміздегі ауыл шаруашылығы техникалары тозып тұр – қолдану мерзімі 17 жылдан асады. Мысалы тракторлардың 20%-ы жұмыс істемейді, ал 26%-ын есептен шығарудан басқа жол жоқ. Комбайндарға қатысты да осыны айтуға болады. Бұл мәселені шешу тетігі техникалық қайта жарақтандыру картасында нақты көрсетілген. АШМ қуатты комбайндар мен тракторлар импортын алмастыруға өндірісіміздің әлі де болса қауқарсыз екенін мойындап отыр. Десе де бұл мәселе шешілмейді дегенді білдірмейді дейді олар.

"Отандық өндірістің топырақ өңдейтін және азық дайындайтын техникалар арқылы импорт бойынша жағдайды өзгертуге болады деп санаймыз.  Осы мақсатта отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау тетігін өзгертеміз, яғни  бұдан кейін инвестициялық субсидия ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге емес, оған техника жасап беретін зауытқа беріледі. Бұл ретте зауыт түпкілікті алушыға субсидия көлемінде жеңілдік жасай отырып, техника береді", – дейді Рүстем Құрманов.

Сонымен бірге машина бөлшектерін әкелу және ауыл шаруашылығы техникасын өткізу кезінде отандық зауыттар үшін қосымша құн салығынан жеңілдік көзделеді. Бұл шара әлемнің жетекші ауыл шаруашылығы техникасы зауыттарын Қазақстанда ашуға ынталандырады деген үміт бар. Сол арқылы ауыл шаруашылығы машинасын жасау өндірісі 2,5 есеге артады, ал импорт үлесі 72-ден 45%-ға дейін төмендейді деген болжам бар.

Қой шаруашылығына қызығушылар көбейді
1991 жылы 36 млн қой басымен әлемдегі ең ірі қой етін импорттаушылардың бірі болған Қазақстанда бүгіндері қой басы 20 миллионға жете алмай жатыр. Қолдағы дерек  бойынша, соңғы  5 жыл бойы мал басы 15 млн шамасында сақталып тұр. Бұған қой басының жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырлануы мен  жайылымдардың жоқтығы себеп көрінеді. Ал қой жүнін өңдейтін кәсіпорындар небәрі 12,7%-ға ғана жүктелген.  Осыған байланысты мал шаруашылығы Картасында қой шаруашылығын дамыту, қызмет көрсету және сатып алу орталықтарын құру, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа зауыттар салу қарастырылды. 2021 жылға қарай кемінде 7,5 млн гектар босалқы жерді 2531 шалғайдағы учаске құрып суландыру жоспары бар, бұл қой санын 18,3 млн басқа арттыруға мүмкіндік береді. Қой жүнін қырқып, буып-түюмен айналысатын сервистік дайындау орталықтары құрылады. Жұмыс істеп тұрған 2 кәсіпорынды жаңғыртып, жүннің барлық түрін қайта өңдеуге, оның ішінде қарашірік және шайыр түріндегі жанама өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолдана отырып 1 зауыт салу жоспарланып отыр. Осылайша қайта өңделген жүн көлемі 8,8 есеге, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 80%-ға артады екен. Бұдан басқа, ұсақ малдың терісін қайта өңдейтін кәсіпорындар қуатын 50% дейін арттырмақ. Мұның  барлығы не үшін керек? Себебі соңғы уақытта қой шаруашылығымен айналысуға деген қызығушылық артқан.

"Бұған дейін құрылыс пен мұнай саласында жүрген кәсіпкерлер қой шаруашылығымен айналыса бастады. Осыдан екі-үш жыл бұрын қой шаруашылығымен айналысушылар аз болатын. Өйткені қой етінің бағасы төмен, салған қаржы ақталмайтын. Ал бүгіндері қой етіне Бахрейннен, Ираннан сұраныс артып тұр, бағасы да жоғары", – дейді вице-министр Нұржан Әлтаев.

Оның сөзіне қарағанда, осы айдың соңында шетел нарығына ауыл шаруашылық азық-түлік өнімдерін экспорттаудың картасын жасап, аяқтау жоспарланыпты.

"Біз қазір ішкі нарықта да, шетелге шығаруда да рұқсаттама құжаттарына қатысты бюрократиялық кедергілердің көптігін көріп отырмыз. Сол кедергілерді жойып, экспорт көлемін арттыруымыз керек. Ол үшін логистиканы дамыту да маңызды. Осы мақсатта  ауыл шаруашылық министрлігінде азық-түлік өнімдерін экспорттау бойынша кеңес құрып жатырмыз. Бұл кеңестің құрамына "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы, инвестиция және даму министрлігі, сыртқы істер министрлігі өкілдері, экспортерлер, салалық қауымдастықтар кіреді", – деді Нұржан Бауыржанұлы.   

Көтерме – тарату орталықтары құрылады
АШМ ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерін өндірушілерді бір азаптан құтқарғалы отыр. Бұдан былай олар азық-түлікті өндірсе болды, қалған шаруаны – яғни өнімнің тұтынушыға жетуін көтерме-тарату орталықтары атқарады.

"Қазіргі уақытта азық-түлік тауарларын өндірушілерден тұтынушыға жеткізу стихиялы режимде жүзеге асады. Мысалы жеміс-көкөніс өнімдерін делдалдар фермерлерден және жеке қосалқы шаруашылықтардан тікелей сатып алады. Ет өнімдері нарығында да осы жағдай, онда көптеген ұсақ тауар өндірушілер өздігінен санитариялық талаптарды сақтамастан малды сойып, көтерме саудада өткізу үшін етті базарға тасымалдайды. Сауданың бұл форматы алыпсатарлар кесірінен бағаның өсуіне ықпал етеді.
Бұл жағдайды өзгерту үшін әр облыс орталығында көтерме – тарату орталықтарының желісін ашу көзделіп отыр", – дейді Нұржан Әлтаев.

Иә, мұндай тәжірибе көптеген елде бар, мәселен  Францияда "Ранжис", Испанияда "Меркаса", Польшада "Бронише" көтерме-тарату орталығы жұмыс істейді.  Мұндай орталықтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылады. 

Субсидия саны азайды
Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау саласында да өзгеріс бар. Мәселен биыл 65 субсидияның 11-і тиімсіз деп алынып тасталды. Ал 40 субсидия түрінің өлшемшарттары өзгертілді, 14 субсидия ғана өзгеріссіз қалды. Бұдан жыл сайын 25 млрд теңге үнемделмек. Кей субсидия түрі қайтарылатын несиелермен алмастырылған. Ол несиенің пайыздық ставкасы төмен болатын көрінеді. Бұған қарап, шаруашылықтар субсидиядан қағылды деуге негіз жоқ. Себебі бұрын субсидияны 175 бордақылау шаруашылығы алса, бүгінде олардың саны 522-ге жеткен. Сүт бойынша шаруашылықтарды субсидиямен қамту 2 есе артса, құс еті бойынша мемлекеттік қолдаумен қамтылғандар саны 100%-ға жетті. Мұның бәрі сол бұрынғы қаражат шеңберінде, яғни бастапқы бюджет шығындарын ұлғайтпастан жүзеге асырылды және негізінен ұсақ шаруашылықтар қамтылған.

Министрлік дерегіне сүйенсек, соңғы жылдары астық сапасының төмендеуінен элиталық тұқым үлесі төмендеп барады. Бұған  2015 жылы элиталық тұқымдарды субсидиялаудың тоқтатылуы себеп болған еді. Тұқым шаруашылығын қолдау шарасы арқасында олқылықтың орны толды деуге болады – биылғы астық түсімінің сапасы өткен жылдың өніміне қарағанда, бірнеше есеге артқан. Енді бұдан былай айналым мерзімі 10 жылдан асқан сортты субсидиялауға жол берілмейді. Бұл өз кезегінде жыл сайын 3-4 млрд теңге үнемдейді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге отандық тұқым болмаған жағдайда импорттық тұқымдарды 70%-ға дейін пайдалануға мүмкіндік берілді. Үшіншіден, тұқым шаруашылығы техникасына арналған инвестициялық субсидиялар нормативі 25-тен 50%-ға, ал субсидияланатын техникалар тізбесі 8-ден 22-ге дейін көбейеді. Тұқым шаруашылығы картасында тауарлы егістерге 1 репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу ұсынылып отыр. Осылайша 2021 жылға дейін элиталық тұқым егу үлесін қазіргі 6 пайыздан 12 пайызға көтеріледі.

7 мың жұмыс орны ашылады
АШМ жасаған аграрлық қайта өңдеу картасы шеңберінде еліміздегі қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың деректер базасы жасақталғанын айту маңызды. Бұл база кәсіпорынның ағымдағы жағдайын бағалауды, оның қуатын, өнім номенклатурасын, сондай-ақ дамуды тежейтін проблемаларын қамтиды. Яғни базадағы кәсіпорындар туралы нақты ақпарат сонда жинақталған. Сол базадағы импорт үлесі жоғары, даму көрсеткіші төмен 435 кәсіпорынға қатысты қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалып отыр.  Бұл – сүтті, етті, теріні және жүнді, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс және көкөністі, қант қызылшасын және картопты қайта өңдеу, олар бойынша аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарын орналастыру әзірленді. Енді аталған картаға сәйкес 79 жаңа зауыт салынып, 80 зауыт жаңғыртылмақ. Бұл  жұмыстарға қажетті қаражат қаржы институттарының несиесі арқылы жүзеге асырылады. Осылайша өңделетін өнімдердің жалпы өндірісі 1,9-дан 3 трлн теңгеге  көбейіп, 7 мың жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде бюджетке 171 млрд теңге салық құйылады екен.

Агрохимия картасы шеңберінде топырақтың агрохимиялық жағдайын ескере отырып, субсидияланатын қажетті тыңайтқыштардың нақты тізімі жасалады, сұранысы төмен тыңайтқыштар тізімнен алынады. Бұл субсидияларды 1 млрд теңгеге дейін босатады.  

Соңғы 25 жылда егістік алаңы 10,6 млн гектарға азайған. Енді мал шаруашылығы өсіміне байланысты егістікті ұлғайту картасы  аясында   егістіктің 1,9 млн гектары айналымға енгізіледі. Бұл жерлер бірінші кезекте азықтық дақылдар мен басқа да сұранысқа ие дақылдарды (майлы дақылдар, жасымық) өндіру үшін пайдаланылмақ.

6,2 млн гектар жер өңдеусіз қалған
Өсімдіктерді қорғау картасын әзірлеу барысында арамшөптер бойынша 4,7 млн гектар, ал зиянкестер мен аурулар бойынша 1,5 млн гектар өңделмегені анықталған, осының бәрі 1 млн тонна жалпы өнім ысырабына әкеліп соқтырады екен. Тағы бір мәселе: егістіктің зиянкестері мен ауруларымен күресуге бюджеттен бөлінетін 2,2 млрд теңгенің 700 млн теңгесі ғана пестицидтерді сатып алуға жұмсалады екен, ал қалған 1,5 млрд теңге көрсетілетін қызметтерді (сақтау, тасымалдау, және химиялық өңдеу) сатып алуға жұмсалатыны анықталған. Бұл тек 1,9 млн гектар алаңды өңдеу үшін ғана жеткілікті болып шықты. Мұндай жағдай гербицидтерді субсидиялау барысында да қалыптасып отыр. Осыған байланысты, 2018 жылдан бастап бұл бағытта да жаңаша жұмыс қолға алынады. 

Азық өндірісі картасы шеңберінде қатты жемшөп базасын құру үшін өсімдік өнімділігін арттыру жылдық және көпжылдық шөптерді, сүрлемді егістіктерді, агроөнеркәсіптік компаниялар арқылы бюджеттік несиелендіруді қоспағанда, егілген көпжылдық шөптерді жаңартып, тиімді және өңірлік дақылдар мен сорттарды субсидиялау есебінен қарастыру, құрамажем өндіруге арналған жемшөп пен компоненттерді сатып алу үшін "Азық-түлік келісімшарт корпорциясы" АҚ-ға бюджеттік несие беру ұсынылады. Бұл  мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерінің өндірісін 15-20 %-ға ұлғайтуға және ауыл тұрғындарының табысын 210 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік береді деген жоспар бар.

Қай картаны да жүзеге асыру үшін де ғылыми негіз, білікті кадр қажет. Ал бұл мәселенің барлығы аграрлы ғылымды жаңғырту картасында қарастырылған. АШМ вице-министрлері таныстырған он картаға оң көзбен қарау керек пе, жоқ па, оны нәтижесін көргенде айтармыз.

Тұмар Мырза

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться