Өңдеуші өнеркәсіп одағы құрылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5015

"Атамекен" КҰП-тың былтырғы съезінде көтерілген бастама биыл жүзеге асты.

Өңдеуші өнеркәсіп одағы құрылды

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының былтыр ұйымдастырылған съезінде салалық бірлестіктерді біріктіру туралы бастама көтерілген болатын. Палатаның бұл идеясы биыл жүзеге асып отыр. Бұған осыдан бір айдай уақыт бұрын өз жұмысын бастаған өңдеуші өнеркәсіп одағы дәлел.

Одақ құрамына ұлттық палатада аккредитациядан өткен 6 салалық қауымдастық еніп отыр. Олар – ҚР жиһаз және ағаш өңдеу кәсіпорындарының қауымдастығы, ҚР жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағы, Қазақстанның фармацевтикалық және медициналық өнім өндірушілер қауымдастығы, Қазақстан лифтшілер одағы, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы, сондай-ақ, қант, азық-түлік және өңдеуші өнеркәсіптердің қазақстандық қауымдастығы. Бұдан бөлек, одақ құрамына "Alageum Electric" АҚ холдингтік компаниясы және Алматы желдеткіш зауыты кіріп отыр.     

Өңдеуші өнеркәсіп одағының басқарма төрағасы Марат Баққұловтың айтуынша, қауымдастықтар әртүрлі саланы қамтыса да, олардың мәселелері ортақ. Одақ Қазақстанның шикізаттық емес секторындағы кәсіпорындардың мүддесін қорғайтын болады.  

Одақ жоғарыда аталған қауымдастықтарға мүше 243 кәсіпорынның басын біріктіріп отыр. Кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалпы саны 20,5 мыңнан асады. Соңғы бес жылда аталған кәсіпорындар 100 млрд теңгеден астам салық төлеген.  

"Өңдеу саласы – ел өнеркәсібінің негізгі қозғаушы күші. Бүгінде Еуроазиялық экономикалық одақ елдері арасында Қазақстан өңдеу өнеркәсібі бойынша 2010 жылдан бастап оң динамика көрсетіп келеді. Өңдеу өнеркәсібін жаңғырту қажет. Ол үшін жаңа технологиялар мен қаржы көздеріне қол жеткізу мәселесін шешу керек. Бұдан бөлек, ішкі және экспорттық нарыққа дайын өнімді өткізудің барлық кедергілерін жою қажет. Дәл осындай қажеттіліктерден соң арнайы одақ құру туралы шешімге келдік", – деді Марат Баққұлов.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімовтің сөзінше, өңдеуші өнеркәсіп одағы дәл осы салада жұмыс істейтін компанияларды қолдауға әзір.

"Біздің мақсатымыз – алға қойған мақсаттарға бірлесе жету, сондай-ақ  мемлекеттік мекемелермен және ұлттық дамыту институттарымен сындарлы сұхбат орнату. Одақ мүшелері қазірдің өзінде-ақ мемлекеттік сатып алуларды жүргізу, табиғи монополияларды реттеу және мемлекеттік қорғаныс саласының тапсырыстары секілді заң жобаларын әзірлеуге белсене қатысуда", – деді Қуаныш Бишімов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу