Өндіріс орындарының диверсификациясы ақсап тұр

4177

Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары қорғаныс министрлігінің қас-қабағына қарап отыр. 

Өндіріс орындарының диверсификациясы ақсап тұр

Ақ Жайық өңіріндегі машина жасау саласында қызмет көрсететін кәсіпорындар мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Қазір олар "кісідегінің кілті аспанда" екенін сезініп, ҚР қорғаныс министрлігіне қол жайып жүр.  

Еліміздегі кеме құрастыру саласының көшбасшысы саналатын "Орал "Зенит" зауыты" АҚ-ның жағдайы мәз емес. Себебі кәсіпорын ҚР қорғаныс министрлігінің тапсырысын орындайды. Ал министрліктен жөнді тапсырыс түспейді.

Зауыт директорының орынбасары Богдан Хомконың айтуынша, қазір мұнда "Барыс" деп аталатын кеме құрастырылып жатыр. Алайда қаржыландыру мәселесі тиісінше болмай тұр.

"Бастаған жобамызды аяқтайтын түріміз жоқ. Барлығына қаржы қолбайлау. Бұл туралы жергілікті жерде, Астанада өткен жиындарда талай айттық. Алайда бізге ешкім қараспады, мәселемізді шешпеді", – деді ол.

"Орал "Зенит" зауыты" АҚ-ның дәл қасында орналасқан "Гидроприбор" ҒЗИ" АҚ-да жыларман жағдайды бастан кешіріп жатыр. Кеңес заманында түрлі мақсатқа арналған су асты құрылғыларын өндірген кәсіпорын тәуелсіздік таңы атқан соң шағын кеме шығара бастады. Бүгінге дейін мұнда 30-ға жуық шағын кеме жасалды.

"Гирдоприбор" ҒЗИ" АҚ бас директорының орынбасары Александр Мираненконың мәлімдеуінше, кәсіпорын мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бірінші кезеңіне қатысқан, екіншісіне қатыса алмаған.

"Күнімізді әрең көріп отырмыз. Алдағы уақытта жағдайымыз қалай болатыны белгісіз, тапсырыс жоқ", – деді бас директордың орынбасары.

Айта кетейік, бүгінгі таңда "Оралагромаш" жөндеу зауыты" АҚ-да "шықпа, жаным, шықпа" дегеннің күйін кешіп отыр.

Облыстағы жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың қиын жағдайы үкіметте қайта-қайта қаралса да, оң өзгеріс болған жоқ. Осыған тоқталған БҚО әкімі Алтай Көлгінов өндіріс орындарын диверсификациялау бағытында жұмыс  атқарылып жатқанын мәлімдеді.  

"Үкіметте облыстағы өндіріс орындарының түйткілді мәселелеріне қатысты бірнеше кеңес өтті. Үкімет басшысы министрліктерге, орталық мемлекеттік құрылымдарға және облыс әкімдігіне нақты тапсырма берді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен "Орал "Зенит" зауытында, "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясында", "Гидроприбор", "Омега", "Конденсат" зауыттарында бірнеше жиналыс өтті. Нәтижесінде аталған кәсіпорындардың бірқатары мемлекеттік тапсырыс алатын болды. Алдағы уақытта "Орал "Зенит" зауыты" АҚ қорғаныс саласына катер шығарады"– деді Алтай Көлгінов.

Оның сөзінше, алдағы уақытта "Қарашығанақ" кен орны жобасын кеңейтудің екінші кезеңі басталады.

"Қашағанда, Теңіз кенішінде жұмыс көп. Бұл жерлерге қажетті азаматтық өнімдерді "Орал "Зенит" зауыты" АҚ-да шығаруға болады. Қорғаныс министрлігі "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясына" да міндеттеме жүктеп отыр. Бұл жерде газ жабдығы өндіріледі. Осыған қатысты жұмыс жоспары түзілді. "Гидроприбор" ҒЗИ-да жақсы кадрлық құрам қалыптасқан, біз оларды жоғалтып алмау бағытында әрекеттеніп жатырмыз", – деді БҚО әкімі.

Алтай Көлгіновтың мәлімдеуінше,  "Омега" зауыты бұрынғыдай өнім шығармайды, себебі бұрынғы қуаты жоқ.

"Омегада" 1997 жылдан бері 35 мың шаршы метр ғимарат бос тұр. Болашақта  онда жеке инвестиция есебінен жаңа өндіріс орны ашылады. Бұрын зауыт майлы трансформатор шығарды, ал жаңа өндіріс орны нарықта сұранысқа ие болып отырған құрғақ трансформатор өндіреді", – деп қорытты сөзін Алтай Көлгінов.

Сәкен Мұратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу