Өңірлер қай саладан кенже қалып жатқаны мәлім болды

290

Былтыр Қазақстан экономикасына байланысты өте серпінді сандар көзге шалынды.   

Өңірлер қай саладан кенже қалып жатқаны мәлім болды Фото: ЖИ

Дәлірек айтсақ, 2025 жылы еліміз шетелдерге 12,8 млрд долларға қызмет сатып, тарихи рекорд орнатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Яғни, қазақстандық компаниялар, жеке тұлғалар мен түрлі саладағы қызметкерлер осынша бағаға жұмыс атқарған. 

Бір қарағанда бәрі керемет секілді, бұл табыстың басым бөлігі ел игілігіне жарайтыны анық, әйтсе де тақырыптың бұлыңғыр тұсы да бар болып шықты. Шетелдерге 12,8 млрд доллардың қызметін сатқанымызбен, 14 млрд долларға өзге мемлекеттердің қызметін тұтыныппыз. Рекорд жаңарғанымен, баланс жоқ, әлі теңсіздік бар, әрі ол теңсіздік Қазақстан тарапына минусына қарай ауып тұр. 

Бұл тұста "бұрынғымен салыстырғанда алға ілгерілеушілік бар ма?" деген сұрақ туындайды. 20 жылдан астам уақыт бұрын, 2005 жылы еліміз 2,1 млрд доллардың қызметін экспорттап (2025 жылғы көрсеткіштен 6 есе аз), 7,5 млрд доллардың қызметін сатып алған (былтырғыдан 2 есеге жуық көп). Осылайша, тасымал, туризм, білім беру, емдеу, қаржы және цифрлық қызметтердің игілігін көре бастадық. Дегенмен қызмет экспортының басты тірегі – көлік саласы. 2025 жылы Қазақстан шетелдік клиенттерге 5,7 млрд доллардың тасымалдау қызметін көрсеткен. Бұл барлық қызмет экспортының 44,8 пайызына тең. Соның 4,5 млрд доллары жүк тасымалына тиесілі. Демек, рекордтық көрсеткіштің едәуір бөлігі Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік орналасуына байланысты қалыптасқан.

Екінші ірі бағыт – шетелдіктердің Қазақстанда жұмсаған қаражаты. Халықаралық статистикада ол "сапарлар" санатына енгізіледі. Бұған туристердің ғана емес, елге оқуға, емделуге немесе туыстарын аралауға келген азаматтардың шығыны да кіреді. Оның үлесі 2,9 млрд доллар. Бірақ шетелге шыққан отандастарымыз бұл көрсеткіштен асырып, 3,8 млрд доллар қаржы жұмсаған екен.

"Елге келген шетелдіктердің шығыны артып келеді, бұл – туризм мен ішкі қызмет көрсету нарығы үшін оң белгі. Бірақ қазақстандықтардың шетелдегі шығыны әлі де жоғары. Осы айырманы қысқарту үшін турист санын көбейту ғана жеткіліксіз. Елдегі сервис сапасы, көлік қолжетімділігі және ұсынылатын қызмет түрлері де қатар дамуға тиіс", – деген Ranking.kz сарапшылары.

Қызмет экспортының тағы бір бағыты – телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық қызметтер. Бір жылдың ішінде олардың көлемі 35,6 пайызға өсіп, 1,4 млрд долларға жетті. Ал компьютерлік қызметтер экспорты алғаш рет миллиард долларлық межеден асыпты (1,1 млрд доллар). Көрсеткіш Қазақстанның технологиялық өнімді тұтынушы ғана емес, экспорттаушы елге айнала бастағанын байқатады. Алайда осының 40 пайызға жуығы цифрлық активтер майнингіне тиесілі. Майнингті алып тастағанда компьютерлік қызметтер экспорты 775,1 млн долларға азаяды.

Дегенмен IT-экспорттың тағы бір әлсіз тұсы бар. Қазақстаннан шығарылған компьютерлік қызметтердің 90,3 пайызы, яғни 1 млрд доллары Астана қаласынан шыққан. Алматы бар болғаны 65,8 млн доллардың қызметін экспорттаған. Сонда қалған өңірлер жаңа технологиялар мен инновациялық жобалар бойынша көштен қалып жатқанын анық білінеді. Әрине, елордада Astana Hub стартаптар экожүйесі, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы бар. Алайда табыс бір шаһардың айналасына шоғырлануы қаншалықты заңды? Мамандар да, технология да, инвестициялар да бір қаланың уысында болып, дамушы сала кең ауқымды ала алмайды.

Біз былтырғы көрсеткіштерді айтып мақтанып отырғанымызбен, биылғы деңгей қайта құбыла бастады. Қызмет экспорты 14,1 пайызға өсіп, 3,1 млрд долларға жеткен, әйтсе де жоғарыда сөз еткен телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық қызметтер экспорты 3,4 пайызға кеміді.

Әлемнің 180-нен астам елінің арасында Қазақстанда қызмет экспорты бойынша 69-орынға жайғасқан. Жаһандағы үлесіміз 1 пайызға да татымайды. Сондықтан Орталық Азияның үздігі ретінде танылған еліміз тасымалмен шектелмей, жаңа технологиялардың қызметіне басымдық бергені және бұл саланы аймақтарда дамытқаны жөн секілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу