Онда энергетика министрлігінің өкілі тілшілердің жылу маусымына қатысты сұрағына жауап қатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қысқа дайындық тұрақты жүріп жатыр. Жылу орталықтарының жүйелі оператор бекітетін кестесі бар. Біз 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткіземіз. Қалған барлық құралдар ағымдағы жөндеуден міндетті түрде өтеді. Бүгінгі уақытта 5 энергоблок, 30 қазандық, 18 турбина бойынша жұмыстар жүріп жатыр, ал қалған жартысында жұмыстар аяқталды. Жалпы жылу стансаларын жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес толық көлемде жүзеге асырылып келеді, – деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Сонымен қатар, ол республикалық бюджеттен бөлінген қаржы көлемін айтып, оның да бақылауда екенін ескертті.
– Ал жылу желілеріне келсек, ол жағынан да тиісті кестелер бар. Бірақ олар өңірлік кестелер. Біз мысалы стансаларды республикалық кестемен қарастыратын болсақ, желілерді жөндеу уақыты мен көлемін әр өңір өзі бекітеді. Оны біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бақылау комитетімен бірге қадағалап отырмыз. Олар бірінші кезекте тарифтан бөлінетін қаражаттың есебінен, екінші кезекте Републикалық бюджеттен 2025 жылы 40 миллиардтай қаражат бөлінген, соның есебінен және қосымша жөндеу кезінде анықталған тұстарға Үкімет резервінен бөлінетін тиісті қаражатар есебінен жүзеге асуда. Сондықтан, мұндағы жұмыстар толық бақылауда. Барлық нысан жылумен қамтамасыз етілетін болады, – деді ол.
Бұған дейін "Ұлттық жоба әбден тозығы жеткен салалардың жоқ-жітігін түгендейді" деген тақырыпта көлемді мақала жариялаған едік.