Оңтүстік Қазақстанда жаңғақ бағы пайда болады

7399

1 мың га алқапқа жаңғақ егу үшін Сергей Терещенко облыс басшысынан жер сұрады.  

Оңтүстік Қазақстанда жаңғақ бағы пайда болады Фото: Ақжол Қараспан

Оңтүстік Қазақстан облысының  Сарыағаш,  Қазығұрт аудандарында жалпы аумағы 2500 га-ны құрайтын  жаңғақ бағы ашылады. 

Қазақстанда тұңғыш рет салынғалы отырған бақтың көшеттерін әзірлеуге "Сарыағаш жер сыйы" ЖШС атсалысады. Жуырда аталған серіктестікте  еліміздің бұрынғы премьер-министрі  Сергей Терещенко бастаған  Молдова, Украина елдерінің бір топ ғалым-агрономдары бас қосып, жаңғақ дақылдарын өсірудің тәжірибесін ортаға салды.

"Бүгінде біздің бағымызда жүзім, банан, киви, жаңғақ баулары бар. Қонақтар біздің бауларымыздың болашағы зор екенін айтып отыр. Таяуда Шымкентте өткен жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың  жаңғақ өсіруді қолға алу туралы бастамасын естідім. Бұл құптарлық іс. Өйткені қазіргі таңда жаңғаққа деген үлкен сұраныс бар. Егер біз алдағы жылдары Оңтүстікте жаңғақ бауларының көлемін ұлғайтсақ, көл-көсір пайдаға кенелеміз", - дейді серіктестік директоры Танабай Шынтасов.

Өткен жылдың соңында Шымкентте ұйымдастырылған алқалы жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңғақ өсіру ісін қолға алу қажеттігін тілге тиек етіп, оңтүстік диқандарына жаңғақ өсіруді ұсынды. Облыс әкімнің айтуынша, әлемдік нарықтағы жаңғақтың 70%-ын Түркия мемлекеті өндіреді. Ал орман жаңғағын (фундук) өндіруде түріктер әлем бойынша алдарына қара салдырмайды.

"Оңтүстіктің  топырағы өте құнарлы. Ауа райы да, климаты да  өте жайлы, Түркияға ұқсас. Сондықтан келешекте біз жаңғақ дақылын өсіруді қолға алғалы отырмыз. Бұл дақылды облысымызда өсірудің тетіктерін әбден зерттеп, зерделеп алуымыз қажет", - дейді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы 3 жылда облыста өнімділігі жоғары интенсивті баулардың көлемі 2,1 мың га-ға артыпты. Мәселен, Ордабасы ауданы "Kazakstan Logistic" ЖШС 200 га, Сайрам ауданы "Dala Fruit" ЖШС 120 га, Қазығұрт ауданы "Амангелді" ЖШС 500 га, Мақтарал ауданы "Арсенал Сад" ЖШС 100 га-ға интенсивті бау отырғызған.

Облыс әкімінің  жаңғақ өсіру туралы бастамасын  Сергей Терещенко бірден қолдады. Себебі ол жергілікті биліктен Сарыағаш ауданынан 1 мың га егіс алқабын сұраған екен.  

"Қазіргі таңда жаңғаққа деген әлемдік нарықтағы сұраныстың басым көпшілігін Түркия, Украина, Молдова елдері өтеп келеді. Осы жайттарды ескере отырып, мен биыл 1 мың гектарға жаңғақ егуді қолға алғалы отырмын. Облыс басшысынан жер беруді өтіндім. Егер, сұранысымды қанағаттандырса, іске кірісемін", -  дейді Сергей Терещенко.

Он жылдан бері үйінің ауласына жаңғақ өсірумен айналысып жүрген шымкенттік бағбан  Бахтияр Тутамғалы аталмыш дақылды күтіп-баптау аса қиын емес деп отыр. Оның айтуынша, 200 жыл өмір сүретін грек жаңғағының биіктігі 25-30, ені 1,5-2 метрге дейін жетеді.   

"Біздің базарлардағы жаңғақтардың басым көпшілігі шетелден әкелінеді. Сапасы да әртүрлі. Ал, Қазақстанда жаңғақтың екі түрі кездеседі. Олар: грек жаңғағы және қара жаңғақ. Мәселен, мен көбінесе грек жаңғағын өсіремін. Себебі оның өнімі мол болады. Бұл жаңғақтың қабығы қалың және жұқа болып екіге бөлінеді. Жемісін әбден пісіп жетілгенде жинаймын", - дейді Бахтияр.

Агросарапшылардың мәліметіне сүйенсек,  Еуропа елдерінде қазірдің өзінде грек жаңғағының тапшылығы 180 мың тоннадан асады. Егер, жоғарыда аталған  жобалар іске асса, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстанда жаңғақ  өндіру мен экспорттауда көшбасыға айналуы бек  мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу