Оңтүстік Корея Қазақстан мұнайына қызығып отыр

215

Сеул Таяу Шығыстан жеткізілетін мұнайға тәуелді.

Оңтүстік Корея Қазақстан мұнайына қызығып отыр Фото: ЖИ

Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик мұнай мен нафта жеткізуді қамтамасыз ету мәселесі бойынша Қазақстанға, сондай-ақ Оман және Сауд Арабиясына барады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап. 

Сейсенбі күні таңертең Сеулде өткен баспасөз мәслихатында Кан Хун Сик Таяу Шығыстағы ахуал толық тұрақталғанға дейін балама жеткізу бағыттарын қамтамасыз ету шұғыл міндет екенін айтты. 

"Ел экономикасы Таяу Шығыстан импортталатын мұнай мен нафтаға тәуелді. Салдарынан жеткізілім мен сұраныс арасында белгілі бір қиындықтар байқалып отыр", – деді Кан Хун Сик.

Оның сөзінше, былтыр Оңтүстік Корея мұнай импортының 61%-ын және нафта импортының 54%-ын Ормуз бұғазы арқылы алған. Бүгінгі таңда бұл бағыт іс жүзінде жабық тұр.

Белгілі болғандай, Кан Хун Сик аталған үш елге президенттің арнайы елшісі ретінде бармақ. Онымен бірге құзырлы министрліктің өкілдері мен энергетикалық компаниялардың мамандары да сапарлайды.

"Бұған дейін БАӘ-ге барғанымда жасалған 24 миллион баррель мұнайды жеткізуге қатысты келісім қысқа мерзімде энергетикалық белгісіздікті төмендетуге бағытталған еді. Бұл жолғы сапарда ұзақ мерзімді жеткізілім тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі қаралады", – деді Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу