Елші: Оңтүстік Корея Қазақстанға АЭС салуға көмектесе алады

2350

Қазақстандағы Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок елде атом электр станциясын салу, қос мемлекет арасындағы сауда байланысы, заңсыз мигранттар мәселесі, қазақ пен корей халқы бір-біріне ұқсайтынын, әлемді мойындатқан "Игра в кальмара" сериалынан не түсінгенін inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Елші: Оңтүстік Корея Қазақстанға АЭС салуға көмектесе алады

– Ку Хонг-сок мырза, сұхбатымызды экономика тақырыбынан бастасақ. Қос ел арасындағы экономикалық байланыс қандай деңгейде?

– 2019 жылы Корея Республикасы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд долларға жетті. Бұл рекорд көрсеткіш болып саналады. Алайда 2020 жылы коронавирус пандемиясы салдарынан саладағы көрсеткіш 27%-ға төмендеп, 3,1 млрд доллар болды. Биыл қос мемлекет тауар көлемін арттыруды көздеп отыр. Оңтүстік Корея Қазақстаннан мұнай, уран, ферроқорытпалар сынды энергетикалық ресурстарды импорттайды.

– Қазақстан Корея Республикасынан көбінесе қандай тауарларды сатып алады?

– Оңтүстік Кореядан Қазақстанға импортталатын тауарлар әртүрлі. Өткен жылы көбінесе химиялық жабдықтар, автомобильдер және тағы басқа құралдар сатып алынды. 2021 жылғы қыркүйектегі дерекке сүйенсек, жеңіл көліктер, косметика және құрылысқа қажет ауыр жабдықтар импортталған.

– Жыл соңына дейін қос мемлекет арасындағы тауар айналымының көрсеткіші өсуі мүмкін бе?

– 2021 жылы әлемдегі экономикалық жағдай жақсарып келеді. Биыл қыркүйекте қос ел арасындағы тауар айналымы 2,44 млрд доллар болды. Менің ойымша, жылдың соңында тауар айналымының көрсеткіші өсуі ықтимал.

– Бүгінде Қазақстанда қанша корей компаниясы бар? Олар қандай салаларда жұмыс істейді?

– Қазақстанда барлығы 320 корей компаниясы тіркелген. Оның ішінде Samsung, LG және тағы басқа ірі компаниялармен бірлескен шағын және орта кәсіпорындар бар. Олар сәтті жұмыс істеп жатыр. Осындағы корей компаниялары энергетика, құрылыс, қаржы саласында еңбек етеді. Алматыда жеңіл көлік өндіретін Hyundai зауыты іске қосылған.

Сонымен қатар цифрландыру, 5G, медицина саласында байланыс орнату жоспарланып отыр. Өткен апталарда Шотландияның Глазго қаласында COP26 конференциясы өтті. Онда көміртекті бейтараптық мәселесі қаралды. Корея мен Қазақстан осы салаға қызығушылық танытып отыр.

Ку Хонг-сок мырза, түсіндіріп өтсеңіз, бұл қандай сала?

– Бүгінде Қазақстан атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесін қарастырып жатыр. Егер бұл жоба жүзеге асырылса, аталған салада байланыс орнатамыз деген үміттеміз. Корея Қазақстаннан уранды экспорттайды. Энергетика саласындағы ынтымақтастық жолға қойылған. Сондай-ақ Корея Біріккен Араб Әмірліктерінде атом электр станциясын салып, жобаны сәтті іске қосты. Бүгінде БАӘ-де АЭС жұмыс істеп тұр. Менің ойымша, аталған жоба жүзеге асса, бұл салада да байланыс орнатуға мүмкіндік бар.

Демек Оңтүстік Корея Қазақстанға АЭС салуға көмектесе алады ғой? Сізді дұрыс түсіндім бе?

– Иә, сіз мені дұрыс түсіндіңіз. Қазақстан АЭС салу туралы шешім қабылдап, Оңтүстік Кореядан көмек сұраса, сенімді серіктес, атом энергетикасы саласында білікті мамандары бар ел ретінде Корея үкіметі қолдау көрсете алады.

– Қазақстанда ауылшаруашылығын дамытуға мүмкіндік зор. Осыған байланысты корей кәсіпкерлерінен сізге ұсыныс түсті ме? Мысалы, мал өсіру немесе егін егу бойынша.

– Бұл мәселені Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен еді. Бұл салаға қызығушылық бар. Менің ойымша, ауыл шаруашылығын дәстүрлі форматта дамытпай, жоғары технологияның көмегімен дамыту керек сияқты. Мысалы, жақында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Корей үкіметінің қолдауымен "ақылды жылыжай" ашылды. Онда маусым бойы құлпынай, қызанақ өсіріледі. Бұл жоба сәтті жүзеге асса, оны бизнес саласында да жүзеге асыруға болатын сияқты.

– 2020 жылғы 30 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, Оңтүстік Кореяда 30 мыңға жуық қазақстандық жұмыс істеп жүр екен. Оның 8 900-і заңсыз еңбек етіп жүргендер. Бұл мәселені Корея үкіметі қалай шешпек? Алдағы уақытта қазақстандықтар үшін заң талабы күшеюі мүмкін бе?

– Адамдар арасындағы байланыс – қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың негізі болып саналады. Бұл – өте маңызды. 2014 жылы қос ел арасында визалық талаптарды өзара жою туралы келісімге қол қойылды. Нәтижесінде 2019 жылы 53 мың қазақстандық Кореяға барды. Алайда визасыз режим арқылы көптеген қазақстандық Кореяға барып, онда заңсыз қалып қойды. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2020 жылғы желтоқсанда Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарының саны 11 мыңға жетті. Сондықтан бұл мәселені қос елдің үкіметі бірігіп шешуі тиіс. Бүгінде Корея мен Қазақстан үкіметі 2 жылда бір рет заңсыз мигранттар мәселесін шешу үшін консулдық кеңес өткізеді.

Сондай-ақ Корея үкіметі аталған проблеманы шешу үшін заңсыз жұмысқа орналастыратын брокерлер мен оларды жұмысқа алатындарға қарсы күресті күшейтті. Кореяға заңсыз келгендер өз еркімен елден кете алатындай етіп мүмкіндік жасады.

Менің ойымша, біз заңсыз жұмыс істеп жүргендердің санын азайтып, тиісті шараларды қабылдамасақ, бұл мәселе қос ел арасындағы байланысқа кері әсерін, салқынын тигізуі мүмкін.

– Ку Хонг-сок мырза, сіз Корея елшісі қызметінде бір жылға жуық уақыт болдыңыз. Қазақстан сізге несімен ұнады?

– Мен коронавирус пандемия өршіп тұрған уақытта қызметіме кірістім. Алғашында Сеул мен Нұр-Сұлтан арасында тікелей әуе байланысы болған жоқ. Сондықтан Алматы әуежайы арқылы ұшуға тура келді. Әуежайдың терезесінен Алматының әсем табиғатын көрдім. Кейін Нұр-Сұлтанның дамыған қала екенін көріп таңғалдым. Себебі мен қаланы осыншалықты дамыған деп ойламаған едім.

Сондай-ақ Қазақстандағы Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тайындалған кезде елшіліктегі барлық қызметкер мені құшақ жая қарсы алды. Осы сәтте өзімді Кореяда жүргендей сезіндім.

Тағы бір жағдайға тоқталайын. Елордада отбасыммен бірге қыдырып жүрдім. Осы сәтте жанымызға қазақтар келіп, бізбен корей тілінде сөйлесе бастады. Біз оған таңғалдық.

– Сіз қазақ халқының ұлттық тағамы бесбармақтан дәм татқан шығарсыз? Қазақ пен корей халқының асханасында ұқсастық бар ма?

– Қазақ пен корей халқы етті жақсы көреді. Бұл екі халықтың ұқсастығы деп білемін. Мысалы, корейлер де үйге қонақ келгенде еттен әзірленген тағамдарды алдына қояды, ал қазақтар ет асады. Бұл – қонақты сыйлағанның белгісі ғой. Мен жылқы етін, ірімшік пен сүтті қатты жақсы көремін. Одан басқа сиыр, құс етін жеймін.

Оңтүстіккореялық "Игра в кальмара" сериалы әлемді мойындатты десем артық айтпаған шығармын. Сіз сериалды көрдіңіз бе?

– Иә, аталған сериалды демалыс күндері әйелім және 18 жастан асқан ұлыммен бірге көрдім. "Игра в кальмара" ересектерге арналған. Сериалды көруімнің себебіне тоқталайын. Басқа елшілердің жұбайлары әйеліме хабарласып, одан сериалдың түсінбеген жерін сұрап жатты. Кейін осыны көрейінші деп шешім қабылдадым. Ондағы актерлер өз рөлін жақсы ойнаған. Сериалдың жетістікке жетуіне сол да әсер еткен шығар.

– Сіз сериалдан нені түсіндіңіз, қандай қорытынды жасадыңыз. Елші ретінде емес, қарапайым адам ретінде жауап берсеңіз.

– "Игра в кальмара" сериалын көрген кезде балалық шағым есіме түсті. Бала кезімде достарыммен бірге ойнаған ойындарымды есіме алдым. Адамдар арасындағы байланыс өте күрделі ғой. Сондықтан оны бағалай білу қажет. Сіз адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату арқылы мақсатыңызға жете аласыз.

– Бүгінде туристер арасында Оңтүстік Корея өте танымал. Сіздің ойыңызша, Қазақстан туризмін дамыту үшін не істеу керек?

Менің ойымша, Қазақстандағы туризмді дамыту үшін жағдай жасау қажет, яғни туристер өздерін жайлы сезінуі шарт. Қазақстанның табиғаты керемет екенін білемін. Бірақ сіз тек табиғатқа қарап тұра алмайсыз ғой. Сондықтан туристер үшін жайлы орта қалыптыстару, жаңа қызмет түрлерін ұсыну қажет. Бұл салада Қазақстанның мүмкіндігі зор. Қазіргі жастар осы мақсатқа қол жеткізуге көмектесе алады деп ойлаймын, әрі оларға сенемін.

– Ку Хонг-сок мырза, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу