Ли Чжэ Мён бұл туралы Кореяның Жапония отарлауынан азат етілуінің жылдығына арналған шарада мәлімдеді. Президент екі елдің бір-біріне қауіп төндіруге бағытталған ұстанымдарынан бас тартып, соғысты аяқтау мәселесін тікелей тараптар ретінде талқылауға шақырды.
Оның айтуынша, келіссөздер басталса, Солтүстік Кореяның ядролық әлеуетін одан әрі арттыруын тоқтатудың тиімді жолдарын да қарастыруға болады. Алайда Солтүстік Корея бұған дейін өзінің ядролық арсеналынан бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Солтүстік және Оңтүстік Корея 1950-1953 жылдардағы соғыстан кейін ресми түрде бейбіт келісімге келген жоқ. Қақтығыс бітім туралы келісіммен аяқталып, Корей түбегіндегі әскери әрекеттер тоқтаған.
Өткен жылы президенттік қызметке келген Ли Чжэ Мён Пхеньянмен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған саясат ұстанып келеді. Сеул Солтүстік Кореямен алдын ала шарт қоймай келіссөз жүргізуге дайын екенін білдірді.
Шілде айында Оңтүстік Кореяның Бірігу министрі Сеулдің КХДР-дан ядролық қарудан толық бас тартуды талап етуден бас тартып, оның орнына ядролық арсеналдың одан әрі ұлғаюына жол бермеуге күш салатынын айтқан.
Әзірге Солтүстік Корея басшылығы Ли Чжэ Мённың жаңа ұсынысына ресми жауап берген жоқ.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Пхеньянның Сеулмен және Батыс елдерімен қарым-қатынасты жақсартуға қызығушылығы бұрынғыдан төмен болуы мүмкін. Бұған Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы әскери және экономикалық ынтымақтастықтың күшеюі себеп болып отыр.