Оңтүстіктегі шаруалар субсидиядан құралақан қалды

Клара Ларина Клара Ларина
3426

"Атамекен" ОҚО-да субсидиялау саласындағы шенеуніктердің заң бұзу фактілерін қарады.

Оңтүстіктегі шаруалар субсидиядан құралақан қалды

Оңтүстік Қазақстан облысының аймақтық кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Хасан Шәріповтың түсірген шағымы мен ұсынған құжаттарынан белгілі болғандай, ол аумағы 1,954 гектар болатын жылыжай шаруашылығын құрыпты. Оның 0,498 гектарын – 2013 жылы, ал 1,453 гектарын 2014 жылы іске қосқан. ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы шаруаға бақша өнімдерін өндіргені үшін субсидия ретінде тиісті 2,677 миллион теңгенің орнына 1,951 миллион теңге, яғни 100%-дың орнына 72,8%-ын ғана төлеген.

"Қорғалған топырақта бақша өнімдерін өндіруді субсидиялаудың 2017 жылғы 27 қаңтарда бекітілген сызба-нұсқасына сәйкес, 2013 және 2014 жылдары пайдалануға берілген жылыжайлар үшін 2017 жылы төленуге тиіс субсидияның көлемі сәйкесінше 40% және 60% құрайды", – деп түсіндірді ОҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлім басшысы Сәбира Адамбекова. – Аталған жағдайда жергілікті атқарушы органның мемлекеттік қызметшісі субсидияны есептеу барысында 2013 жыл үшін 40%-дық коэффициент бойынша есептеу арқылы қателік жіберген. Осының салдарынан кәсіпкерге 726500 теңге кем төленген".

Төленбей қалған субсидияны төлеу жөнінде ауыл шаруашылығы басқармасының атына жолданған қатынас хаттан еш нәтиже шықпаған. Мекемеден келген ресми жауапқа сәйкес, алғашқы бақшалық айналымның мерзімі (2017 жылдың 1 қаңтары мен 15 маусымы аралығы) аяқталғандықтан, төлеуге мүмкіндік жоқ.

"Дей тұрғанмен ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы субсидияның төленбеуі техникалық қателіктің салдары, яғни мемлекеттік орган қызметшісінің кінәсінен екенін ескермеген, – деп атап өтті Сәбира Адамбекова. – Аталмыш факті жайлы бізге бір ғана кәсіпкерден түскен шағымнан мәлім болды. Ал шын мәнінде олардың қанша екені белгісіз".

Әйтсе де ОҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің осы оқиға жария болған отырысында шенеуніктердің субсидиялау саласындағы өзге де заң бұзушылықтары қаралды.

Атап айтқанда, "Жар" шаруа қожалығының несие бойынша субсидиялау бағдарламасынан, сондай-ақ технологиялық қондырғы және ауыл шаруашылығы техникасының лизингісіне сыйақы мөлшерлемесінің алынып тасталу жайы сөз болды.

Шаруашылық 2015 жылы лизингке трактор мен тығыздаушы теңтайлағыш сатып алған. Ол кезде бағдарламаның операторы "ҚазАгроМаркетинг" АҚ болған. Оператордың қызметі 2016 жылы ауыл шаруашылығы басқармасына (АШБ) беріліп, ол субсидия қаражаттарын бөлу бойынша комиссиялардағы жұмысшы органға айналады.

ӨКП АӨК-тің бөлім басшысы Ернар Әбжан түсіндіріп өткендей, шаруа қожалығы бұрынғысынша лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесіндегі өзінің үлесін уақытында төлей берген. Ал мемлекеттен субсидия төлеуге тиіс ауыл шаруашылығы басқармасы өз міндеттемесін орындамаған, нақтырақ айтқанда комиссия хатшысы ақшаны дер кезінде аудармаған. Шаруа қожалығының мойнында несие қарыз жинақталып, ақырында бағдарламадан қалыс қалған.

Отырысқа қатысқан АШБ өкілі шаруа қожалығы несиені мүлдем төлеген жоқ, шешім шығаруға себеп болған сол деп мәлімдеді. Бұған жауап ретінде ШҚ-ның өзінің сыйақы үлесін дер кезінде өтеп отырғандығын растайтын  "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның ресми хаты оқылды. Ал субсидия есебінен өтелуге тиіс сыйақының үлесі төленген жоқ, делінген сол құжатта.

Ауыл шаруашылығы басқармасы болса, субсидия төлеудегі қандай да бір іркілістер туралы хабарламаған. Сәбира Адамбекованың айтуынша, кесте бойынша төлем түскен күні шотта субсидия болмаған жағдайда кәсіпкер сыйақының толық мөлшерлемесін төлеуге міндетті екені ескертілмеген. "ҚазАгроҚаржы" АҚ филиалы туындаған мәселе туралы хабарлау міндеттеріне жатпайтындығын алға тартты. Осылайша, ӨКП ұққанындай, кәсіпкер мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан зардап шегіп отыр.

ОҚО мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Орынов болса, мемлекеттік органның кінәлілігін және кәсіпкердің адал екенін мақұлдау үшін "ҚазАгроҚаржы" ұсынған жазбаша хат жеткіліксіз көрінеді. Ол үшін қарыз алушының ЕДБ жеке шотының нақты үзінді көшірмесі қажет.

ОҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі төрағасының орынбасары, "Лекс-Сервис" адвокаттық кеңсенің жетекшісі Мелес Сейітжанов жағдайдың анық-қанығына жетіп, шара қолдану үшін материалдарды ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдауды ұсынды.

"Шенеуніктердің әрекетінде қылмыстық сипат бар-жоғын, мәселені сол жақ шешсін, – деді ол. – Егер субсидия салғырттықтан дер кезінде төленбеген болса, онда кінәлі қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын".

Сонымен қатар, дәл осы себеппен, яғни субсидияның уақытылы берілмеуінен, өңірдегі өзге де шаруа қожалықтары жапа шекті. Нақтырақ айтсақ, бір ғана хаттаманың шешімімен "Жар"-дан бөлек, бағдарламадан тағы жеті шаруашылық шеттелді. Олар "Қыдырәлі", "Магамет", "Берікбол", "Өтеміс ата", "Смағұл", "Барлыбай", "Талғат" шаруа қожалықтары.

Осыған байланысты Сәбира Адамбекова субсидиялау жөніндегі комиссия отырысының заңдылығы туралы мәселе көтерді:

"Отырыс бір жақты өтті. Қарыз алушылар шақырылған жоқ. Олардың және "ҚазАгроҚаржының" пікірі ескерілмеді. Төлемнің кеш төленуінің себептері мен басқа да мән-жайлар анықталмай отыр. Оның үстіне комиссияның отырысы жұмыс уақытында өтпегенін ескерген абзал".

Еркебұлан Қыздарбек, Клара Ларина, Шымкент

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу