Оңтүстіктің жері сорланып барады

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
5373

Оңтүстік Қазақстан облысында суармалы жерлер қат. Өйткені, Кеңес үкіметі кезіндегі су дренаждары мен каналдардың тозығы жеткен. Қалыпқа келтіріліп жатқаны некен-саяқ. Мәселен, 2012 жылдан бері суармалы жерлердің көлемін ұлғайту іс-шарасы бойынша 90 мың га жер қайта айналымға қосылыпты.

Оңтүстіктің жері сорланып барады Фото: ucrtoday.ucr.edu

Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қазір өңірде ирригациялық эрозия, яғни, су эрозиясы үлкен шығын келтіріп отыр.

"Қардың еруінен пайда болған эрозияға қарағанда бұл эрозияның шығыны жоғары болады. Мысалы, егістік жерге жайылған су жер бетіне жақын орналасқан жер асты суының деңгейінің көтерілуіне алып келеді. Бұл жағдай топырақтың тұздануына, яғни, тұзды көлдердің пайда болуына алып келеді. Осының нәтижесінде өнімділігі жоғары жердің көлемі қысқарғанын байқауға болады", – дейді облысқа белгілі агроном Мырзабек Иманов.

Осының салдарынан 1990-1999 жылдар аралығында республикадағы ауыл шаруашылығы жерінің ауданы 2 есе қысқарыпты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 223,1 млн гектардан 139 миллионға дейін азайыпты.

Тұздалған жерлердің көлемі жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай облыстарынан кейінгі 4-орынды иеленеді екен. Қазірдің өзінде су эрозиясына ұшыраған жерлердің көлемі облыста 900 гектарға жуықтаған.

"Мақтарал ауданында егістік жерлердің сорлануы белең алып отырғаны жасырын емес. Қазір біз су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіруді қолға алдық. Бұл бізге суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, 2000 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жұмыстары жүргізілген. Сонда 17 мың га суармалы жердің айналымнан шығып қалғаны анықталды", – дейді Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов.

Өңір басшысының айтуынша, "Жол картасы" бағдарламасы аясында 2002 жылы 14 мың га, 2008 жылы 2 мың га, 2013 жылы 1 мың га жер қайта айналымға қосылып, нәтежиесінде 2016 жылы 138,0 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліпті.

Сонымен қатар, мақтааралдық диқандар соңғы үш жылда жерді жаңа әдіспен пайдалануды қолға алыпты. Нақтырақ айтсақ, 29 мың га егістік алқапқа терең қопсыту технологиясы енгізілген. Бұл әдіс суармалы жердің сорлануын мейлінше азайтып, өнімнің артуына сеп болады екен. Тәжірибе жүзінде мақтадан орташа есеппен гектарына 25-26 центнерден өнім алынса, терең қопсыту технологиясын енгізген шаруашылықтар 40-45 центнерден өнім жинапты.

Рас, суармалы жерлерді игеру диқандар үшін арзанға түсіп отырған жоқ. Ол үшін канал қазып, жердің мелиорациялық жағдайын жақсарту қажет. Ал бұл мол қаражатты қажет етеді екен.

"Канал қазу, арық-атызды тазалау жұмыстарына биылдың өзінде 12 млн теңгеден астам қаржы жұмсадық. Бұл – аз қаржы емес. Оның үстіне "Жаңа Ақдала" агрофирмасына қарасты 2700 га егістік жердің тең жартысын арамшөп басып кетті. Сорлану үдерісі біздің егістік алқаптарымызды да айналып өтпеді. Сол себепті алдағы көктемде егінді бұрын игерілмеген 500 гектарға егуді жоспарлап отырмыз", – дейді агрофирма директоры Ербол Әжібеков.

Агрономдардың айтуынша, суармалы жерді күтіп-баптауға кеткен шығын бірнеше жылда өтеледі. Мәселен, мақта егу үшін жұмсалатын қаржы 3 жылда, қант, күріш егуге жұмсалатын шығын 5-7 жылда, ал көкөніс пен мал азықтық егістіктерге жұмсалған қаржы 2-3 жылда өтеледі екен.

Суармалы жердің тағы бір артықшылығы – бір жылда екі рет өнім береді. Тез пісетін астық дақылдарынан кейін, жазда пісетін өнім түрлерін егуге мүмкіндік бар.

"Мәселен, жайылымға жарамайтын шөлді жер суарылса, ол табиғаттың қолайсыз құбылыстарына тәуелсіз, тұрақты әрі мол өнім береді. Яғни, жұмсалған шығын көп ұзамай қайтарылады", – дейді агроном Мырзабек Иманов.

Ғылым тілімен айтқанда, жерді кең көлемді мелиорациялаудың да негізгі шарттары бар екен. Жерді суармай тұрып, бедеріне, топырақтың құрамы мен физикалық қасиеттеріне, төсеніш қабаттары мен жер асты суының құрамы мен тереңдігіне де мән беру қажет. Егер бұл шаралар дұрыс қолға алынбаса, суармалы жерлер тез арада сорланып, батпақтанып кетеді екен.

Оңтүстіктің таулы аумағындағы суармалы жердің баяу сорланады. Себебі, мұндағы жер асты суы тұщы әрі тереңде жатады. Сондықтан, бұл аймақтағы топырақ сұр және қарақоңыр түсті келеді.

Мысалы, "Арыс – Түркістан" каналына сіңген су канал бойымен төмен жатқан жүздеген га жерді сорландырып жібереді. Бұл аймақта жер асты суы да тез көтеріледі екен. Осы үдерістің салдарынан Түркістан маңы мен Отырар ауданына қарасты егістік жерлердің сорлануы үдеп келеді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы сорланған жердің көлемі артқанын растап отыр. Соңғы жылдары өңірде тамшылатып суару әдісі кең көлемде пайдаланылып, жылыжай көлемінің артуына күш салынып отыр.

Міне, осы жағдайларды еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі де ескеріп, суармалы жеріміздің мелиоративтік жағдайын жақсартуға қыруар қаржы бөліп келеді. Соның арқасында оңтүстік өңірде 2012-2016 жылдары суармалы жердің көлемі 90 мың гектарға жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу