"Оператор РОП"-тың сертификаттарының мерзімі ұзартылатын болды

2678

Қозғалған қылмыстық істерге және тапсыру-қабылдап алу рәсімдердің ұзақтығына байланысты "Жасыл даму" АҚ-ға бұрынғы оператордың дүние-мүлкін беру созбалаңға салыныпты.

"Оператор РОП"-тың сертификаттарының мерзімі ұзартылатын болды

"Жасыл даму" неге елді ашуландырды?

Қазақстандықтардың "Оператор РОП" ЖШС-іне деген ащу-ызасы енді мемлекеттік жаңа операторға ауыса бастағандай. Жаңа көлік иелері де, автосалондар да жыл басынан бері утильалым төлеуге арналған сайттың жедел іске қосылмағанына наразы болды.

"Бұл не масқара? "Жасыл дамуда" IT мамандар болмағаны ма? Ондай сайт бірнеше күнде жасалады. Тіпті "Оператор РОП"-тың сайты соның қолына көшті емес пе? Оны 2 күнде қайта құрылымдап шығуға болады. Экология министрі Серікқали Брекешев соңғы рет жаңа сайтты 23 мамырда іске қосуға уәде еткен. Оның алдындағы уәделі мерзімдерін айтпағанның өзінде. "Жасылдамудағылар" министрді жарға жығайын деп тұр. Бәлкім, ондағылар мұны министрдің рұқсатымен созбалаңға салып жатқан болар? Халық ашына бастады. Неге жағдайды ушықтырмай, қарапайым бұқараға мән-жайды түсіндірмейді!", – дейді жаңа көлігі үшін біраздан кәдеге жарату алымын төлей алмай жүрген жүргізуші Қайрат Әлмұқан.

Ол сайт өткен аптада іске қосылғанын елдің бәрі бірдей білмейтін болса керек.

Ал Мейірман есімді жігіт керісінше, төлемді төлепті. Бірақ соны растаттыра алмаған.

"Мен сияқтылар жетерлік. Мен мамыр айында ұсынылған шот бойынша талап етілген утильалымды банк арқылы төледім. Бірақ әлі күнге дейін "Жасыл даму" сайтынан соны растайтын деректі байқай алар емеспін. Телеграм-бот арқылы хат жаздым, жауап болмады. kense@recycle.kz электронды поштасына да хат жолдадым, мыңқ етпеді. Соның кесірінен, автоинспекция қызметкерлері автомобилімнің деректерін көре алмайды, көрмеген соң көлік құралын есепке қоймай отыр. Цифрландыру дегені қайда, неге осы процесті тездетіп автоматтандырмасқа? Әлдебір шенеуніктердің, адами факторлардың кесірінен халық қиналып жатыр", – дейді Мейірман.

Сондай-ақ былтыр ескі көлігін өткізгені үшін "Оператор РОП" берген сертификатты уақытылы пайдалана алмаған азаматтар саны да көп. Оған бірнеше фактор әсер еткен. Біріншіден, Үкіметтің отандық автокөлік өндірісін лайықты ұйымдастыра алмауы, кейбір зауытсымақтардың жабылып тынуы кесірінен автосалондарда "Қазақстанда құрастырылған" деген псевдо-мәртебесі бар көліктерге тапшылық туындады, ұзын кезек қалыптасты. Ал сертификатқа неге екені белгісіз, қазір де тек елде құрастырылған көлікті алуға рұқсат етіледі. Бұрынғы билік осы арқылы халықтың қамын емес, автозауыттардың мүддесін ілгерілеткені жасырын емес.

Екіншіден, карантин шектеулері де автокөлік құрастыру саласына біраз зиян келтірді, шетелден жабдықтары уақытылы жеткізілмеді, автозауыттар кейбір кезде қаңтарылып тұрды. Үшіншіден, "қасіретті қаңтар" оқиғалары және соған бола, еліміздің барлық өңірінде 19 қаңтарға дейін енгізілген төтенше жағдай қазақстандықтарға сертификатын пайдалануға мүмкіндік бермеді. Әрине, халықты қанап келген жекеменшік оператордың жылы орнын басқан квазимемлекеттік компанияның, Үкіметтегі жауапты тұлғалардың шабан тірлігі де бұл сертификаттардың мерзімінің аяқталуына ықпал еткен.

Билік не дейді?

Жұрттың қатаң сынына ден қойса керек, Экология министрлігі "Қазақстанда экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын және олардың құрамдастарын, сондай-ақ техникалық регламенттерде айқындалған экологиялық талаптарға сәйкес келетін өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығаруды ынталандыру қағидаларына" өзгерістер еңгізуге кірісті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешевтің тиісті бұйрығының жобасы әзір.

Оған сәйкес, ел Үкіметі Қазақстан азаматтарына 2021 жылғы 19 қаңтардан 2022 жылғы 18 қаңтарға дейін берілген "жеңілдік сертификаттарының" қолданыс мерзімін 2023 жылғы 18 қаңтарға дейін ұзартатын болды.

Айтқандай, пандемия және карантин шектеулері кесірінен 2020 жылғы сертификатын қажетке жарата алмай, ескі көлігінен де айырылып, жаңасын да сатып ала алмай, зар илеп қалған азаматтар бар. Олар бұл құжаттың игілігін көре алмайды, қамқорлықтан сырт қалғаны анықталып отыр. Бұрынғы жекеменшік оператордың ол мұрасына "Жасыл даму" иелік еткісі келмейді.

"Қазақстан Үкіметі "Жасыл даму" АҚ-ын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы ретінде айқындады. Алайда "Оператор РОП" ЖШС-інен "Жасыл даму" АҚ-ына жеңілдік сертификаттары бойынша міндеттемелерді, сондай-ақ ақшалай қаражат пен өзге де активтерді беру рәсімі ұзақ уақытты алатыны анықталды. Сондай-ақ құзырлы органдар көліктерді және ауыл шаруашылығы техникаларын утилизациялауға тапсыруға қатысты қылмыстық істер қозғады. Осыларды ескере отырып, елде әлеуметтік шиеленістің өсуіне жол бермеу үшін жеңілдік сертификаттарының қолданыс мерзімін ұлғайту қажеттілігі туындады", – деп түсіндірді министрлік.

Өз кезегінде "Жасыл даму" бүгінде кәдеге жарату алымын екі еседей төмендетілген жаңа ставкалар бойынша қабылдай бастағанын хабарлады. Алым көлемін есептеуге мүмкіндік беретін калькулятор оның сайтында орналастырылған, төлемді қалай жүргізуге болатынын түсіндіретін бейненұсқаулық та түсірілген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу