Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы жарысты бастады.
60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде Филиппин спортшысы Пол Джулифер Басконмен кездесті.
Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы дәл соққыларымен басымдық танытты. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (5:0) жеңіске жетіп, турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстан атынан биыл Азия чемпионатында 20 боксшы сынға түсуде. Олардың арасында үш боксшымыз – Жазира Орақбаева, Элина Базарова, Римма Волосенко жарыс жолын аяқтады. Ал төрт боксшымыз бәсекені бірден жартылай финалдан бастап, кем дегенде қола медаль алатын болды.
2 сәуір 1/8 финалда қазақстандық былғары қолғап шеберлерінен 65 келіде Ертуған Зейнулинов Тайпей өкілі Ю Линмен кездеседі.