Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үшін кезекті жарыс күні басталды.
60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап жүрген Оразбек Асылқұлов жартылай финалға жолдама алды. Ол бүгін жапониялық Шунсуке Китамотомен қолғап түйістіруі тиіс болған. Алайда қарсылас жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпады. Осылайша, отандасымыз жекпе-жексіз-ақ жарыстың келесі кезеңіне өтті.
Ал 65 келіде өнер көрсеткен Лаура Есенкелді үшін турнир аяқталды. Ширек финалда үндістандық тәжірибелі Анкушита Бороммен кездескен қазақстандық боксшы барынша қарсылық көрсетуге тырысқанымен, жекпе-жек қорытындысы бойынша 1:4 есебімен есе жіберді.
50 келі салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да жарысты ерте аяқтады. Ол ширек финалда үндістандық Вишванаш Сурешпен қолғап түйістіріп, үш раундқа созылған айқаста 0:5 есебімен жеңіліс тапты.
Сондай-ақ бүгін Ертуған Зейнуллинов, Валентина Хальзова, Айбек Оралбай шаршы алаңға шығады.