Шымкентте өткен кездесуде "Ордабасы" өз алаңында "Атырау" клубымен 1:1 есебімен тең түсті.
Ойынның 20-минутында Константин Дорофеев есеп ашып, қонақтарды алға шығарған еді. Матч соңына дейін жеңіске біртабан жақын болған "Атырау" күтпеген жерден жеңісті уысынан шығарып алды. 90+11-минутта Эльхан Астанов пенальтиден мүлт кетпей, "Ордабасыға" 1 ұпай алып берді.
Қос команда да кездесуді толық құрамда аяқтай алмады. Қосымша минуттарда Ринат Джуматов пен Зикрилло Султаниязов қызыл қағаз алды. Бүгінгі нәтижеден кейін "Ордабасы" 8 ұпаймен 2-орынға жайғасса, "Атырау" 4 ұпаймен 9-орында тұр.
Ал, Семейде өткен ойында "Елімай" өз алаңында "Тобыл" командасын 1:0 есебімен жеңді. Кездесудегі жалғыз голды 75-минутта пенальтиден Роман Мұртазаев соқты.
Сондай-ақ, Павлодарда өткен матчта "Ертіс" "Алтай" клубын 1:0 есебімен ұтты. Жеңіс голын 36-минутта жапониялық ойыншы Юши Шимамура соқты. Кездесу соңында қонақтар сапынан Дмитрий Шмидт алаңнан қуылып, командасын қиын жағдайда қалдырды.
Осылайша, төртінші тур қорытындысы бойынша ҚПЛ-да бәсеке қыза түсті. Келесі турда Атырау өз алаңында "Қайсар" клубын қабылдайды. Ал "Ордабасы" сырт алаңда "Астанамен" кездеседі. Сонымен қатар, "Елімай" "Жетісу" клубына қонаққа барса, "Тобыл" "Қайрат" командасын қабылдайды. "Алтай" "Ұлытау" клубымен ойнаса, "Ертіс" сырт алаңда "Оқжетпес" командасына қарсы матч өткізеді.