2025/26 жылғы маусымдағы УЕФА Конференция лигасында Қазақстан атынан сынға түскен шымкенттік "Ордабасы" турнирмен қоштасты. Екі кездесудің қорытындысы бойынша біздің команда грузиндік "Торпедоға" жол берді.
Шешуші ойын Шымкентте өтті. Кездесудің 13-минутында Ираклий Бидзинашвили қонақтарды алға шығарса, матчтың соңғы сәтінде – 90+6-минутта Абылайхан Жумабек таразы басын теңестіріп, ел намысын қорғаған командаға үміт сыйлағандай болды. Бірақ бұл нәтиже "Ордабасыны" келесі кезеңге алып шықпады.
Айта кетерлік жайт, 49-минутта қонақтар сапындағы Соломон Кверквелия алаңнан қуылып, шымкенттіктер ойынның көп бөлігін бір ойыншымен артық өткізді. Дегенмен, бұл артықшылық толық пайдаланылмай, "Ордабасы" бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді.
Алғашқы ойын Кутаисиде өтіп, онда алаң иелері 4:3 есебімен жеңіске жеткен болатын. Қос матчтың қорытындысы – 5:4. Осылайша, "Торпедо" келесі кезеңге өтсе, "Ордабасы" үшін еуромаусым аяқталды.