banner

"Ордабасы" өз алаңында "Атыраудан" басым түсті

1362

Абдуллай Диакатенің соққан голы шымкенттік командаға жеңіс сыйлады.

"Ордабасы" өз алаңында "Атыраудан" басым түсті

Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында "Ордабасы" мен "Атырау" өзара мықтыны анықтады. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен кездесу 2:1 есебімен аяқталды. Екінші тайм бастала салысымен "мұнайшылар" алға шықты. Петр Гжельчактың пасынан кейін Аллеф бос қақпаны дәл көздеді. Бұл бразилиялық шабуылшының Премьер-лигадағы алғашқы голы. 57-минутта Эльхан Астанов алыс тоғыздыққа тамаша соққы жасап, таразы басын теңестірді. Ал 74-минутта Абдуллай Диакате командасына жеңіс сыйлады.

Үш ұпайды қоржынға салған шымкенттік ұжым турнирлік кестедегі бесінші орынын сақтап қалды (35 ұпай). "Атырау" 27 ұпаймен оныншы орыннан тапжылмады.

Сонымен қатар "Ақтөбе" Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында "Қайратты" қабылдады. Матч Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында өтіп, 1:2 есебімен алматылықтың клубтың пайдасына шешілді.

Кездесудің 31-минутында Артур Шущеначев Темірлан Ерлановты алдап өтіп, гол соқты. Он минуттан кейін Михал Йерабектің қателігін сәтті пайдаланған Гүлжігіт Алықұлов есепті еселеді. Дегенмен 73-минутта Нұралы Әліп өз қақпасына гол соғып алды. Бұл жеңістен кейін Құрбан Бердыев шәкірттері 47 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. "Ақтөбе" 30 ұпаймен жетінші орында тұр.

"Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында "Каспийден" басым түсті. Матч Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті гол 73-минутта соғылды. Әріптесінен пас алған Идрис Умаев "Каспий" қақпасына қос бірдей соққы бағыттады. Бірақ Марко Милошевич екеуін де қайтара білді. "Ер кезегі – үшке дейін" дегендей, ресейлік шабуылшы үшінші соққысымен қақпашыдан айласын асырды. Бұл жеңістен кейін Магомед Адиев шәкірттері 30 ұпаймен "Каспийді" басып озып, сегізінші орынға көтерілді. Ақтаулық клуб 28 ұпаймен бір саты төменде тұр.    

Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында "Ақжайық" пен "Тұран" командалары тең ойнады. Матч Оралдағы Петр Атоян атындағы стадионда өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның 30-минутында Михаил Гащенков акробатикалық стильде соққы жасап, алаң иелерін алға шығарды. Бірақ 73-минутта түркістандықтар жауапты голды соғып кетті. Қорғаушыдан серпілген допты Павел Деобальд қақпаның қақ ортасына бағыттап, командасына ұпай алып берді. Бұл ойыннан кейін оралдық клуб 31 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді. 25 ұпайы бар Қуаныш Қабдолов шәкірттері он екінші орында қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу