"Ордабасы" үздік үштікте

2093

Қазақстан премьер-лигасының 12-турының "Ордабасы" - "Ақсу" арасында өткен матчы бүгін жалғасын тапты. Бұл кездесуде шымкенттік клуб 3:0 есебімен жеңіске жетті.

"Ордабасы" үздік үштікте

Естеріңізге сала кетейік, 21 мамырда қарсыластар Шымкенттегі кездесуді бастап, бірінші таймда Қажымұқан атындағы стадионында шатырдың опырылуына байланысты матч үзіліп қалған болатын. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ал 10-минутқа дейін "Ордабасы" ойыншысы Карам Сұлтанов гол салып үлгерген еді. Сондықтан да бұл матч тура сол 10-минутта басталды. Кездесу қайта жанданған соң белоруссиялық шабуылшы Всеволод Садовский гол салды. Одан кейін "Ақсудың" бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда павлодарлық команда мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады. Керісінше кездесудің 86-минутында Элхан Астанов тамаша гол салып, қорытынды нәтиже 3:0-ді тіркеді.

"Ордабасы" осы ойыннан кейін 23 ұпай жинап турнирлік кестенің 3-сатысына көтерілді. Себебі қосымша көрсеткіштер бойынша "Ордабасы" "Ақтөбеден" басым түсті. Айтпақшы, "Ақтөбенің" де әлі ойналмаған бір кездесуі бар. "Ақсу" болса 14 ұпаймен 12-орында қала берді. Жуырда болатын турларда ұпай жинамаса павлодарлық команда премьер-лигамен қош айтысуы ықтимал.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында көзге түскен Эльхан Астанов ішкі біріншіліктегі 5-голын салып, үздік сұрмергендер тізімінде алтыншы орынға көтерілді. "Ордабасы" сапында сұрмергендер қатарында Серж Ньюадзи бар. Ол осыған дейін 7 гол салып тастаған болатын. Ал Белорусь елінің шабуылшысы Всеволод Садовский соңғы турларда үзбей гол салып келе жатыр. Оның тынысы енді ашылған секілді. "Ордабасы" бас бапкері белоруссиялық маман Александр Седнев тәжірибиелі шабуылшыға сенім артып отырғаны анық.

Сонымен қатар Қазақстан чемпионатында ұзақ уақыт гол жібермеген қақпашылар қатарында Бекхан Шайзада бар. "Ордабасының" жас қақпашысы осы ойында да гол жібермеді. Сонымен оның гол жібермеген матчтарының саны төртеуге жетті. Жалпы Бекхан үшін биылғы маусым өте сәтті өтіп жатқан сыңайлы. Жас қорғаушы Сағадат Тұрсынбай да негізгі құрамға ілініп жүр. Ол осы ойынға шығу арқылы жеке статистикасын жаңарта түсті. 23 жасар қорғаушы премьер-лигадағы мерейтойлы, 50-матчын өткізді. Бұл қорғаушы да Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып жүрген аяқдопшының бірі. Естеріңізде болса, Сағадат 2017 жылы, 30 қыркүйекте алғаш рет "Ордабасы" сапында алаңға шыққан еді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу