Ташкентте Орталық Азиядағы ең үлкен стадион салынғалы жатыр

313

Өзбекстан астанасы Ташкентте 55 мың көрерменге арналған жаңа алып стадионның құрылысы ресми түрде басталды.

Ташкентте Орталық Азиядағы ең үлкен стадион салынғалы жатыр Фото: president.uz

Оның іргетасын кеше ел президенті Шавкат Мирзиёев қалады.

Құны шамамен 100 миллион доллар болатын жаңа спорт кешені – 2027 жылы Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін U-20 әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігі.

Президенттің айтуынша, жаңа арена халықаралық стандарттарға сай салынып, елдегі жастар спортының дамуына тың серпін береді.

Шавкат Мирзиёев стадионның іргетасы "болашақ жеңістердің негізі" болатынын айтып, жаңа нысан Өзбекстан футболының мақтанышы мен миллиондаған жанкүйерлер үшін үлкен сый болатынын атап өтті.

Жаңа арена Орталық Азиядағы ең үлкен стадионға айналмақ. Қазір бұл мәртебе Түрікменстандағы 45 мың орындық Ашхабад стадионында.

Аймақтағы басқа алып жобалар. Қырғызстан – "Бішкек Арена"

Қырғызстанда 51 мың көрерменге арналған ерекше пішіндегі – киіз үй стилінде салынатын "Бішкек Арена" жобасы да қарқынды жүріп жатыр. Ол 2026 жылдың күзіне қарай пайдалануға беріледі.

Көгалдандыру аумағы: 70 мың м²

Құрылыс алаңы: 180 мың м²

Стадион көлемі: 85 мың м²

Автотұрақ: 3600 орын

Болжамды құны: 60 млн доллар

Бұл стадион Қырғызстан-Тәжікстан-Өзбекстанның 2031 жылғы Азия Кубогын бірге өткізуге берген өтінімінің басты артықшылықтарының бірі саналады.

Соңғы бір жылда Қазақстанда бірнеше жаңа стадион салу жоспары айтылды. Ең ірі жоба – Алматыда салынады деп ұсынылған 35 мың орындық арена. Алайда: 2,2 млн халқы бар мегаполиске бұл сыйымдылық тым аз; Қоғамдық талқылауда орын санының қайта қаралуы талап етілуде.

Қазақстандағы қазіргі негізгі арена – 30 мың көрерменге арналған "Астана Арена". Түркістан мен Қызылордадағы жаңа ареналар тым шағын.

Салыстырмалы түрде:

  • Ташкентте екі бірдей 35 мыңдық стадион бар;
  • Енді тағы 55 мыңдық арена салынып жатыр;

Өзбекстанда ФИФА талаптарына сай 10-нан астам заманауи алаң бар.

Қазақстанда футболға қызығушылық жыл сайын артып келеді:

"Астана Аренада" Премьер-лига мен ұлттық құраманың матчтары бірнеше рет аншлагпен өтті; Тіпті Лихтенштейнмен матчқа да билеттер толық сатылды;

Алматыдағы "Қайрат" Чемпиондар лигасына шыққан кезде "Реал Мадридпен" ойынға билеттер бірнеше сағатта сатылып кетті, 100 мыңнан астам адам жиналғысы келген.

Алайда жоспарланған жаңа стадион 35 мың орыннан аспайды, бұл көрші елдердің ауқымды жобаларымен салыстырғанда жеткіліксіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу