Орталық Азия елдерінің бизнесте сенімді серіктес болуына не кедергі?

Бұл мәселе Ready4Trade Орталық Азия жобасы аясында талқыланды. 

Орталық Азия елдерінің бизнесте сенімді серіктес болуына не кедергі?

Аталған жобаны Еуропалық Одақ қаржыландырса, Халықаралық сауда орталығы жүзеге асырады. Нұр-Сұлтанда "Ұлттық жол карталарынан өңірлік реформаларға" атты үш күндік аймақтық кеңес басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Іс-шараны ашқан Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас сөзін "бүгінгі күннің сын-тегеуріндері іскерлік байланыстарды жандандыру, экспорт көлемін ұлғайту мақсатында ШОБ-ты халықаралық саудаға тарту бойынша жедел әрі сарабдал шешімдерді талап етеді" деп бастады. 

"ЕО-мен қаржыландыратын Ready4Trade жобасы дайындаған талдау осы елдер ЕО нарықтарына және басқа да әлемдік нарықтарға көбірек сата алуы үшін жеткізу тізбектерін жақсарту, Орталық Азиядағы белгілі бір тауарлар үшін экспорттық-импорттық рәсімдерді жеңілдету бойынша практикалық ұсынымдарды қамтиды", – деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі.

Халықаралық сауда орталығының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің басшысы Елена Бутримова бұл өңірлік кездесу Қазақстанның, Қырғыз Республикасының, Тәжікстанның және техникалық деңгейдегі мамандарына кедендік, шекаралық басқаруға қатысты жалпы мәселелерді, сондай-ақ ықтимал бірлескен реформаларды талқылауға мүмкіндік береді деп есептейді. 

Жобаның бірінші құрамдас бөлігі – "Саудаға арналған кедергілерді жою". ШОБ үшін өңірішілік сауда құнын төмендету және аймақтан Еуропалық Одаққа сауда ағынын ұлғайту есебінен Орталық Азияда бизнесті дамытуды ынталандыруға бағытталған.

Жоба аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан шығатын 10 сауда бағыты шоғырландырылған. Бағдарлама шеңберіндегі талдау нәтижелері негізінде рәсімдерді жеңілдету бойынша нақты ұсынымдар әзірленді, олар ұлттық деңгейдегі мемлекеттік және жеке секторлардың мүдделі тараптарына ұсынылды және мұқият келісілді.

Бұл ретте Елена Бутримова Орталық Азиядағы аймақтық сауданың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. 

"Бірақ соған қарамастан түрлі кедергілеріне байланысты сауда тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды. Әріптестермен тығыз ынтымақтастықта Халықаралық сауда орталығы мұндағы негізгі кедергілерді анықтады. Күрделі шекаралық процедуралар, шекарадағы ұзын-сонар кезек, сапа сертификаттарын мойындамау. Бұл ұйымдастырушылар төрт елдің әрқайсысында жеке және мемлекеттік секторлармен жүргізілген зерттеу және тиісті тексеру кезінде айтылған кедергілер", – деп нақтылады спикер. 

Талдау арқылы Дүниежүзілік сауда орталығы осы кедергілердің түпкі себептерін анықтап, әрбір елдегі сауданы жеңілдету үшін нақты тәжірибелік қадамдар мен ұсыныстар әзірледі. Бірақ спикер атап өткендей, барлық мәселелерді ұлттық деңгейде ғана шешу мүмкін емес, сонымен қатар сауданы жеңілдету бойынша үйлесімді көзқарас үшін өңірлік диалогты ынталандыру қажет. Сондықтан бүгін жоба аясында іс-шараға қатысушылар ұсынылған ұсынымдарды қарастырып, басым бағыттарды айқындап, өңірлік ынтымақтастықты нығайту қадамдарын алдағы уақытта да талқыламақ.

"Жоба сауданы жеңілдету саласындағы жұмыстан өзге, басқа да салаларда көмек көрсетуді қамтиды. Бұған ұлттық сауданы жеңілдету порталын әзірлеу, электронды коммерция стратегиясын әзірлеу, шағын және орта бизнесті, әсіресе, кәсіпкер әйелдерге тауар экспортын сәтті ұйымдастыру және жаңа нарықтарға, оның ішінде онлайн платформаларға шығуына қолдау көрсету кіреді", – деді Елена Бутримова.

Қазақстандағы ЕО делегациясының өкілі Юрий Скаскевичтің айтуынша, бұл ЕО Орталық Азияда жүзеге асырып жатқан ірі жобалардың бірі, бағдарламаның құны 15 млн еуро, мерзімі 4 жыл. Осы бағдарлама арқылы ЕО Орталық Азия елдері арасындағы және Орталық Азия мен ЕО арасындағы сауданы жақсартуға көмектесуге тырысады.

"Еуроодақ Орталық Азия үшін маңызды сауда серіктесі болып табылады, біздің тауар айналымымыз млрд-таған еуроны құрайды. Бүгінгі іс-шара өте маңызды, өйткені сарапшылар және жеке бизнес өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан осындай деңгейдегі бірінші оффлайн шара", – деп атап өтті ЕО өкілі.

Өз кезегінде "QazTrade" АҚ өкілі Нұрлан Құлбатыров бұл жоба Орталық Азия елдері арасындағы сауданың өзара дамуына басымдық беретінін атап өтті.

"2021 жылдың статистикасына қарасақ, Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы 6,2 млрд долларды құрады. Оның ішінде Өзбекстан Республикасының үлесі жартысынан астам. Сауда қатынасы жыл сайын дамып келеді, Қырғыз Республикасында, Тәжікстанда шағын бизнес порталдары іске қосылды, онда импорт-экспорт операцияларының әрбір қадамы кезең-кезеңімен сипатталады. Қазақстан да осындай сайтты бірінші жартыжылдықта іске қосуды жоспарлап отыр. Елдің транзиттік әлеуетін ескере отырып, транзиттік операцияларды да құжаттаймыз", – деді спикер.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, Қазақстан және Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымының оң динамикасы байқалады. Мәселен, 2021 жылы тауар айналымы 6,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 19,5%-ға артық (5,3 млрд АҚШ доллары) және 2020 жылмен салыстырғанда 33,8%-ға артық (4,7 млрд АҚШ доллары).

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу