Орталық Азия елдері Қазақстанды айналып өтетін тағы бір жол тапты

1357

Өзбекстан, Ауғанстан мен Пәкістан "Трансауған темір жолы" туралы келісімге қол қойды. 

Орталық Азия елдері Қазақстанды айналып өтетін тағы бір жол тапты Фото: ҚТЖ

Ауғанстан Ислам әмірлігінің астанасы Қабыл қаласында "Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан" Трансауған темір жолы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу туралы үшжақты негіздемелік келісім бекітілді. Құжатқа Өзбекстанның көлік министрі, Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрі және Пәкістанның Теміржолдар министрі қолтаңбаларын қалдырды.

Салтанатты рәсімге үш елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары да қатысты. ӨР Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовтың бағалауынша, бұл жаңа теміржол бүкіл Еуразия үшін стратегиялық мәнге ие.

Алайда жаңа халықаралық дәліз Еуразияның орталығы саналып келген Қазақстанды және Ресейді айналып өтеді және Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен, соның ішінде аймақ алпауыттары – Пәкістанмен және Үндістанмен тікелей жалғайды.

"Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан министрлерінің осы алғашқы үшжақты кездесуі өзара сенімді, тату көршілік пен аймақтық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тарихи қадам болды! Бүкіл Еуразия үшін стратегиялық маңызы бар "Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан" Трансауған темір жолының техникалық-экономикалық базасын дамытуға бағытталған үшжақты келісімге қол қойылып отыр. Бұл жоба біріншіден, өзара сауданы еселеп арттырады. Екіншіден, Ауғанстан экономикасының қалпына келуіне қолдау көрсетеді. Үшіншіден, біздің бәрімізге оңтүстік порттар арқылы әлемдік нарыққа жаңа жолдар ашады", – деді ӨР СІМ басшысы Саидов.

Өзбек шенеунігі енді үш ел өзара сауда қатынастарын жаңа деңгейге көтеру аясында ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тоқыма өнеркәсібі және құрылыс салаларындағы ынтымақтастықты нығайтатынын мәлімдеді. Сондай-ақ "Термез" халықаралық сауда орталығын пайдалануды кеңейтуге уағдаласты.

Жалпы, Өзбекстан байырғы замандардан бері Ауғанстанмен алыс-берісін, барыс-келісін үзген емес. Өзара қарым-қатынастары кеңес дәуірінде де азды-кем дәрежеде жалғасты. Ал, өзбек елі тәуелсіздік алғаннан кейін өзара ықпалдастық жаңа деңгейге шықты. Қазақстандық кәсіпкерлердің өзі ауған нарығына өзбек әріптестерінің араағайындығымен шығады.

2024 жылғы 29 тамызда Өзбекстан мен Ауғанстан шекарасында өзбектің "Термез" халықаралық сауда орталығы ашылды. Оның ішінде сауда орындары, базарлар, Hilton Garden Inn сияқты сән-салтанатты қонақүйлер, Akfa Medline медицина орталығы және басқа объектілер бар.

Қазақстан мен Ресейге соқпай, өзге нарықтарға жеткізетін жаңа теміржол бағыты туралы бастама 2020-шы жылдардан белсенді ілгерілетіле бастады. 2021 жылғы ақпанда Ташкентте тиісті саммит өткізген үш ел үкіметтерінің өкілдері өзбек-ауған-пәкістандық келіссөздер қорытындысында ұзындығы шамамен 600 шақырым болатын "Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар" теміржолын салу жөніндегі "Жол картасын" бекітті.

Құжатқа сәйкес, жоба сол жылғы мамырда дайын болуға, ал, 2021 жылғы қыркүйекте құрылысы басталып кетуге тиіс еді. Алайда Ауғанстанда биліктің ауысуы жобаны тежеді.

Дегенмен, 2021 жылғы желтоқсанда Ауғанстан Ислам әмірлігінің жаңа билігі бұл жобаны қолдайтынын мәлімдеді. Осыған байланысты 2022 жылғы 18 шілдеде ел аумағында Трансауған теміржол маршрутін (ТАТМ) анықтауға арналған экспедициялық жұмыстар бастау алды.

Өзбек тарапының мәліметінше, Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Еуропалық инвестициялық банк, Ислам даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, АҚШ Халықаралық дамудың қаржылық корпорациясы жаңа бағытты жүзеге асыруды бірлесе қаржыландыруға мүдделестігін білдірді.

Өзбекстанның "Боштранслойиха" институты ТАТМ дәлізі жобасын 4,6 миллиард долларға бағалады. Әйтсе де, Пәкістан тарапы өз теміржол телімдерін жаңғырту бағдарламасының да шығыстарын қоса келе, жоба 8,2 млрд долларға түсетінін жария етті. Өз кезегінде, халықаралық ақпарат құралдары сарапшылардың бағалауына жүгініп, жобаның құны 4,8-6 миллиард доллар аралығында болатынын жазды.

Жоба ұзындығы 573 шақырымнан асатын теміржол магистралін тартуды қарастырады. ТАТМ жылына 20 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады деп болжануда. Салыстырсақ, Қазақстан арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша жылдық жүк айналымы шамамен 5 миллион тоннаны құрайды.

Жаңа бағыт Өзбекстаннан бастау алып, Ауғанстан, Пәкістан арқылы жүріп өтіп, Үндістанға жетеді және ары қарай Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне (Бруней, Вьетнам, Индонезия, Камбоджа, Лаос, Малайзия, Мьянма, Сингапур, Тайланд, Филиппин) бет қояды.

Сонымен бірге, бұл желі жүк таситын теміржол құрамдарына да, жолаушылар пойыздарына да қолжетімді болатыны хабарланды. Пәкістандық Dawn басылымының дерегінше, бұл теміржол Өзбекстаннан Пәкістанға жүк жеткізу мерзімін шамамен 5 күнге қысқартады.

Бұған қоса, жүк жеткізу шығынын кем дегенде 40%-ға азайтуға тиіс. Демек, бұл бағыт жүк тасушылар арасында зор сұраныс иеленіп, бәсекеге қабілетті болады.

Жоспар бойынша жоба 2027 жылдың соңында аяқталуы қажет. Ал, 2030 жылға қарай бағыттың жылдық жүк өткізу қабілеті 15 миллион тонна межесіне шығады деп күтілуде.

ӨР көлік министрі Илхом Махкамов Трансауған теміржолының құрылысын осы 2025 жылы бастап кету жоспарланып отырғанын нақтылады. "Газете.uz" көлік министрлігінің өкіліне сілтеме жасап, жобаны қаржыландыратын және техникалық тұрғыдан жүзеге асыратын серіктестер пулын қалыптастыру жалғасқанын жазды.

"Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржол бағытындағы сияқты, бұл жобада да Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан бірлескен консорциум құратын болады. Инвесторлармен және серіктестермен жұмысты да сол консорциум жүргізеді.

"Әрине, бірінші теміржол бағытына қарағанда мынау – анағұрлым күрделі жоба. Өйткені шешуші жайт бар, бұл – жүк тасымалының қауіпсіздігі және қолжетімділік мәселелері. Жалпы алғанда, біз ауған территориясы арқылы өтетін маршрутті бекіттік. Бірақ ол аумақты қосымша зерделеу ары қарай жүргізілуде. Оның қорытындысында кейбір ауытқушылықтар мен түзетулер болуы мүмкін", – деді журналистерге ӨР көлікминінің өкілі.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, халықаралық қаржылық институттардың қатысу мәселесі де "әзірге ашық" тұр. Себебі, тәліптер (Қазақстанда тыйым салынған) құрған Ауған үкіметін әлемде Ресейден басқа бірде-бір ел ресми мойындаған жоқ.

Inbusiness.kz бұған дейін Қазақстанды айналып өтетін "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржол бағытының жай-жапсары туралы жазған болатын. Ал, таяуда, 18 шілде күні "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржол маршрутімен тұңғыш жүк пойызы аттанды.  

"Синьхуа" агенттігінің мәліметінше, Орталық Қытайдың Ухань қаласындағы Уцзяшань станциясынан шыққан теміржол құрамы қырғыздың "Иркештам" шекаралық өткізу бекетін кесіп өткен. Ары қарай ол Қырғызстан арқылы өзбек астанасы осы аптада Ташкентке жетуге тиіс.

ҚХР Хубэй теміржол корпорациясының халықаралық көлік-логистикаға жауапты өкілі Чжан Линь осы жаңа халықаралық дәліздің арқасында Қытайдан Орталық Азияға жүк тасымалының уақыты бұрынғы 20 тәуліктен 10 тәулікке дейін азайғанын, ал, тасымалдау және сақтандыру шығыны 30%-ға қысқаратынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу