Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 75,8 жасқа жеткізетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақмарал Әлназарованың сөзінше, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген сәттен бастап күтілетін өмір сүру ұзақтығы осы күні 75,4 жасқа жеткен.
– Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Осы жылы бұл көрсеткіштің 75,8 жасқа жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өлім-жітім деңгейін төмендету – біздің басты міндетіміз. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 3 пайызды құрады. Ана өлім-жітімі тірі туған 100 мың балаға шаққанда 14,8-ден 10,10-ға дейін айтарлықтай төмендеді, нәресте өлім-жітімі тірі туған 1 мың нәрестеге шаққанда 7,93-тен 6,80-ге дейін қысқарды, – деді министр.
Әлбетте, мұндай статистикалық деректер елдегі денсаулық сақтау саласында оң динамика қалыптасқанын растайды. Сондай-ақ, жүргізілген жүйелі реформалар мен қаржылық қамтамасыз етуді күшейтудің, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің тікелей нәтижесі екені де рас.
– Бүгінгі уақытта МӘМС өзінің нәтижесін беруде деп ойлаймын. Атап айтсақ, қаржыландыру өсіп келеді, медициналық көмекке қолжетімділік кеңеюде, бәсекелестік күшейіп, медициналық көрсеткіштер жақсарып жатыр. Бұдан әрі қабылданған нормаларды сапалы іске асыру қажет, – деп сөзін қорытындылады Ақмарал Әлназарова.