Орталық Азияда күтпеген келісім жасалды

1447

Ресми Ташкент Ферғана облысына қарасты, 2,5 мың тұрғыны бар екі бірдей ауылын Бішкектің қоластына өткізді.

Орталық Азияда күтпеген келісім жасалды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Есесіне, шекара маңындағы аймақтан өзіне тұтас "теңізді" алды.

"Бүгінде, Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны демаркациялау аясында бұрын Өзбекстан аумағына қарасты болған екі елді мекен өз тұрғындарымен бірге (шамамен 2500 адам) Қырғыз Республикасының құрамына өтті. Сөз Өзбекстанның Ферғана облысының құрамында болған Чонгара және Таш-Тобо ауылдары туралы болып отыр. Бұл елді мекендерде этникалық қырғыздар тұрады", – деп мәлімдеді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов.

Таяуда бұл ауылдарда жаппай тіркеу шаралары басталады. Ол аяқталған соң жергілікті тұрғындар ресми түрде Қырғыз Республикасының алтын дөңгелекті көк паспортын иеленеді.

Бұған дейін өзбек тарапы тұрғындарға таңдау еркіндігін ұсынып, Өзбекстан азаматтығын сақтап қалуды және елдің ішкі аймақтарына көшуді ұсынған болатын. Бірақ 2,5 мың адам туған жерінде қалып, көрші мемлекеттің құрамына өтуді жөн көрді. Осылайша, қырғыз анклавтарын заңдастыру процесі мәре сызығына шықты.

"Сонымен қатар Сай ауылынан Таян ауылына дейін заманауи автомобиль жолын салу мақсатында жалпы ауданы 236 гектар болатын тең құнды жер учаскелерін өзара алмасу жүзеге асырылды. Осының арқасында, Құдай қаласа, Баткен облысының тұрғындары Айдаркеннен Баткенге Сай және Таян ауылдары арқылы өтетін тікелей бағытпен қатынай алады. Нәтижесінде, жолдың ұзындығы қазіргі 225 шақырымдық шаршататын айналма жолдың орнына небәрі 55 шақырымды құрайтын болады!" – деп сүйіншіледі Алагөзов.

Ресми Бішкек бұл жетістікпен ғана шектеліп қалғысы келмейді. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы дәл осындай тең құнды жер учаскелерін айырбастау туралы батыл ұсыныс Астанаға да жолданғанын ашық жариялады. Әдетте мұндай келіссөздер соңғы қорытындысы белгілі болғанша, құпияда ұсталушы еді.

"Сондай-ақ, бауырлас қазақ тарапына Тоқмақ қаласының маңындағы жолдың 800 метрлік учаскесіне қатысты тең құнды жер учаскелерін айырбастау туралы ұсыныс жасалды. Бұл жобаны іске асыру Тоқмақтан Кемин қаласына дейін ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автомагистраль салуға мүмкіндік береді. Мұндай тағдыршешті мәселелер саяси алыпсатарлықтың нысанына айналмауға тиіс", – деп нықтады Алагөзов.

Тоқмақ қаласы қырғыздың Шу облысында орналасқан және ол солтүстігі мен батысында Қазақстанның Жамбыл облысымен шектесіп жатыр.

Алайда тәуелсіз сарапшылар Астананың жалғыз ақылы трассаның құрылысы үшін халықаралық келісімдерді қайта қарауға бара қоятынына үлкен күмәнмен қарайды. 

Бұл жерде әңгіме Шу өзенінің бойымен өтетін, жекелеген тұстарында қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасының сызығына айналған Бішкек – Нарын – Торугарт магистралінің учаскесі туралы болып отыр, деп нақтылайды 24.kg.

Бүгінде Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы шекараға қатысты барлық негізгі шарттар ратификацияланып, заңды күшіне еніп қойған. Діңгек құжат – Мемлекеттік шекара туралы негізгі шарт сонау 2001 жылғы 15 желтоқсанда бекітіліп, оны қос елдің парламенттері ратификациялаған.

Бұдан бөлек, 2017 жылы тараптар демаркация туралы тарихи шартқа қол қойды: Қазақстан оны 2018 жылдың қарашасында, ал, Қырғызстан – 2019 жылдың қаңтарында ресми бекітті. Бұл құжат 1 257,07 шақырымды құрайтын демаркацияланған шекара сызығының ұзындығын заңды тұрғыда шегендеп берді. 

Ғасырлық дауға нүкте: Бішкек пен Ташкент Кемпір-Абадты қалай бөлісті?

Бұл оқиға – үлкен стратегиялық келісімнің заңды жалғасы. 2023 жылдың басында Қырғызстан мен Өзбекстан арадағы ғасырға жуық уақытқа созылған мемлекеттік шекараны делимитациялау процесін ресми түрде тәмәмдады. 27 қаңтарда қос мемлекеттің басшылары – Шавкат Мирзиёев пен Садыр Жапаров ратификациялық грамоталармен салтанатты түрде алмасты.

Қырғыз тарапы "тең құнды айырбас" туралы қанша айтса да, саясаттанушылар бұл мәміленің терең стратегиялық астарларына үңіліп, бір гәпке назар аудартады.

Қырғызстан билігі шекара мәселесінің шешілуін "тарихи жеңіс" деп бағалады. Алайда бұл процесс ел ішінде ауыр, талас-тартыспен өтті. 2022 жылғы 17 қарашада қоғам мен оппозицияның қатты наразылығына қарамастан, Жоғорку Кеңеш шекара келісімін бекітті.

Парламенттегі дауыс беру қарсаңында оппозиция белсеніп "Кемпір-Абадты қорғау комитетін" құрған еді. Дегенмен, сол жылдың қазан айының соңында оның негізгі белсенділері мен саясаткерлері "билікті күшпен басып алуға әрекет жасады" деген айыппен темір торға тоғытылды. Бұл шулы оқиға тарихқа "Кемпір-Абад ісі" деген атпен енді, деп еске салады azattyk.org.

Ал, Өзбекстанда бәрі тыныш өтті. Президент Шавкат Мирзиёев шекара және Кемпір-Абад келісімдерін 2022 жылдың 1 желтоқсанында-ақ еш қиындықсыз құптап, қол қойды.

"Өзбекстанға Кемпір-Абад су қоймасы аумағының 4 957 гектары және плотинаға қызмет көрсету мен оны қорғау үшін қосымша 19,5 гектар өтеді. Қырғызстанға өтемақы ретінде 1 019 гектар жайылымдық жер беріледі. Сонымен қатар, Қырғызстанға су қоймасының сол жағалауында салынбай қалған Кемпір-Абад каналы үшін өтемақы ретінде "Гавасай" учаскесінен 12 849 гектар жер беріледі. Бұл ретте қырғыз тарапы Гавасай өзенінің табиғи ағысына кедергі келтіретін құрылыстар салмауға және суды ластамауға міндеттенді", – деп хабарлады өзбек тарапы.

Нәтижесінде, Өзбекстан Қырғызстаннан 4 976,5 гектар жер алды. Қырғызстан жер көлемі жағынан еселеп ұтқанымен, ең басты стратегиялық нысан – Кемпір-Абад су қоймасы (Өзбекстанда оны – Әндіжан су қоймасы деп атайды) бөген-плотинасымен бірге толығымен Өзбекстанның бақылауына өтті.

Бұл Ташкент үшін орасан зор экономикалық серпіліс: 8 мыңға жуық өзбек фермерін сумен үздіксіз қамтып, 2,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін өсіруге және экспортты бірден 500 миллион долларға арттыруға жол ашылды.

Қырғызстанға тиген үлес – орасан зор 13 868 гектар жер, бұл Өзбекстан еншілеген даулы жер көлемінен 2,8 есе көп. Бірақ бұл үшін Бішкек алып су қоймасынан толық бас тартты.

Дегенмен, 2022 жылғы келіссөздердің нәтижесінде су ресурстарын бірлесіп басқару туралы арнайы келісім жасалып, Бірлескен комиссия құрылды. Өзбек тарапы су деңгейін 900 метрлік белгіден асырмауға, Қырғызстан азаматтарының суға еркін кіріп, мал суаруына, балық аулауына кедергі жасамауға және су қоймасының айналасына ешқандай әскери-инженерлік құрылыстар орнатпауға уәде берді.

Шекарадағы атақты "Үлкен Чечме" бұлағы толығымен Қырғызстанның теңгеріміне өтті, бірақ суын екі ел де бірдей пайдаланады.

Саяси тепе-теңдік

Сайып келгенде, бұл мәмілені қос тарап та өз табысы ретінде бағалай алады. Дәл осындай стратегиялық паритет бұл келісімді халықаралық дипломатиядағы "ұтыс – ұтыс" (win-win) формуласының классикалық үлгісіне айналдырды.

"Шекара мәселелерін шешу – өте күрделі процесс. Бұл жерде сөз 1924 жылдан бері, яғни 100 жылдан астам уақыт бойы шешімін таппай келген тарихи түйткіл туралы болып отыр. Сондықтан соңғы нәтижені зор табыс деп санау керек. Екі тарап та өз мүдделерін соңына дейін қорғап, ақыры осы мәселеге нүкте қойды. Ежелден қоян-қолтық, төскейде малы, төсекте басы араласып жасаған екі халықтың ынтымағы үшін ең қолайлы жағдай жасалды. Енді экономикалық және мәдени байланыстардың қайта түлейтініне сенім мол", – дейді шекараны делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссияның экс-жетекшісі Саламат Аламанов.

Оның пайымдауынша, ең нәзік, ең қауіпті деген учаскелердің өзі екі мемлекетке де бірдей тиімді болатындай етіп сызылған. Бұл жерде тек бір елдің ғана мүддесін тықпалау болған жоқ. Ендігі басты міндет – осы ортақ жеңістің егжей-тегжейін қарапайым халықтың санасына дұрыс жеткізе білу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу