Орталық Азияда "нан кәрзеңкесіне" айналамыз деген арман бізден алыстап кетті

4237

Тәжікстан да, Қырғызстан да қазақ ұнын алуды қысқартып, есесіне біздің бидайдан ұн өндіруді жолға қоя бастады.

Орталық Азияда "нан кәрзеңкесіне" айналамыз деген арман бізден алыстап кетті

Қазақстан бидай емес, ұн экспортына басымдық беруі қажет деген пікір осыған дейін де айтылған болатын. Жақында бұл пікірге Парламент үн қосты.

Мәжілісте "Нұр Отан", "Ақ жол" партиясы фракциясының өкілдері, Қазақстан халықтары Ассамблеясының 14 депутаты Асқар Мәминге бидай экспортына қатысты сауал жолдады.

2013 жылы ала тақиялы көршілеріміз өз аумағы арқылы өтетін қазақ ұнының акциздік салығының тарифін көтеріп жіберген болатын. Осының арқасында өзбек бизнесі өз елінен қазақ өндірушілерін толықтай ығыстырып шығарып, қазақ бидайынан өздерінде ұн шығаруды кеңінен жолға қойды. Сөйтіп олар Ауғанстанда сатылатын ұн өнімдерінің бағасына басыбүтін қожалық етуге қол жеткізді.

Бүгінгі таңда 1 млн тоннаға дейін қазақ астығы еш тосқауылсыз Өзбекстанға асып жатыр. Ал, өзбектер ұнға деген ішкі сұранысын 500 мың тонна дейін қысқартты. Қалғанын өз өндірісімен жабуда. Осыдан үлгі алған Тәжікстан да, Қырғызстан да қазақ ұнын алуды қысқартып, оның есесіне біздің бидайдан ұн өндіруді жолға қоя бастады.

Біз сөзге тартқан Қазақстанның астық және нан өнімдері қауымдастығының президенті Евгений Ган Евгений Ган елімізде экспорт мәселесімен айналысатын бөлек құрылым болуы керегін айтады. Себебі. астық тасымалдаушылардың тапшылығы, өткізу нарықтарынан қағылу, көрші мемлекеттер тарапынан демпингтер салдары тауар өндірушілер жағдайын әлсіреткен. Мұның бәріне ауыл шаруашылығының өңделген өнімі саласында нақты экспорттық стратегияның жоқтығы себеп болып отыр.

"Тиісті ведомстволар бұл проблеманы терең зерттемейді. Атүсті ғана қарайды. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі өнім өндіруге ғана жіті мән береді. Ал оны экспорттау үнемі қағажу қалып жатады. Сондықтан осындай түйткіл туындап отыр. Бұл бұрыннан бар. Қанша айтсақ та, мәселеге зер салғандар жоқ", – дейді ол.

Еліміздің ұн өндірушілері бір жылда 5,5 млн тонна өнім шығарады. Оның 1,8 млн тоннасы ішкі сұранысты өтейді. Егер ұн өндіруші кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істесе, онда 9,5 млн тоннаға дейін өндіре алады.

Депутаттардың бұлайша алаңдауының салмақты себебі бар. Мамандар ұн экспортының төмендейтіндігін, біздің елден ұн сатып алып отырған мемлекеттер қатары жыл санап азаятынын айтып отыр. 2010 жылдарға дейін отандық агрохолдингтердің ар­тық­шылығы сол, бидайды Қара теңіз порттарына дейін жеткізе алу мүмкіндігі болған еді. Бі­рақ мұндай тасымалға деген тарифтің қым­баттауы экспортымыздың геогра­фия­сын шектеп тастады.

Тыныс тарылып келеді
Қазақстанның астық және нан өнімдері қауымдастығының президенті Евгений Ган Ауғанстанның Қазақстанды сенімді нарық деп келген үмітіне селкеу түскенін айтты. Себебі өзбектер соңғы бірер жылда қазақ бидайын тарттырып, ұн дайындауды меңгеріп алған. Енді олар сол ұнды Ауғанстанға бағыттап, бізге мықты бәсеке болғалы тұр. Егер әлемдік нарықта ұн бағасы қымбаттаса, Пәкістанның экспорттаушылары қайтадан нарыққа кіреді де, біз ұлғайтқан астық мөлшерін жоғалтамыз.

"Қазақстан жыл сайын кемі 2 млн тонна ұнды экспорттайды екен. Ішкі нарыққа 1 млн 800 мың тонна жұмсайды. Десе де біздегі әлеует бұдан да жоғары. Тек мемлекеттің қолдауы қажет", – дейді Евгений Ган.

Ол осы ретте бізден астық сатып алған мемлекеттердің қоры таусылмайынша, олардан сұраныс болмайтынын айтты. Өйткені жылда көктем маусымы аяқталғанға дейін осындай мәселе туындап отырады. Оған дейін диқандар қол қусырып, тапсырыс келгенін күтуге мәжбүр.Бұл кезде мемлекет тұқымдық қор үшін қосымша шығын шығаруға мәжбүр болады.

Евгений Ганның айтуынша, қазіргі жағдай мынадай:

 Біз өзбек ағайындарға бидай экспорттаймыз: өзбектер оны қайта өңдеп, өзімізге сатады немесе сыртқы нарықта бізбен бәсекелеседі. Оның пайымдауынша, біздің ел Орталық Азиядағы ұн экспортына қатысты позициясын уақыт өткен сайын әлсіретіп келеді.

"Қазақстандық ұн өнімдерін дайындайтындар мемлекеттен осы күнге дейін қолдау көрген емес. Бізге ұннан дайындалатын өнімдерге қатысты жүйелі сауда саясаты жоқ. Қазақстан дәл қазір ұн өнімдерімен ашық нарыққа шығуға ықыласты емес" , – дейді Евгений Ган.

Сәуір айының басында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров та осыған дейін ұн экспортындағы Өзбекстанның үлесінің азайып келе жатқанын айтқан болатын. Себебі, Евгений Ган тілге тиек еткендей, Өзбекстанның жылына 1,5 млн тонна ұн дайындауға шамасы жетеді. Бұл Өзбекстанның ауған нарығында қосымша тыныс алып алуына мүмкіндік беретін үлкен күш.  

Евгений Ган Ауғанстанға қатысты позициямыздың әлсіремеуіне орыс және украин астық алпауыттары айтарлықтай әсер етіп отырғанын айтып өтті.

2016 жылдан бастап бидай бағасы 350 АҚШ долларынан 180-220 АҚШ долларына дейін арзандап, аталған екі ел бидай экспортын азайтып, дайын өнімдерге басымдық бере бастады.

Ауған нарығының 80 пайызын иеленіп келген Пәкістан сыртқы баға конъюнктурасына төтеп бере алмай, нарықтан шығып қалды. Мамандар мұның уақытша фактор екенін айтып жатыр. Себебі Пәкістан ауған нарығына кез келген сәтте қайта оралуы мүмкін. Ауғанстанға өзбек жері арқылы жеткен, бағасы қымбат қазақ ұны емес, тау асып келген Өзбекстан мен Пәкістанның ұнын сатып алған әлдеқайда тиімді. Өйткені екі елдің ұнының тоннасы біздің өнімге қарағанда 5 АҚШ долларына арзан.

Евгений Ганның пайымдауынша, тығырықтан шығудың екі жолы бар: алғашқысы – экспорттық саясатымызды шикізаттық емес, дайын өнімді алатындай етіп өзгерту. Бізге бұл ретте Қытай тәжірибесі жақындау екен. Ол елдегі қосымша құн салығы 13-17%-ды құрайды.

"Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарған жағдайда қосымша құн салығы салынбайды, ал басқа бір елден дайын өнім әкелгенде 100% cалынады", – дейді Евгений Ган.

Мұндай тәжірибені қолданысқа енгізу үшін елімізде сыртқы және ішкі саудадағы ахуалды зерттеп отыратын мүмкіндік болуы керек. Біз бұл мүмкіндікті Өзбекстанмен ұн экспорты дәуірлеп тұрған кезеңде уыстан шығарып алыппыз.

"Қытайлар қазір және 5-6 жылдан кейін қандай азық-түлік өнімдеріне басымдық береді? Қытай үшін қазақ нарығы барлық жағынан тиімді. Мүмкіндікті қалт жібермеу үшін елімізде сараптамалық-талдау орталығы құрылуы қажет. Таяу Шығыс мемлекеттерін, соның ішінде Мысырды, Солтүстік Африка мен Сахара шөлінен оңтүстікке қарай орналасқан Африка мемлекеттерін, Ирак, Судан, Индонезия, Таиланд, сондай-ақ, Молдова, Швейцария, Үндістан мен Сербияны да экспорт үшін келешегі бар елдер ретінде атап отыр", – дейді Евгений Ган.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу