Орталық Азияда жүгеріні терең өңдейтін ең ірі зауыт Түркістанда іске қосылады

143

Зауытта 26 түрлі өнім шығатын болады.  

Орталық Азияда жүгеріні терең өңдейтін ең ірі зауыт Түркістанда іске қосылады Фото: gov.kz

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркістан облысында "Қазкрахмал" зауытының құрылысы жалғасуда. Құны 35 млрд теңгені құрайтын бұл кәсіпорын еліміздегі алғашқы әрі Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын ең ірі кешен болмақ.

Жоба өңдеу өнеркәсібін дамытуға және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған. Екі кезеңді қамтитын жобаның алғашқысында астықты қабылдау, кептіру және сақтау үшін базалық инфрақұрылым құрылды.

Қазіргі уақытта пайдалануға берілген. Екінші кезең барысында терең өңдеу өндірістік кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

"Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 150 мың тоннаға дейін жүгері өңдеп, 26 түрлі өнім шығаратын болады. Олардың қатарында тағамдық глюкоза, мальтозалы шәрбат, жүгері майы, крахмал және құрама жем бар. Өндіріс қалдықсыз цикл қағидаты бойынша ұйымдастырылып, тек ГМО-сыз табиғи шикізат қолданылады. Басты мақсат – тұрақты шикізат базасын қалыптастыру. Осыған байланысты өңірде жүгері егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа алқаптар Түркістан облысының Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында игерілуде", – делінген хабарламада.

Кәсіпорынның технологиялық жарақтандырылуы 80% деңгейінде автоматтандырылған.

Зауыт өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ Азия мен Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады. Жүгері крахмалы, шәрбаттар және басқа да өнімдер түрлі өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады, бұл кәсіпорынның экспорттық әлеует күшейтеді.

Болашақта зауыт қуатын жылына 300 мың тоннаға дейін арттыру және әлемнің 100-ден астам компаниясымен халықаралық әріптестікті тереңдету жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу