Орталық Азиядағы ең үлкен стадион құрылысы 80 пайызға дайын

194

 "Бішкек Арена" стадионының құрылысы қарқынды жүруде. 

Орталық Азиядағы ең үлкен стадион құрылысы 80 пайызға дайын

Бішкек қаласында Орталық Азиядағы ең ірі спорттық нысан — FIFA стандарттарына сай халықаралық деңгейдегі стадионның құрылысы жалғасуда. 51 мың көрерменге арналған жаңа кешен Қырғызстанның спорт инфрақұрылымындағы маңдайалды жобаға айналды. 

Стадион құрылысы туралы алғаш рет 2024 жылдың сәуір айында белгілі болды. Жоба ел астанасының шет аймағында орналасқан Орок ауылында жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы күннен-ақ нысанның сәулеттік келбеті көпшіліктің назарын аударды. Архитектуралық тұжырымдаманың негізіне қырғыздың ұлттық киіз үйінің бейнесі алынған.

Диаметрі 280 метр, биіктігі 70 метр болатын сегіз қабатты ғимарат Азия футбол конфедерациясының жаңартылған талаптарына сай салынып жатыр. Бастапқыда стадион 45 мың орынға есептелгенімен, кейін сыйымдылығы 51 мыңға дейін ұлғайтылды. Мұндай ауқым Азия кубогының ашылу салтанатын, сондай-ақ турнирдің алғашқы және финалдық матчтарын өткізуге мүмкіндік береді.

Нысанның техникалық көрсеткіштері де таңдай қақтырады: көгалдандыру аумағы — 70 мың шаршы метр, құрылыс алаңы — 180 мың шаршы метр, стадионның өз аумағы — 85 мың шаршы метр. Жоба аясында 3 600 автокөлікке арналған жабық автотұрақ пен 60 мың шаршы метр техникалық бөлмелер қарастырылған.

Құрылысшылар жарықтандыру мен алаң жабынына ерекше көңіл бөлмек. Футбол алаңы FIFA бойынша "А" санатындағы LED-жарық жүйесімен жабдықталады. Ал халықаралық ұйымдар аясындағы ойындар үшін гибридті газон технологиясы қолданылады.

Стадион Бішкектегі көпфункционалды спорттық хабтың бір бөлігіне айналады. Оның аумағында 35 мың шаршы метр жерде сауда орталықтары мен спорт дүкендері бой көтермек.

Жобаға халықаралық мамандар тартылған. Негізінен Түркиядан келген архитекторлар, инженерлер мен конструкторлар еңбек етуде. Сонымен қатар құрылыс барысына Түркия мен Ұлыбританиядан келген сарапшылар кеңес беріп отыр. Ел басшылығының айтуынша, жобаның қаржыландыру мәселесі смета бекітілген кезеңде-ақ толық шешілген. Нақты құны ресми жарияланбағанымен, бұған дейін БАҚ-та жобаның 60 миллион АҚШ доллары шамасында екені мәлім болды. 

Қазіргі таңда "Бішкек Арена" халықаралық стадионында монолитті жұмыстар толық аяқталған. Стадион 80 пайызға дайын. Үкімет өкілдерінің мәліметінше, трибуналар мен барлық функционалды аймақтарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар мен қолайлы жағдайлар қарастырылады.

Стадионның ресми ашылуы 2026 жылдың тамыз айына, Қырғызстанның Тәуелсіздік күніне жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу