Орталық банктердің шешімінен кейін мұнай бағасы құлдырай бастады

Бір уақытта бірнеше елде базалық мөлшерлеменің көтерілуі "қара алтынға" сұранысты төмендетті.  

Орталық банктердің шешімінен кейін мұнай бағасы құлдырай бастады Фото: google.com

Еліміздің бюджетіне кірістің жартысынан көбі мұнайдан түсетіндіктен, күнде құбылатын "қара алтын" бағасын шолып отыру маңызды, деп жазады inbusiness.kz

Мәселен, соңғы саудада Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 73 долларға дейін төмендеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, трейдерлердің көңіл-күйіне АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллдің базалық мөлшерлемені көтеру түралы мәлімдемесі әсер етсе керек.

Бұған дейін Ұлыбритания (+50 б.р.), Швейцария (+25 б.р.), Норвегия (+50 б.р.), Түркия (+650 б.п.) базалық мөлшерлемелерін күрт арттырды. Нәтижесінде жаһандық экономиканың дамуы баяулай түседі деген болжам мұнай нарығына жағымсыз ықпал етті. Бұған АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қорларының азаюы туралы ақпарат та еш ықпал ете алмады. 

Мұның себебін экономист Бауыржан Шурмановтан сұрадық. Сарапшының пайымынша, әлемде мұнайға сұраныстың төмендеуі дәл осы базалық мөлшерлемелерге тікелей байланысты. 

"Мұның логикасын түсіндіре кетейін. Базалық мөлшерлеме қаншалықты төмен болса, халық көбірек несие алады, сауда жасайды, бизнестерін дамытады. Яғни, ресурстарды тұтынады. Бұл ретте негізгі ресурс мұнай болып есептеледі", – деген экономист Түркияны мысалға алды. 

"Түркияда базалық мөлшерлеменің күрт өскенін көріп отырмыз. 22 маусым аталған ел орталық банкі көрсеткішті 8,5%-дан 15%-ға көтерді. Бұл соңғы 2 жылдағы алғашқы мұндай қатаң шешім. Теориялық тұрғыдан инфляцияны төмендету бойынша шұғыл және қажетті шара деуге болады. Енді өз аймағындағы ірі экономикалардың бірі ресурстарды азырақ тұтына бастайды. Сонымен қатар АҚШ ФРЖ базалық мөлшерлемені төмендетпейтінін мәлімдесе, Ұлыбритания, Швейцария, Норвегия сынды елдер оны көтеріп үлгерді. Осылайша, бұл әлемдік экономиканың дамуы тежелгенін көрсетеді. Нәтижесінде мұнайға сұраныс төмендеді, баға түседі", – деп түсіндірді маман.

MarketWatch басылымы бүкіл әлем бойынша орталық банктердің ақша-несие саясатын қатаңдатуы – жаһандық экономиканы рецессияға итермелеуі мүмкін, деп мәлімдеді.      

"Бейсенбі күнгі мұнай бағасының күрт төмендеуі жұма күнгі сессияға дейін жалғасты, WTI тағы да барреліне 69 доллар төмен саудаланды", – деп жазылған Saxo Bank мәлімдемесінде. 

Бұған қоса әлемдік нарықта АҚШ долларының құны қымбаттауда, ол басқа валютамен сауда жасайтын елдер үшін мұнайдың тартымдылығын төмендетеді. Доллардың басқа алты негізгі әлемдік валютаға қатысты құнын бағалайтын DXY индексі жұма күнгі саудада шамамен 0,5%-ға өсті.

Ал Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың тамыз фьючерстерінің бағасы барреліне 1,14 долларға (1,5%) арзандап, 73 долларды құрады. 

Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) тамыз айындағы WTI фьючерстерінің бағасы осы уақытқа дейін 1,28 долларға (1,8%) төмендеп, барреліне 68,28 долларға дейін төмендеді. Жалпы апта басынан бері мұнай бағасы 4%-дан аса арзандады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу