Орталық жылу желісіне қосылған ауылдықтар бүрсең қағып отыр

2013

Үйді жылытар пеш те жоқ. 

Орталық жылу желісіне қосылған ауылдықтар бүрсең қағып отыр

Павлодар облысының орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Новочерноярка ауылында орталық жылу желісі тартылған болатын. Бірақ бүгінде одан қайран болмай тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл ауылда кеңестік кезеңнен қалған 16 көпқабатты үй бар. Мұнда барлығы 800-ден астам адам тұрады. Осы уақытқа дейін тұрғындар көпқабатты үйдің ішінде от жағып, жылынудың амалын жасады. Бірақ бір қабаттан екінші қабатқа өтетін пештің мұржалары қауіп төндіре бастады. Қатты отынды сақтау, төртінші қабатқа шелек-шелек көмірді көтеру, кейін оның күлін қайтадан далаға шығару да қолайсыздық тудырды. Сондықтан жергілікті тұрғындар өткен ғасырда қараусыз қалған орталық жылу желісін қайта жаңғыртуды сұрады. Тіпті, бұл іске "Nur Otan" партиясы араласып, төрағаның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келді. Ауылда қазандық салу жобасы партияның бақылауына алынды. Сөйтіп бұл жобаны жүзеге асыруға шамамен 700 млн теңге қарастырылатын болды.

Мердігер компания – "Ай-Су Мелиорация" ЖШС жылу құбырларын тарту бойынша жұмыстарды жүргізді. Соның нәтижесінде 4 көпқабатты баспана, балабақша, мектеп, дәрігерлік амбулатория мен бірнеше жеке үй орталық қазандық арқылы жылытылатын болды. Мұндай жағымды жаңалықты көптен күткен көпшілік пәтер ішіндегі пештерді алып тастап, жылу батареяларын жаңартып, үйдің ішін жөндеді. Енді тұрғындар асығыстық танытқандарына өкініп отыр. Себебі мемлекеттік қазынадан миллиондаған теңгеге салынған қазандықтан түк пайда жоқ.  

"Біз "Өркениетке қолымыз жетті" деп қуанып, пештерді алып, мұржалардың орындарын бекітіп тастадық. Себебі орталық желі үйімізді жылытарына нық сенімді едік. Алайда олай болмай шықты. Мердігер тек қараша айында нақты іске кірісті. Оған дейін тұрғындар үйлерінде тоңып отырды. Кішкентай балалары бар отбасылар қосымша жылыту құралдарын қосуға мәжбүр болды. Жұмысшылар өз ісін аяқтап кетті, ал біз әлі күнге дейін дірдек қағып отырмыз. Бұлай боларын білгенде ескі пештерді алмайтын едік", – дейді тұрғын Татьяна Новожилова.

Черноярка ауылдық округінің әкімі Ермек Тақтауыловтың айтуынша, қазандық толық қуаттылықта жұмыс істеп тұр. Ал пәтерлер ішінің суық болуына көрші пәтерлердің бос тұруы себеп болуы мүмкін. 

"Орталық жылу желісіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің кейбірінде адам тұрмайды. Сондықтан жылу бос тұрған пәтерлерге таралуы мүмкін. Қазіргі кезде бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз", – дейді ауыл әкімі.

Бүгінде төрт көпқабатты баспанадағы 192 пәтердің 82-сі қаңырап бос тұр. Оларға көшіп келуге ниетті адам жоқ. Жергілікті биліктің пайымынша, бұл пәтерлердің барлығына адамдар қоныстанса, үй де жылына бастайды. Бірақ суық үйге қоныстануды қалайтын отбасының табыла қалуы екіталай.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу