Орынбасарлар орын босатты

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
3037

Елдегі бензин дефицитінің салдарынан энергетика министрлігі мен "ҚазМұнайГаз" компаниясы басшылығындағы лауазымды тұлғалар  қызметінен босатылды. 

Орынбасарлар орын босатты

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев энергетика вице-министрі Әсет Мағауов пен "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевты қызметінен босатты. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сөгіс алмақ.

Естеріңізге сала кетейік, елдегі бензин дефициті тұрғындарды әбден титықтатып жіберді. Мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылды. Қоймалардағы сұйық отынның қоры азайды. Ал жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері Ресейден өнім тасымалдап, импорт көлемін арттыруға мәжбүр болды. Осының салдарынан бензин бағасы күрт өсті. Оған қол жеткізудің өзі мұңға айналды. Қыркүйек айынан бері елімізде бензин жетіспеушілігі сезілді.  

Сірә, премьер-министр үкімет отырысы қарсаңында елордадағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бірінен темір тұлпарын "суарып" алуды көздесе керек. Алайда кезекте тұрған көліктерді көріп, тағаты таусылған-ау шамасы. Себебі бензин дефицитіне "кінәлі" шенеуніктерге шүйліккен Бақытжан Сағынтаевтың жүзінен ызғар байқалды. Энергетика министрлігі мен "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның ақталуы үкімет басшысына ұнаған жоқ. Премьер-министр "Мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге жабылды", "Ресейден жеткізілетін жанар-жағармайдың бағасы өсті" деген жаттанды сылтауларды тыңдағысы да келмеді. 

"Мен бұл түсініктемелерді қабылдай алмаймын. Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарының көктемнен күзге ауыстырылатыны туралы хат мамыр айында жазылды емес пе?! Екі зауыттың бірінен соң бірі жұмысын тоқтататынын барлығы жете түсінді. Сондықтан жағдайды ертерек реттеуге мүмкіндік бар еді. Қанша бензин керектігін, оның қайдан алынатынын, қандай өңірлерге жөнелту керектігін алдын-ала есептеуге уақыт жеткілікті еді. Бұл іспен қыркүйекте айналысудың реті жоқ", – деді Бақытжан Сағынтаев.

"Жоқ жерден мәселе туындады. Сылтаудың бәрі бағам айырмасына, көрші елдегі бағаға, импорт көлемінің ұлғаюына сілтеніп отыр. Бұған дейін біздегі бензиннің бағасы төмен және Ресейге жөнелтудеміз деп жүрдік. Енді Ресейдегі баға қымбат және олар бензинді Қазақстанға сатпай отыр. Айтылатыны – жаттанды сылтулар. Мен мұнымен келісе алмаймын және мұны тікелей қызметтік міндеттерді орындаудан жалтару деп білемін. Бұл үшін жауапкершілікке тарту керек", – деді премьер-министр.

Премьер-министр екі шешім қабылдады. Біріншісі – энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс (сөгіс беру туралы шешімді ел президенті қабылдайды) жариялау. Екіншісі – елдегі жанар-жағармай нарығы мен  мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын қадағалауға жауап беретін энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босату. 

"Үкімет мүшелеріне тәртіптік шара қолдануға қатысты шешімді президент қабылдайды. Бүгін мемлекет басшысының атына энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс жасаймын", – деді үкімет басшысы.

"Ал вице-министрлерге қатысты шешімді мен қабылдаймын. Сондықтан вице-министр Әсет Мағауовты қызметінен босату туралы шешім шығарамын. Үкіметтің шешіміне байланысты тиісті құжаттарды дайындауды кеңсеге тапсырамын", – деді Бақытжан Сағынтаев.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басшылығына да елдегі бензин тапшылығына байланысты жауап беруге тура келді. Өйткені жөндеу жұмыстары күзге шегерілген Атырау, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары – ұлттық компанияның басқаруында. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарамасының төрағасы Сауат Мыңбаевқа да сөгіс жарияланды. Оның орынбасары тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі атқарушы вице-президент Данияр Берлібаев қызметінен босатылды.

"Премьер-министр және "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарамасының төрағасы Сауат Мыңбаевқа өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолдану есебінде сөгіс жариялауды тапсырамын. Сондай-ақ өз міндетін лайықты атқармаған "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевты қызметінен босату туралы шешім шығарамын", – деп түйіндеді премьер-министр.

Мақала толықтырылуда.

Фархат Әміренов, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу