"Орынсыз бомбалау": Сайлау жақындаған сайын Байден Израильді сынай бастады

2333

Ол Израильдің жаһандық қолдаудан айрылып жатқанын ескертіп, Нетаньяхуға өзгеруге кеңес берді.

"Орынсыз бомбалау": Сайлау жақындаған сайын Байден Израильді сынай бастады Фото: nytimes.com

АҚШ Президенті Джо Байден сейсенбі күні Израиль Газа секторын "таңдаусыз" бомбалауына байланысты жаһандық қолдауды жоғалтып жатқанын ескертіп, Биньямин Нетаньяхуға өзгеруге кеңес берді. Бұл мәлімдеме Ақ үй мен Израиль премьер-министрі арасындағы жаңа келіспеушілік туындағанын әшкерелеп отыр.

Байденнің 2024 жылғы сайлауалды науқанын қаржыландыруы тиіс донорларға айтқан бұл сөзі – Нетаньяхудың Газадағы соғысына қатысты ең сыни мәлімдеме.

"Израильдің қауіпсіздігі АҚШ-қа, Еуропа одағына, әлемнің көп бөлігіне сүйене алады... Бірақ Израиль бұл қолдауды орынсыз бомбалау нәтижесінде жоғалта бастады", – дейді Байден.

Израильдің Хамастан кек алу шабуылдары 18 000 адамның өмірін қиды. Сонымен қатар Газа басшыларының айтуынша, 50 000 палестиналық жараланып, гуманитарлық дағдарыс күшейіп келеді.

Бір жеке әңгімеде Нетаньяху Байденге "Сіздер Германияны бомбаладыңыздар, атом бомбасын тастап, көптеген бейбіт тұрғынды қырғынға ұшыраттыңыздар" деген.

Байден оған былай леп жауап беріпті: "Иә, сондықтан бұл институттардың барлығы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сол оқиғалар қайталанбауы үшін құрылған... 11 қыркүйекте біз жасаған қателіктерге жол бермеңіздер. Сол үшін Ауғанстандағы соғысқа киліктік".

Өзінің қайта сайлану науқанына қаражат жинау іс-шараларында жиі сөз сөйлейтін Байден Вашингтондағы қонақ үйде жүзге жуық адаммен, соның ішінде бірқатар еврейлермен кездесті.

Байден оларға бұл өткір пікірін Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан Израильдің соғыс кабинетімен келіссөздер жүргізу үшін Таяу Шығысқа аттануға дайындалып жатқанда айтып отыр.

Ал Нетаньяху сейсенбі күнгі мәлімдемесінде Израильдің Газада құрлықтық операция жүргізуіне АҚШ-тан "толық қолдау" тапқанын және Вашингтон "соғысты тоқтату жолындағы халықаралық қысымға" тосқауыл қойғанын жариялады.

Бірақ ол "Хамастан кейінгі болашаққа қатысты келіспеушіліктер бар екенін және бір мәмілеге келуге үміттенетінін" атап өтті.

Палестина мемлекеті

Қаражат жинау шарасында Байден Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі және оңшыл саясаткер Итамар Бен-Гвирді еске алып, "бұл Израиль тарихындағы ең консервативті үкімет" деп мәлімдеді.

Тағы бір сөзінде Байден Нетаньяху "өзгеруі керек" деп, "Израильдегі үкіметтің жағдайды қиындатып жатқанын" жасырмады.

Дегенмен, Байденнің сөзінше, Израиль Палестина мемлекетіне "жоқ" деп айта алмайды.

"Бізде аймақты біріктіруді бастауға мүмкіндік бар... Бірақ Бибидің (Нетаньяху) қандайда бір қадамдар жасау керектігін түсінетініне көз жеткізуіміз керек... Сіз Палестина мемлекетіне "жоқ" деп айта алмайсыз", – дейді АҚШ президенті.

Нетаньяху сейсенбі күнгі мәлімдемесінде "Израильдің Ослоның қателігін қайталауына жол бермейтінін" ескертті. Осы тұста айта кету керек, Ослода 1990 жылдары бейбіт келісім жасалып, оған сәйкес, Газа секторында, Батыс жағалауда, Шығыс Иерусалимде Палестина мемлекетін құруды көздейтін Палестина автономиясы (ПА) құрылды.

Вашингтон осы автономия билігінің Хамас үкіметі күйрегеннен кейін Газаға оралатынын болжап отыр.

Нетаньяху болса, "Терроризмді үйрететін, терроризмді қолдайтын және терроризмді қаржыландыратындардың Газаға кіруіне рұқсат бермеймін" дейді. Палестина мұндай айыптауларды үнемі жоққа шығарып келеді.

Алғашында Байден Израильдің Газадағы хамастықтарға қарсы әскери операцияларын қатты қолдады. Бірақ бейбіт палестиналықтардың көптеп қырғынға ұшырауы АҚШ президенті мен оның командасының алаңдаушылығын күшейтіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу