Өскеменде жол белгілері жолсыздықпен сатып алынған

3079

Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік аудит департаменті қала әкімдігінің жол белгілерін 500 мың теңгеден сатып алуына қатысты тексерудің қорытындысын жариялады. 

Өскеменде жол белгілері жолсыздықпен сатып алынған

Аудиторлық есептің мәліметі бойынша Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ҚР "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңын бұза отырып жол белгілерін бір көзден тікелей келісімшарт бекіту арқылы сатып алған. Тексеру тікелей келісімшарт жасаудың негізі болмағанын анықтады. Өйткені "Восток-АвтоПром" ЖШС-ның "жарық-диотты, ескертпе және жол белгілерін" сатып алуда айрықша құқығы жоқ".

Аудит кезінде Юлия Миронованың атына берілген авторлық құқықпен қорғалатын нысандардың мемлекеттік тізбесіне енгізу туралы куәлік  көрсетілген. Куәлік "Жаяу жүргінші жолы" белгісін орнатуға арналған діңгектің "Attention" дизайн жобасына" берілген. Жоба авторы (Юлия Миронова) мен "Восток АвтоПром" ЖШС (басшысы Юлия Миронова) арасындағы құқықтық қатынас туралы келісімшарт та аудитке ұсынылған. Ал мемлекеттік сатып алу конкурсының құжаттарында тапсырыс беруші мүлде басқа тауар аталымын көрсеткен.

"2020 жылдың 22 ақпанындағы №2 келісімшарт бойынша Ю.В. "Жаяу жүргінші жолы" белгісін орнатуға арналған діңгектің "Attention" дизайн жобасының" мүліктік құқығын Юлия Миронова "Восток АвтоПром" ЖШС-ға берген. 2020 жылдың 21 ақпанындағы "Жаяу жүргінші жолы" белгісін орнатуға арналған діңгектің "Attention" дизайн жобасы" нысанына берілген авторлық құқықпен қорғалатын нысан куәлігі де серіктестікке тапсырылған. Ал 2020 жылдың 18 наурызындағы "Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ мен "Восток-АвтоПром" ЖШС арасындағы №050140000903/200066/00 келісімшарт бойынша сатып алынған тауар – "жол белгісі", – деп жазылған облыстық мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Жәния Жұмжұменованың қолы қойылған аудиторлық есепте.

Департамент басшысының орынбасары аталған заң бұзушылық 30 млн теңгенің мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне әсер еткенін айтады. Өйткені конкурс мемлекеттік сатып алуды өткізу принциптерін бұза отырып жүргізілген.

Сметаның да сұрауы бар

Аудит кезінде сатып алынған тауардың бағасына қатысты да заң бұзушылықтар анықталып отыр. Әу баста ТҮКШ бөлімінен реттелмейтін жаяу жүргінші өтпелеріне арналған жарық-диотты жол белгілерін сатып алу үшін "Елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету" 021 бюджеттік бағдарламасы бойынша "Өзге де қызметтер мен жұмыстар ақысы" 159 спецификасымен 30 млн теңге бөлінген.   
Бюджет өтінімінде "Өскемен қаласында жарық-диотты жол белгілерін орнату" құнының сметалық есебі ұсынылған. Ол смета бойынша 2 жарық-диотты жол белгісін орнату 1 млн теңгені құрайтыны көрсетілген. Ал әрі қарай 30 млн теңге көлеміндегі шығын "Өзге де құралдарды сатып алу" 419 спецификасына ауыстырылған. Осылайша ТҮКШ бөлімі "Восток АвтоПром" ЖШС-нан жол белгілерін 419 специфика бойынша сатып алған. Бұл жерде сатып алынған тауардың бағасын негіздейтін құжаттар жоқ болып шықты. Аудиторлар тапсырыс берушінің қолында конкурстық негізде сатып алынған тауардың  бағасына қатысты негіздеме жоқ болуына байланысты тиісті органдарға бағаның қалыптасуына қатысты туындаған сауалдарды зерделеу қажет деп отыр.

Құжатта аудиторлық есепке қол қоюшы тараптың қарсылығы бар екені және бұл есеп ҚР "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау" Заңының 11-1 бөлімінде көрсетілген тәртіп бойынша уәкілетті орган жанындағы аппеляциялық комиссияның қарауына түсуі мүмкін екені жазылған.

Жалғасы бар

Мемлекеттік аудит департаменті Өскемен қаласының полиция басқармасына ҚР стандарттарына сәйкес келмейтін жол белгілерінің орнатылуы қаншалықты негізді екенін анықтау үшін сұрау салып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік аудит тексеруінің нәтижелері облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, "Nur Otan" партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалына жолданған.

"Жалпы көрініс айқындалды, мемлекеттік аудиттің актісі қолымызға тиді. Енді бұл іспен тиісті органдар айналысады. Процедура ұзаққа созылып кетуі де мүмкін. Бірақ заң бұзу фактісі тіркелді", – дейді "Nur Otan" филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төрағасы Елена Березинская-Әбілова.

Еске салсақ, 17 қыркүйекте Іnbusiness.kz Өскемен қаласының әкімдігі жол белгілерін әр данасын 500 мың теңгеден сатып алғаны туралы жазған болатын. Тауар жеткізуші – "Восток-АвтоПром" ЖШС, тапсырыс беруші – Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Қоғамдық ұйым өкілдері қалада қосымша жол белгілерін орнатудың қажет болмағанын айтып, осы оқиғаға наразылық танытқан еді.
26 қыркүйекте мақалада аты аталған қалалық мәслихат депутаты, "Восток-АвтоПром" ЖШС-ның басшысы және екінші құрылтайшысы Юлия Миронованың осы жолдардың авторы, inbusiness.kz-тің меншікті тілшісінің үстінен полицияға арыз түсіргені белгілі болды. Арызданушы материал жарияланған кезде кеткен техникалық қате (көп өтпей түзетілген) оның денсаулығы мен бет-беделіне жағымсыз әсер етті деп есептеген. Ол бұл мәселе бойынша Фейсбук әлеуметтік желісінде посттар жазылып, бірнеше БАҚ материалды көшіріп басса да, мақала авторы алғашқы дерек көзі ретінде жауап беруі керек деп отыр. Тіпті журналисті жала жабу дерегі бойынша жауапкершілікке тартуды талап еткен. Мұны тілші де, республикалық портал редакциясы да БАҚ-қа көрсетілген қысым деп қабылдайды. Ал "Nur Otan" филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі мәселені қарағаннан кейін "Nur Otan" партиясының Өскемен қаласы бойынша филиалына, қала әкіміне қымбат жол белгілерін алуға кеткен мемлекет қазынасының бюджет қаржысын қайтаруды бақылауға алуға кеңес берді. 

Кейін қоғамдық ұйым өкілі Роман Честныхқа да депутаттар тарапынан сотқа дейінгі наразылық түскені белгілі болды. Айтпақшы, "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі берген ұсынысты қаперге алған ешкім жоқ сияқты. Кеңеске осы оқиғаға қатысты ақпарат 5 қазанда жазбаша түрде берілуі керек болған. Бірақ әлі хабар жоқ.

Жанар Асылханова, ШҚО

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу