Шығыс Қазақстанда облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында Өскемен қаласын жылумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Себебі соңғы жылдары шаһарда құрылыс жұмыстары қарқын алып, орталық жылу жүйесіне қосылып жатыр.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде көпқабатты үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соған байланысты алдағы жылдары жылу энергиясының тапшылығы туындамас үшін бірқатар шара қолға алынуы тиіс.
- Қазірдің өзінде жылу орталығындағы №2 қазандықты кеңейтуге арналған жобалық-сметалық құжаттама бар. №16 қазандық агрегаты бойынша да ауқымды жоба дайындалуда. Меншік иесі оны іске асыру мерзімдерін анықтап, құжаттарды ретке келтіруде. Осы жобаларды жүзеге асыру қосымша 240 гигакалория береді. Бұл алдағы бес жылдағы жылу тапшылығын жояды, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Өз сөзінде ол қала әкіміне талдау жүргізу және қуаттылықты арттыру үшін не істеу керектігін саралауды, жаңа ЖЭО салу немесе қолда бар жылу көздерін жаңғырту үшін жобалаушы мамандарды шақыруды тапсырғанын жеткізді.
- Өскеменде құрылыс қарқыны төмендетпейтіндіктен, жылу тапшылығы туындамас үшін барлық тиісті жұмыс атқарылатын болады. Жағдай тұрақты бақылауда, - деді аймақ басшысы.
Даниал Ахметов жағдайды бақылауда ұстап отырмыз дегенімен жылту маусымы бастала салысымен Өскеменнің тұрғындары үйлерінің суып кеткенін айтып шағымданған болатын.
Қалада сынап бағанасы минус 40 градусқа дейін төмендегенде жылу электр орталығының жұмысы да сыр берген. Салдарынан көпқабатты тұрғын үйлермен қатар мекемелерден де жылу кетіп, жұртты әбден әбігерге салған болатын.