Өскемендегі өлім неден болды

"Май" зауытының басшысы жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан.

Өскемендегі өлім неден болды

Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан облысының өндіріс орындарында 38 адам қайтыс болды.

Облыстық статистика департаментінің мәлімдеуінше, былтыр 242 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Антирейтингте Семей қаласы көш бастап тұр. Жұмыста көз жұмған әрбір 20 адамның үшіншісі семейлік болған. Өскеменде де жағдай оңып тұрған жоқ. Әрбір бесінші адам өндіріс орнында жазатайым жағдайға тап болып жүр.

Статистердің сөзінше, өндірістік жарақат деңгейі мың адамға шаққанда 0,7%. Бұл өндірістегі 1428 қызметкердің біреуі жыл сайын денсаулығына зақым келтіреді деген сөз.

Жұмыста жүріп жарақат алғандардың 47%-ы кен орындарының қызметкерлері. Шетелдік кәсіпорындардағы жағымсыз статистиканың  көрсеткіші - 33%. Қалған 20% мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі.

Еліміздің өзге өңірлері сияқты Шығыс Қазақстан облысында да ең қауіпті жұмыс орны - шахта. Өткен жылы жер астында 71 адам кен өндіру кезінде зардап шеккен. Өңдеу кәсіпорындарында 70, құрылыс компанияларында 20 адам жарақат алған. Өлім көрсеткішіне келетін болсақ, мұнда жекеменшік кәсіпорындардың үлесі басым. Былтыр жан тапсырған 20 адамның 11-і жекеменшік компанияда жұмыс істеген.

Статистика мамандарының мәлімдеуінше, былтыр 65 адам салғырттығының салдарынан денсаулығына зиян келтірген. Өндірістік жұмыстың нашар ұйымдастырылуынан 40 адам оқыс оқиғаға тап болған. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуының кесірінен 30 адам зардап шеккен. Қалған оқиғалардың барлығы көлік қозғалысына байланысты болған. 13 адам жол ережесінің бұзылуынан, 10 адам көлік ақауынан, 9 адам техникалық үдерістің іркілуінен жарақат алған.

Бұл сандарды өндірістік апат түрлеріне қарай жіктесек, төмендегідей дерек шығады. 46 адам өзі құласа, 30 адам қозғалатын тетіктің әсерінен жараланған. 26 жұмысшы жердің опырылуынан зардап шексе, 24 адам қызметтік көліктің ақауынан жараланған. Жарақаттардың көбі жабық сынық деп тіркелген.

"2017 жылы майып болған 57 адамда жабық жарақат, 44 адамда жеңіл-желпі жарақат, 28 адамда ішкі органдардың жарақаты, 16 адамда буын шығуы немесе таюы, 14 адамда ашық сынық пен ашық күйік тіркелді", – делінген статистикалық мәліметте.

Статистер жарақат түрлерін осылай жіктесе де, еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын орган өкілдері өндірістік тәуекелдің көбі екіжақты кемшіліктің салдарынан болатынын алға тартты. Сондай оқиғаның бірі 2017 жылдың аяғында "Май" АҚ зауытында болды. Бұл апатқа ерекше тоқталып отырғанымыз, жарылыс салдарынан 2 жұмысшы қатты күйікке шалдықты. Салдарынан бір адам 6 күннен соң көз жұмды. 

"Жарылысқа жылу құрылғысы себеп болды. Сондықтан комиссия ішінен комиссия құруға тура келді. Тексеруге энергетика мамандарын тарттық, бу коллекторының металл құрамы да сараптамадан өтті. Қондырғының астыңғы және үстіңгі бөліктері екі түрлі болаттан дәнекерленген екен. Бұдан басқа да бірнеше қайшылықтар болды. Бір сөзбен айтқанда, бу коллекторы талапқа сай орнатылмаған болып шықты", – дейді комиссия мүшесі Медет Мұса.

Еңбек инспекциясы өкілінің айтуынша, зардап шеккен жұмысшылар бу коллекторына берілетін судың мөлшерін қадағаламаған. Су қажетті мөлшерден тыс беріліп, артық қысым бу коллекторын жарып жіберген. Аға машинист Алексей Столяров құбырдан шыққан будың ортасында қалып, денесінің 70%-ын күйік шалған. Ал қазандық шебері Борис Катаевтың бет-аузы мен қол-аяғы күйіп қалған. Алексей Столяровтың қазасына 70% жұмыс беруші, 30% өзі кінәлі деген шешім шықты.

"Ішкі комиссия мүшелері бу коллекторы ақаусыз болған күннің өзінде артық берілген судың қысымына шыдамас еді деген тұжырымға келді. Аға машинист су мен будың деңгейін көрсетіп тұратын құрылғыларға назар аудармаған", – деді Медет Мұса.

Оның сөзінше комиссия Борис Катаевтың учаске шебері бола тұра, жұмысты тиісінше ұйымдастырмағанын назарға алыпты. Қайғылы оқиға "өндірістік апат" деп тіркеліпті.  

"Май" АҚ зауытындағы жарылыстың нүктесін қою үшін бірнеше ай уақыт жоғалттық. Зауыт басшылығы жауапкершіліктен жалтарғысы келді. Комиссия шығарған шешіммен келіспей, істі созып жүріп алды. Жалпы, кез келген кәсіпорынның басшысы кінәсін мойындап, одан сабақ алудан гөрі жауапкершіліктен сытылып кетудің амалын қарастыруға бейім тұрады", – деді Медет Мұса.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу