Өскемендегі "Востокмашзаводқа" жаңа инвестор келді

"ҚТЖ" дағдарыстан құтқара алмаған зауытты германиялық компания тексереді. 

Өскемендегі "Востокмашзаводқа" жаңа инвестор келді Фото: ratel.kz

Өскемендегі 60 жылдан астам тарихы бар көне зауыт заман көшіне ілесуге тағы бір мүмкіндік алды. Кезінде Кенді Алтайдың қазба байлығын игерген кәсіпорындарды құрал-сайманмен жабдықтаған кәсіпорын Кеңес одағы құлағаннан кейін талай рет бағытын өзгертіп көрді. Өйткені, өңірдегі кеніштер жеке меншікке өткендіктен, бұл зауыттың өніміне тапсырыс берушілер азайған болатын. Әлемдік нарық ашылғандықтан, ескі технологияларға арқа сүйейтін кәсіпорын шетелдік бәсекелестерімен үзеңгі қағыстырып кете алмады. Тұрақты тапсырыс болмағандықтан, шикізат пен қосалқы бөлшектер дайындап беретін цехтары қысқара берді. Қолдан-қолға өтіп, әбден тоналып біткен кезде ғана мемлекет  тарапынан "қамқорлық таныту" басталған. 

Әсіресе "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы барлық қарыздарымен қоса сатып алған кезде мұндағы ұжым оң өзгерістен үміттенген болатын. 10 жылдан астам уақыт өтсе де, ұлттық компания зауыттың басындағы проблеманы кешенді түрде шешіп бере алмады. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп, зауытты теміржолға қажет бөлшектер шығаратын ұтқыр кәсіпорынға айналдыру жоспары жасалған болатын. Сол үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай көмектер де берілді. "ҚТЖ" ҰК өз бюджетінен де қаражат бөліп, тапсырыспен қамдап көрді. Ал зауыттағы әбден ескірген технологияны жаңарту үшін Қытайдан бір топ маман келіп, бірнеше жыл еңбек еткен. Олардың міндеті №10 цехтың жұмысын заманауи технологияға көшіру болатын. Бірақ бұл жобаның да соңы сиырқұйымшақтанып кеткенін бүгін уақыт көрсетіп отыр.

№10 цех теміржол бөлшектерін шығарып бастағанымен, оны алушылар табыла қоймаған. Теміржол саласындағы монополистің қарамағындағы зауыттың теміржол бөлшектері сұранысқа ие болмай жатқанын қарапайым қисынмен түсіну қиын, әрине... Жоспарланған жөндеу жұмыстары да қағаз жүзінде қалған. Аудан орталықтарын абаттандыру науқаны басталған кезде облыс әкімдігі темірден жасалатын шам діңгектері мен орындықтарды, темірден иілетін гүлзар бұйымдарын осы зауытқа жасату туралы нақты тапсырма да берген. Бірақ үлкен ұжымы бар зауытты жылдар бойы қордаланған дағдарыстан шығару үшін мұндай ұсақ-түйек тапсырыстар жеткіліксіз еді. Есесіне, сырттан қараған адамға әкімдік кәсіпорынды құрдымнан алып шығару үшін шамасынша қарманып жатқандай көрінетін. 

Қазір бұл кәсіпорынның өнімдеріне деген тапсырыс мүлде түсіп кеткен. Соның кесірінен жұмысшыларға соңғы екі айдың еңбекақысы берілмепті. Оның өзінде ұжымның 70 пайызы ғана қазір жұмысқа шығып жүр.

Соңғы дерек бойынша, "Востокмашзавод" АҚ-ның қызметкерлеріне қарызы 48,7 млн теңгеден асқан. Яғни, 420 қызметкер желтоқсан айының жалақысын алмаған. Жұмыс беруші аударатын зейнетақы салымы мен әлеуметтік төлемдер, МӘМС қорына салатын төлемдер де түспеген. Қаңтардан бері зауыттың жұмысы қаңтарылып тұр. 

"Қазір мұнда 4 күндік жұмыс аптасының 50% төлемімен 220 адам еңбек етуде. Кәсіпорында "ВМЗ Инвест" ЖШС дейтін жаңа инвестор пайда болды. Ол зауытты дамыту бойынша 2021 жылдың 1 жарты жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Негізгі міндет – №10 вагон құю цехын іске қосуға және кен бұрғылайтын қашау өндірісін қалпына келтіруге өз қаражатын инвестициялау. Олар компанияның қарыздарын өтеуге көмектесуге дайын", – дейді ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.

Зауыт директорының міндеті атқарып жүрген Қанат Қалиев жұмысшылар алдындағы айлық қарызы төлене бастады деген ақпар беріп отыр. 

"Қараша айының қарызын 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін алды. Ал желтоқсан айының қарызын – 10 ақпанға дейін төлеу жоспарлануда. Әлеуметтік аударымдар да төленеді", – дейді ол.

Зауыт директоры совет заманында бұл кәсіпорын тау-кен өндірісіне қажет 5 мың түрлі тауар шығарғанын еске алды. Қазір олардың бір де бірі кен өндірісінде қолданылмайтын көрінеді. "ҚТЖ" ҰК уәде еткен жөндеу жұмыстары іске аспағандықтан, қазір мұндағы қондырғылардың 80 пайызы істен шыққаны да айтылды.

Оның айтуынша, зауыттың қазіргі шығыны 1 млрд теңгеге жеткен. Соңғы жылдары "ҚТЖ" тек жұмысшылардың айлығын субсидиялап келген көрінеді. 

Жаңа инвестор әуелі қарыз бен шығын мәселесін реттеп, содан кейін кәсіпорын жұмысын жаңа бағытпен жолға қоймақшы.

"Жаңа инвестор кәсіпорынның барлық сұрыпталымын қайта қарайды. Біз бәсекеге қабілетті болу үшін қазіргі қоғамның сұранысына жұмыс істейтін боламыз. 2 ақпаннан бастап бізге жағдайды бағалап,  технологиялық процестерді қайта құруға көмектесетін германиялық компания келеді. Өндіріс жабылмайды және қызметкерлерді қысқарту жоспарда жоқ", – дейді Қанат Қалиев.

Ашық ақпарат көздерінде "ВМЗ Инвест" компаниясының иесі Хегай Денис Леонидович екені көрсетілген. Компания заңды тұлға ретінде Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың 28 шілдесінде тіркелген.  Қызмет аясы "қандай да бір нақтылаусыз, көпшілік тұтынатын тауар сату" деп көрсетілген. Ал Денис Хегайдың атында бұл компаниядан бөлек "Сарбаз Ордабасы" ЖШС, Нұр-Сұлтан қаласындағы "МФК "Аңсар" кәсіпорны,  "ВМЗ Трейд" ЖШС, "Бизнес ЭКСПО" ЖШС бар.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться