Жуықта Өскеменнің іргесіндегі "Радуга" саяжайының тұрғындары әлеуметтік желіде Өскемен – Семей республикалық тас жолынан "Радуга" бау-бақшасына дейінгі жолдың әбіден тозығы жеткенін айтқан болатын. Қала әкімі мәселенің жуық арада толық шешілетінін жеткізді.
Аталған саяжайдың тұрғындары жолдың тозғанын, қоғамдық көліктің өте сирек жүретінін, қыста көшенің қары уақытында күрелмейтіндігін жиі айтады. Тұрғындардың ұсынысынан кейін "Радуга" бау-бақшасына дейінгі жолға жуықта жөндеу жұмыстары басталған болатын. Жөндеу аяқталған соң, жаз мезгілінде жолаушылар саны екі-үш есе артатын №53 бағыттағы автобус соңғы аялдамаға дейін қатынайтын болады.
– Сіздердің өтініштеріңізге орай, мамыр айының соңына дейін үлкен тас жолдан бергі аралықты жөндеуді аяқтаймыз. Содан кейін жарықтандыру жұмыстарын бастаймыз. Қыста да қарын күреп тұрдық. Қатынас үзілмеді, автобус жүріп тұрды. Қажет болса, автобустар санын да арттырамыз. Сіздерге өтініш, қалаға кіретін саяжайлық аумақтарға жасалып жатқан осындай қолдауларға атсалысып, тұрып жатқан көшелеріңізді таза ұстап, абаттандыруға үлес қоссаңыздар, – деді Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омар.
Қоса кетейік, бұл учаскенің ұзындығы 1 100 метрден асады. Аудан тұрғындары көптен бері осы жолда жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап келген. Жобаның мақсаты – жол бойындағы қауіпсіздікті нығайту және қалаішілік жол желісін дамыту.