Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының өкілі үшін 2026 жылғы Олимпиада ойындары сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отандасымыз жарыстан кейін бұл Олимпиадаға отадан соң қатысқанын жеткізді.
– Бар күшімді салдым. Жалпы, өз өнеріме көңілім толады. Әрине, қос аяқтап түсе алмадым. Бірақ, бұл менің ең сәтті секірулерімнің бірі болды деп ойлаймын.
Екінші секіруді қар үстінде орындадым. Оны өмірімде екінші рет қана жасадым. Себебі, Олимпиадаға санаулы күн қалғанда бағдарламамызды күрделендірдік.
Шынымды айтсам, қатты қуаныштымын. Өйткені, желтоқсанда жарақат алып, ота жасаттым. Отадан кейін қалыпқа келуге ұзақ уақыт кетті. Солай бүкіл маусымды өткізіп алдым. Соған қарамастан осында келіп, Олимпиадада өнер көрсеткеніме өте ризамын, – деп ағынан жарылды ол.
Спортшы маусымның басым бөлігін өткізіп алғандықтан, психологиялық қысымның сезілгенін жасырмайды.
Оның үстіне күн райы да қолайсыз болған.
– Жаттығу кезінде бәрі жақсы еді, бірақ аяқталған соң үзілісте ауа райы күрт бұзылып, қалың қар жауды. Қардан кейін жел көтерілді. Бақытымызға орай, жарыстар тоқтатылды. Ал бүгін күн ашық, жел де қатты емес. Жағдай өте жақсы.
Ертең ерлер құрамасы өнер көрсетеді. Жігіттерге сенемін. Олар финалға да, суперфиналға да өтеді деп үміттенемін. Құдай қаласа, жүлде үшін таласады, – деді Аяна Жолдас.
Еске салайық, отадан соң Олимпиадада бақ сынаған спортшы қос іріктеу кезеңінің нәтижесінде 21-орыннан көрінді.