banner

Отандық банктер шетелдік банктермен бәсекелесе ала ма?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6452

Биыл ел аумағында шетел банктерінің бөлімшелері ашылады.  

Отандық банктер шетелдік банктермен бәсекелесе ала ма?

Былтыр шілде айында "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" заң қабылданды. Аталмыш құжат қаржы нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеді.

Естеріңізде болса, 2015 жылы Қазақстан бүкіләлемдік сауда жүйесін түзіп отырған Дүниежүзілік сау­да ұйымының (ДСҰ) толыққанды мүшесі атанды. Бұл үшін ел билігі 1996 жылдың қаңтарынан бастап 19 жыл үздіксіз келіссөз жүргізді.

Өздеріңіз білетіндей, 2016 жылдан бері Қазақстан ДСҰ талабы бойынша әлем елдерімен еркін сауда айналымын құрып отыр. Халықаралық ұйымның талабына сәйкес, биыл 16 желтоқсаннан бастап ел аумағында шетел банктері бөлімше ашып, қазақстандықтарға қызмет көрсете бастайды. Бұдан Қазақстанның қаржы нарығына қауіп төнуі мүмкін бе, отандық банктер шетелдік банктермен бәсекелесе ала ма, несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендейме, шетелдік банктердің бөлімшелері Қазақстан азаматтарынан депозитке ақша қабылдай ма? Бұл туралы сарапшылар не дейді?

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутованың мәлімдеуінше, шетелдік банктер біздің елде еншілес ұйымын емес, бөлімшесін ашу құқығына ие болып отыр. Сәйкесінше олар тәуекелдерді қабылдау кезінде негізгі банктің капиталын пайдаланады.

"Шетелдік ойыншылар квазимемлекеттік сектор субъектілерінен өздеріне қаржы тартып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды несиелендіре алады. Мысалы, Шығыс Еуропа мемлекеттерінің басым бөлігінде қаржылық операцияларды шетелдік банктер жүзеге асырып отыр. Бұдан олардың қаржы нарығына ешқандай қауіп төнген жоқ. Керісінше, қаржы нарығында бәсекелестік пайда болып, қызмет көрсету сапасы артты. Болашақта бізде де осылай болады. Шетелдік банктер Қазақстанның қаржы нарығына қауіп төндіреді деген әңгіме негізсіз. Шетелдік банк бөлімшелерінің ел аумағындағы барлық қаржылық операциялары Ұлттық банктің қадағалауында болады. Шетелдік банктер Қазақтанға келіп заңсыз қаржылық операция жасайды деу қисынсыз",  – деді Елена Бахмутова.

Оның сөзінше, отандық, шетелдік банктерге бірдей мүмкіндік беріледі.

"Үкімет шетелдік банктерді еліміздің қаржы нарығына енгізуге қадам жасардың алдында отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш жұмсады. Ең әуелі банктердің саны қысқарды. Одан кейін бірнеше банк біріктірілді. Отандық банктер заман талабына сай қызмет көрсетсе, шетелдік банктермен бір деңгейде болады. Отандық банктер Қазақстанның қаржы нарығын жақсы біледі. Оларға осы артықшылықты пайдалану және технологиялық трансформацияға басымдық беру қажет. Ерекше атап көрсетерлігі, шетелдік банктер Қазақстандағы қаржылық операцияларын теңгемен жүргізуге міндеттелген. Бұған қоса шетелдік банктердің бөлімшелері Қазақтанға келе сала оңды-солды ақша шашпайды. Ең әуелі нарықты зерттейді. Бұған едәуір уақыт кетеді. Осы аралықта отандық банктер әрекет етіп қалуы тиіс", – деді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы.

Елена Бахмутованың сөзінше, шетелдік банктер несие нарығында "жарылыс" жасай алмайды.

"Шетелдік банктерге Қазақстандағы несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету тиімсіз. Себебі кез келген банк пайыздық мөлшерлемеден пайда көреді", – деді сарапшы.

Шетелдік банктердің бөлімшелері Қазақстан азаматтарынан депозитке ақша қабылдайды. Депозитке салынатын қаржы қомақты болуға тиіс.

Бұл туралы Елена Бахмутова: "Жеке тұлғалар Қазақстандағы шетелдік банктердің бөлімшелеріне 120 мың доллардан кем ақша сала алмайды. Яғни шетелдік банктердің бөлімшелері депозит бойынша еліміздің қалталы азаматтарына ғана қызмет көрсетеді", – деді.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, шетелдік банктердің бөлімшелері Қазақстанға қатты қызығып отырған жоқ. Олар біздің нарықтың аясы тар екенін жақсы біледі.

"Ұлттық банк бізге келетін шетел банктеріне ерекше талап қойып отыр. Соның бірі бірі шетелдік қаржы ұйымының 20 млрд доллардан астам капиталы болуы керек. Бұл біздің елге шетелдің ірі банктері ғана келеді деген сөз. Қазақстанның қаржы нарығына шетелдік банктер келсе, ипотекалық несиенің пайызы төмендейді деп ойлау дұрыс емес. Себебі шетелдік банктердің бөлімшесі Ұлттық банктің ережесімен жұмыс істейді. Бізде Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесі 9,25%", – деді экономист.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу