Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров пен Наоэро Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Лара Эраб Даниэль екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Наоэро Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнатқан әлемдегі 195-ші мемлекет болды. Осылайша, Қазақстан БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнату үдерісін аяқтады. Бұл отандық дипломатия тарихындағы маңызды белеске айналды.
Құжатқа қол қою БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына, оның ішінде мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу, мемлекеттердің теңдігі және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген екіжақты ынтымақтастықты дамытуға негіз қалады.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту перспективаларын талқылады. Ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары ретінде сауда, орнықты даму, цифрландыру және адами капиталды дамыту атап өтілді.
БҰҰ және басқа да көпжақты алаңдар шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты диалог жүргізудің, сондай-ақ Қазақстан мен Тынық мұхиты өңірі мемлекеттері арасындағы әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Наоэро Республикасымен дипломатиялық қатынастардың орнатылуы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, достық байланыстарды нығайтуға және әлемнің барлық мемлекеттерімен сындарлы диалогты дамытуға бағытталған дәйекті саясатын көрсетеді.