Отандық кәсіпкерлердің дені банктік кредитті пайдаланбайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2638

Себебі бизнеске арналған несиелердің талабы қатаң.

Отандық кәсіпкерлердің дені банктік кредитті пайдаланбайды

Деректерге сүйенсек, елімізде 1,2 млн кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың 80 пайыздан астамы банктік кредиттерді пайдаланбайды. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, банктердің бизнеске арналған несиелерінің талаптары тым қатаң.

"Көп жағдайда жеке кәсіпкерлер тұтынушылық мақсатта несие алып, сол қаржының көмегімен кішігірім бизнес бастайды. Банктер шағын және орта бизнес үшін талаптары қатаң емес өнімдерді ұсынғаны абзал. Біз шағын және орта бизнесті ынталандыруымыз керек", – деді Абылай Мырзахметов кәсіпкерлерге арналған таңғы аста.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы "қарапайым заттар экономикасы" жөніндегі жобалық кеңсенің деректерін де көпшілік назарына ұсынды.

Ұйымның мәліметінше, екі айдың ішінде 1 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Қазіргі уақытта 44 бизнес-жоспар мақұлданып, 100-ден астам жоба қарастырылып жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлердің басым бөлігі бизнес-жоспарды дұрыс құрай алмайтын болып шықты. 

"Соңғы 7-8 жылда экономикалық саясатта қызық бір құбылыс орын алды. Бизнеске арналған мемлекеттік бағдарламаларды жазатындар оның іштей қалай жұмыс істейтінін елестете алмайды. Сондықтан біз қанша жерден инвестициялық климат туралы айтсақ та, мұндай жағдайда бизнес алға баспайды", – дейді Абылай Мырзахметов.

Таңғы асқа қатысқан "Қазақстан Халық жинақ банкінің" басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев "Халық банк" шағын және орта бизнеске несие беру бойынша республикада бірінші орында тұрғанын жеткізді.

"Халық банкі" ай сайын кәсіпкерлерге 60 млрд теңгеден астам сомаға несие береді. Біз бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтпақпыз. Шағын және орта бизнесті несиелеу нарығының 45 пайызы біздің банкке тиесілі. Халық банк Қазақстанда бизнесті несиелеуге жұмсалатын әрбір екінші теңгені беріп отыр", – дейді Дәурен Сартаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу