Отандық кәсіпкерліктің дамуы тұрақты экономикаға түрткі болады

Қазақстандағы кәсіпкерлік – ұлттық экономиканың дамуын айқындайтын, халықтың әл-ауқатын жақсартатын негізгі салалардың бірі. 

Отандық кәсіпкерліктің дамуы тұрақты экономикаға түрткі болады Фото: 365info.kz

Елдегі шағын және орта бизнеске берілетін қолдаудың нәтижесінде бүгінде миллиондаған адам еңбекпен қамтылып, тұрмыс-тіршілігін түзеп, түтінін түзу ұшырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2024 жылғы дерек бойынша елдегі ШОБ субъектілерінің саны 1,9 миллионға жеткен, олар жалпы ішкі өнімнің 36,5%-ын қамтамасыз етті. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Шынын айтқанда, мұнымен мақтануға болады.

Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау мақсатында "Бизнестің жол картасы – 2025", "Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы", "Қарапайым заттар экономикасы" секілді бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – кәсібінен нәсіп тапқысы келетін мыңдаған адамға қанат бітірген жобалар. Аталған бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие беру, кепілдендіру, инфрақұрылым тарту және оқыту сынды қолдаулар үздіксіз ұсынылуда әрі жалғасуда. Мысалы, 2023 жылы тек "Ұлттық жоба" аясында 40 мыңнан астам бизнес иесі қаржылық және сервистік қолдауға, көмекке ие болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында кәсіпкерлікке кедергі келтіретін барлық тосқауылды жою, адал жұмыс істейтін бизнес иелерін қорғау, салық және тексеріс жүйесін оңтайландыру міндеттерін айқын белгілеп келеді. Бұл ұстанымдар нақты саясатқа айналып, кәсіпкерлер арасында сенім тудырып отырғанын жасыра алмаймыз.

Ішкі нарықты қорғау арқылы тәуелсіз экономикаға аяқ басамыз

Импорттық өнімдерге тәуелділік мәселесі мемлекет үшін өзекті тақырып күйінде қалып отыр. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық өндірісті дамытуда нақты қадамдар жасалуда. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өндірістік жобалардың іске қосылуы, көптеген жаңа жұмыс орнының ашылуына себеп болуда.

Мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беруді көздейтін жаңа талаптар қабылданды. Соның арқасында "Қазақстанда жасалған" белгісі бар тауарлардың үлесі біртіндеп өсіп келеді. Ол облыс-облыстарға жалғасып, "БҚО-да жасалған", "Қарағандыда жасалған", "Ақтөбеде жасалған" деген секілді тізбектеліп, елдің барлық өңірін қамтуда. Мысалы, бұрын сырттан жеткізілетін құрылыс материалдары, мектеп жиһаздары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері бүгінде отандық кәсіпорындар арқылы жасалып, ішкі нарықты "жаулап" жатыр.

Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" қоры жүйесіндегі сатып алулар да отандық өндірушілерге бет бұрды. Мұндай қадамдар ішкі нарықты қорғап ғана қоймай, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік: Әлеуетті біріктірудің жолы

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік инфрақұрылым мен әлеуметтік салаларды дамытудағы тиімді құралға айналды. Бұл бағытта денсаулық сақтау, білім беру, көлік және спорт салаларында ауқымды жобалар жүзеге асуда.

2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында құны 2 трлн теңгеден асатын 1000-нан астам МЖӘ келісімі жасалған. Мысалы, Алматыда жекеменшік қаржы есебінен бірнеше диагностикалық орталық пен емхана ашылса, Қостанай мен Түркістан облыстарында жаңа мектептер, балабақшалар мен спорт нысандары бой көтерді. Бұл – жеке сектор мен мемлекеттің өзара тиімді ынтымақтастығының көрінісі. Әрі біз мысалға келтіргендер мыңнан бірі деуге болатындай. Бұл жоба да өз нәтижесін көрсетіп келеді.

Кәсіпкерліктің қозғаушы күші

Соңғы жылдары ел билігі кәсіпкерлерге деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, бизнеске әрдайым ашық екенін нақты ісімен дәлелдеп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әкімшілік кедергілер қысқарып, бақылау-қадағалау органдарының бизнеске негізсіз араласуына тосқауыл қойылды. Әлбетте, бұл сөзімізбен салада кем-кетік жоқ дегіміз келмейді. Бірақ, уақыт өте келе нақты ұсыныстар нәтижесімен көш те түзелуде, оны да жоққа шығармаймыз.

2023 жылы кәсіпкерлерге қатысты жоспарлы тексерістер 70%-ға қысқарды. "Регуляторлық гильотина" қағидасы арқылы 10 мыңнан астам ескі норма күшін жойды. Бұл кәсіпкерлікке деген сенімнің артқанын, мемлекеттің нақты қорғаушы әрі серіктес рөлін атқарып отырғанын білдірсе керек-ті.

Иә, кәсіпкерлік – табыс ғана емес, тұрақтылық пен тәуелсіздік кепілі. Отандық бизнес қанат жайса, ел де еңселі болары анық. Сондықтан, ішкі нарықты қорғау, МЖӘ тетіктерін тиімді пайдалану, заңдық негіздерді оңтайландыру – ортақ мүдде. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар нақты нәтиже беріп келеді.

Президент "қайта өңдеуді 70 пайызға жеткізіңдер" деді

Ауыл шаруашылығы, бизнес – қашан да өте маңызды тақырыптардың бірі. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев осы бағыттарды жиі-жиі көтереді. Халық қалаулысына ең бірінші "Сіз үшін қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығының, бизнестің ең маңызды мәселесі қандай?" деген сауалды жолдап көрген едік.

Оның сөзінше, біздің бұл салада шетелден аларымыз көп екен.

– Ең маңызды мәселе – кластерлік коперативтік принципті түрде енгізу. Ауыл шаруашылығында соңғы 30 жылда қандай жоба болмады? Бәрі 100 пайыз орындалып кетті деп алмаймын, әлі де қирап жатқан жаңа жобалар көп. Жасалады, құрылады, салынады. Соның ішінде бюджеттің ақшасымен де салынады. 1-2 жылдан кейін қайтадан қаңырап бос тұрады. Неге, өйткені шикізат базасы, қайта өңдеу деген аралықта тұрақтылық жоқ. Әркім өз көрпесін өзіне тартады, әркім өзі пайда тапқысы келеді, жалқы жүргісі келеді. Бұл түсінікті де бір жағынан. Ал шетелдіктермен салыстырсаңыз, бізде олардыкіндей кластерлік жағдай жоқ. Мысалы, Францияның өзінде қызылша өсіретін 12000 шаруашылықтың өз зауыты бар. Демек, олар біздікіндей зауыттың жалғыз қожайынына алақан жайып отырмайды. Олар сатып алу бағасын қауымдастық болып өздері шешеді, сыртқа шығатын болса да, түскен пайдасы арқылы өздерінің сатып алу бағасын жөндейді. Осылай бүкіл мәселесін шешіп қойған. Бізде ауызбіршілік жоқ. Ешқандай кластер де, кооператив те жоқ. Қазір оны қолға алатын күн жетті. Президент айтты "қайта өңдеуді 70 пайызға жеткізіңдер" деп. Оны қалай жеткіземіз? Мен кластерлік кооперативтік принциптерді дамытуды басты мақсат деп есептеймін, – дейді депутат.

"Бір ауыл – бір өнім" жобасы ерекше назар аударуға тұрарлық

2008 жылы негізгі капиталға құйылған инвестициялар құрылымында шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 33% болса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 57%-ға дейін өсті. Бұл өсім экономиканың әртараптандырылып жатқанын ғана емес, инвесторлардың ШОБ секторының әлеуетіне деген сенімінің артқанын көрсетеді.

– Соңғы он бес жыл ішінде еліміздегі инвестициялық басымдықтарда түбегейлі өзгерістер болды. Бұрынғыдай ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға емес, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне инвестиция тарту деңгейі айтарлықтай артты. Яғни, бүгінгі уақытта ШОБ инвестициялық ағымдардың басты бенефициарына айналып отыр.

2020 жылдан бастап бұл құрылым тұрақты сипатқа ие болды. Шағын кәсіпкерліктің инвестициялық үлесі 49%-дан жоғары деңгейде сақталып отыр, ал ірі компаниялардың үлесі шамамен 44%-ды құрайды. Бұл ШОБ ел экономикасының тек қосымша буыны емес, тұрақты дамудың негізгі тірегіне айналғанын көрсетеді, – деп жазды atameken.kz сайты.

Негізінен, мұндай өсімге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – мемлекеттік және өңірлік деңгейде қолға алынған мақсатты бастамалар. Соның ішінде "Бір ауыл – бір өнім" жобасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл жоба "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып, аймақтарға инвестиция тартуда жоғары тиімділік көрсетуде.

"Бір ауыл – бір өнім" жобасының инвестициялық тартымдылығы – оның кешенді тәсілінде болып отыр. Жоба жергілікті, бірегей өнімдерге негізделген және масштабтау әлеуеті жоғары бағыттарды қамтиды. Мұндай өнімдер инвесторлар үшін ерекше қызығушылық тудыратыны бесенеден белгілі.

"Ауыл аманаты" теңдесіз жоба екенін дәлелдеп келеді

Бір ғана мысал, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту бағытында "Ауыл аманаты" жобасымен ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын білеміз. 2023 жылы өңірде 3 млрд теңгеге 406 жоба, ал 2024 жылы 2,5 млрд теңгеге 376 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 2 жыл ішінде 1110 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл жобалар ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға, өндірістік кооперативтер мен шағын өндіріс орындарын дамытуға бағытталған.

Мысалы, Бесарық ауылында "Абай Дәулет" ЖШС демеушілігімен салынған 642 млн теңгеге бизнес-инкубатор ғимараты іске қосылды. Бұл орталықта 13 жоба жүзеге асып, 25 жаңа жұмыс орны құрылды. Жоба аясында ауыл кәсіпкерлері санитарлық нормаларға сай жабдықталған ғимаратта тегін орналасып, өз жобаларын дамыта алады.

Облыс бойынша 2025 жылы 5,5 млрд теңге бөлініп, 815 жоба іске асырылмақ. Басым бағыт – өңдеу саласы, кооперативтер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, соның ішінде балық, құс шаруашылығы, егін және мал шаруашылығын кеңейту, импортқа тәуелді өнімдерді өңірде өндіру.

Бизнесті қолдау шараларының маңыздылығы мен нақты нәтижелері ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып жатқанын дәлелдейді. Бұл бастамалар ауыл экономикасының тұрақты дамуына, халықтың еңбекпен қамтылуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретініне сенім мол. Алдағы уақытта да осындай игі істердің жалғасын тауып, ауылды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асатынына күмән жоқ.

Шаруалар қазір жалпы технологияға емес, бағаға мән береді

Депутат Анас Баққожаевтың сөзінше, шаруашылықтар технологиялармен жұмыс істеуге түпкілікті мамандана алмай келеді. Бірақ, оның себебі де жоқ емес.

– Біз әлі де ірі технологияға қол жеткізе алмай келеміз. Иә, мал ұстайтын ірі шаруашылықтар бар. Мен мұнан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысында өткен Малшылар слетінде айтқан жұмыстарды, мәселелерді атқарған шаруашылқтар бар, бірақ жоғары жетістікке жеттік деп айта алмаймын. Себебі, қазіргі уақыттағы баға өте тиімсіз болып тұр. Осы кезде "сүтті өндіру керек пе?" деп ойланып қалып жатыр. Технология тұрмақ, "ертеңгі күнім қалай болар екен, жалақыны қалай беремін?" деп уайымдап кетті. Себебі, импорт көп. Ресейден, Белорусиядан келетін заттар көп, олардың бағасы арзан. Соның бәрі біздің шаруларды қинап жатыр. Осы тұрғыда технологияны ойлаудың уақыты да, мүмкіндігі де болмай жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, біздегі 100-ге жуық ірі шаруашылық бастапқы қадамдарды қолға алды деп айтуға болады. Бірақ әлі де жетілдіруі керек. Мен ойлаймын, бағаның арзандауы осы технологияларды ілгері басуына, жетілуіне себепші болады. Неге? Баға өспесе, тұрып қалса, шаруаның кірісі азаяды, бірақ мұндай жағдайда шаруа "тек орта технологиялардың арқасында жоғары өнім аламын, сол өзіндік шығынын төмендетемін, осы тұрған бағаның өзінде пайда деңгейін көтеремін" деген үміт пайда болады, – деді ол.

Анас Баққожаевтың айтуынша, болашақта бизнестің дамуы үшін технологияны кеңінен пайдалану үдерісі қарқын алады.

– Сондықтан да, бәсекелестіктің дамуы, бағаның бір орнында тұруы осы технологиялардың ілгері басуына негізгі сеп болады. Ол қазіргі жағдайда қуанарлық жағдай дей алмаймыз, бірақ дәл осы сәтте жұмысын жалғастырамын, технологияларды біртіндеп түзеу арқылы, өздерінің шығындарын азайтып, табатын маржаны көбейтсе, онда әлі де үміт үзілмейді. Шаруалар қазір жалпы технологияға емес, бағаға мән береді. Баға жоқ болса, өнімін ешкім сатып алмаса, басы сонымен қатып жүреді, – деді ол.

Отандық кәсіпкерліктің дамуы үшін ғылым бірінші орынға шығуы шарт

Жақында ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдерін ұзақ уақыт сақтауға арналған Dayar 20 мобильді лиофилизациялық қондырғысын дайындап шығарды. Бұл заманауи құрылғы өнімді табиғи күйінде сақтауға және сапаны жоғалтпай ұзақ уақыт тұтынуға мүмкіндік береді. Мұны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі сүйінші сұрай хабарлады.

Елдегі бас аграрлық eldala.kz сайтының жазуынша, бұл қондырғыны далаға, бақшаға немесе шалғайдағы фермаларға апарып, сол жерде азық-түлік өңдеуге болады.

– Лиофилизация немесе сублимация арқылы кептіру – мұздатылған өнімнен суды төмен қысымда оның табиғи құрылымы мен пайдалы қасиеттерін сақтай отырып буландыратын озық технология. Dayar 20 қондырғысы арқылы кептірілген өнімдер дәмі, түсі, иісі, пішіні және дәрумендерімен бірге ұзақ уақыт бойы жарамды болып қалады, – деді жоба жетекшісі, химия ғылымдарының PhD, органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының аға оқытушысы, органикалық синтез және заттар химиясы зертханасының меңгерушісі Ербол Ихсанов.

"Құрылғы жемістерді, көкөністерді, ет пен сүт өнімдерін, тіпті дайын тағамдар мен балықты жоғары сапада кептіре алады" деп тағы да қосты ол.

Құрғақ тағамдарды бөлме температурасында 1 жылдан 3 жылға дейін арнайы тоңазытқышсыз, ал арнайы қаптамада 10-50 жылға дейін сақтауға болады.

– Dayar 20 – бұл фермерлер үшін сенімді көмекші ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібін жаңғыртуға жол ашатын технологиялық серпіліс. Бұл құрылғы – таулы және шалғай аудандардағы шаруашылықтар үшін әсіресе тиімді шешім. Инновациялық жобаны іске асыра отырып, ҚазҰУ ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қосуға ниетті, – деп атап өтті Ғылым министрлігі.

Мұнан шығатын қорытынды: технология адамның жұмысын жеңілдетеді. Ал кәсіпкерліктің дамуы үшін ғылым қолданысқа енуі керек.

Биыл 100 мың тоннаға арналған қойма пайдалануға берілді

Қазақстандағы астық қоймаларының жалпы көлемі 30 миллион тоннаны құрайды, оның 13 миллионнан астамы элеваторларда, 16 миллионнан астамы – фермерлерде. Бұл туралы World of NAN порталы хабарлап отыр.

Осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылы күн райының қолайлы болуы егіннің орташа деңгейден жоғары болатынын болжауға мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Астықтың рекордтық көлемін алу мүмкіндігі бар.

Ведомствоның мәліметінше, элеваторлардың, астық қоймалары мен қоймалардың сыйымдылығы егіннің орташа жылдық көлемін және өткізу қорын сақтауға жеткілікті.

– Кейінгі 10 жылда резервуарлардағы көлем 7 млн тоннаға артты. Осындай үрдіс бар. Ол жылдан-жылға артып келеді. Оларды негізінен Солтүстік облыстардағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, негізгі астық өсіруші Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары салып жатыр. Биылғы жылы 100 мың тоннаға арналған қойма пайдалануға берілді, – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Марлен Оспанов.

Мемлекет бизнеске серіктестік ретінде қарауды реформа ретінде жүргізіп отыр

Қорыта айтқанда, отандық кәсіпкерлікті қолдау – елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік әл-ауқатының негізі, кепілі. Ішкі нарықты қорғау – тек шекараны емес, отандық өндірісті, жұмыс орындарын және ұлттық мүддені қорғау деген сөз. Бұл ретте мемлекеттік-жекешелік әріптестік – бизнестің әлеуетін тиімді іске қосуға, инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге жол ашатын тетік. Аталған бағыттардың үйлесімді дамуы Қазақстанды тек шикізаттық емес, өндірістік қуаты мықты елге айналдыра алады. Тиімді салықтық, қаржылық және құқықтық тетіктермен қамтамасыз етілген кәсіпкерлік – жаңа жұмыс орындары мен қосылған құны жоғары өнімнің бастауы. Ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асқан жобалар мемлекет пен жеке сектордың сенімді серіктестігін айғақтайды. Демек, бүгінгі міндет – осы үш бағытты бір арнаға тоғыстырып, ұлттық экономиканың нақты секторын жүйелі қолдау. Сонда ғана ішкі сұранысты өз өнімімізбен қамтамасыз етіп, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Осы орайда, инвестициялық сенімнің артуы, ауыл мен ғылым арасындағы байланыстың орнауы мұның бәрі кәсіпкерлік саясатының жаңа дәуірге аяқ басқанын көрсететіндей.

Бизнеске тек бақылау емес, серіктестік ретінде қарауды мемлекет реформа ретінде жүргізіп отыр. Кәсіпкерлік дамыса, ауыл өркендейді. Ауыл мен қала арасындағы алшақтық азайса, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік орныға түседі. Кәсіпкерлік қай кезде де керек. Әрі ол мемлекетпен бітеқайнасып өмір сүруі шарт. Қазақстан бұл салада жүйелі жұмыстар атқарып, өнімді еңбек етіп жатыр дей аламыз. Ең бастысы, бізде бастама бар, нәтиже бар. Енді осы осыларды әлі де үйлестіріп, жандандырып, толықтырып, ел игілігіне айналдыруға жұмыс істеу керек. Сонда ғана отандық кәсіпкерліктің асығы алшысынан түсетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу