Made in Kazakhstan шетелдіктердің де тақымында жүр

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
16747

Былтыр отандық өндірістен шыққан 1000 аса автокөлік шетел асқан.

Made in Kazakhstan шетелдіктердің де тақымында жүр Фото: liter.kz

Өткен жылы елімізде құрастырылған автомобильдерінің сатылымы 120,5 млрд теңге сомасынан асып түсіп, қазақстандық өндірістің үлесі сатылымның жалпы көлемінде 35,5% құраған. Қазақстандық автозауыттар былтыр 19086 техника өндіріп, бұл 2016 жылдың көрсеткішінен үш есеге асып түскен.

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан ІІІ Қазақстандық халықаралық автомобиль форумы барысында еліміздің инвестициялар және даму министрлігінің өкілі Тимур Нұрашев мәлімдеді.

"Біз дағдарыс кезеңінен қазақстандық өндірушілердің сәтті өткенін көріп отырмыз, және осы жылы Қазақстанда сатумен қатар, өндірістің де елеулі өскені байқалады. Авторитейлдің өсуі былтыр 6,1%, яғни 49051 бірлікті құрады. Ал Made in Kazakhstan автомобильдерінің сатылымы 120,5 млрд теңге сомасынан асып түсті" деді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, бұл саланың жетістіктері жаман емес. Тіпті, қазір қазақстандық өндірістен шыққан автомобильдерді шетелге экспорттаудың да мүмкіндігі туып отыр. Мәселен, былтыр 1000-нан аса көлік шетел асқан. Әрине, бұл халықаралық өлшеммен есептегенде көп емес. Десе де, ілгерілеу бар, қазақстандық автомобильдерге қызығушылық та, тапсырыс та болып жатыр.

"Қытай, Ресей, Орталық Азия нарықтарына шыға бастадық. Біз бұл тенденцияны әрмен қарай жалғастыратын боламыз. Мемлекет тарапынан қолдау да болады. Қазір автомобильқұрастырушыларға үкімет тарапынан қойылып отырған басты талап, келешекте автоөндірістің жерсіндіру үлесін молайту. Әрине, бұл үшін сәйкесінше нарық көлемі керек, өндірушілердің компонентік базалары дайын болуы керек. Меніңше, осындай форумдар отандық автоөндірістің дамуына серпін беріп, ықпал етері анық. Бүгін көрмеде қойылған қазақстандық автоөндірушілер өніміне шетелдік әріптестердің қызығушылық танытқанын байқадық, олар Қазақстанда автомобиль өндірісі бар екенін танып білуде.Бұл жай ғана сөз емес. Шын мәнінде, автомобиль құрастыру ел экономикасы үшін маңызды" деген  Тимур Нұрашев бұл шара тиімді ынтымақтастық, іскерлік әріптестік орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Автомобиль құрастыруға және автомобиль жөндеуге қажетті қосалқы автобөлшектерге қатысты шолу жасаған "Phaeton DC" бас директоры Марат Шотбаев, автоөндіріс әлеміне қатысты әлемдік тәжірибеде, бастауыш және екінші деңгейлі нарық деген ұғымдардың барын айтады. "Бастауыш нарықта, автомобиль құрастыру үшін автоқосалқы бөлшектер өндірушілермен ірі зауыттар конвейрлерде шығарылып жатады. Ал біз екінші деңгейлі автобөлшектер бизнесімен айналысамыз. Екінші деңгейлі нарықта осы қосалқы автобөлшектер диллерлік станциялар және автоөндірушілер арқылы автокөліктерді жөндеуге, құрастыруға таратылады. Міне, біз осы тауашамен айналысамыз. Біз ресми дистрибьютерміз. Тіпті, осы қосалқы бөлшектердің өзі екіге бөлінеді. Яғни, біз сияқты ресми дистрибьютер арқылы жеткізіліп таратылатын қосалқы бөлшектер, яғни түпнұсқа. Сондай-ақ, тәуелсіз дистрибьютерлер, импорттаушылар жеткізетін қосалқы бөлшектер, оны халық арасында дубликат деп атайды. Қазақстанның автонарығы әлемдік нарықтан қатты өзгешеленеді. Бір бөлігі, тәуелсіз дистрибьютерлермен жеткізіледі, яғни Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінен контрабандалық жолмен жеткізіледі", – дейді Марат Шотбаев.

Ал Қазақстанның автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Макашева, елімізде ескі машиналарды кәдеге жарату бағдарламасының жүріп жатқанын еске салып өтті.

"Біздің барлық паркіміз ескі. Біздің паркімізде 3,5 миллион автомобиль бар. Соның 80% астамы 10 жылдан жоғары. Оларды шаңсорғышпен сорып алатындай ескі. Адамдарды ескі көліктерінен арылту үшін ынталандыру керек. Барлығы артық бағаға сатқылары келеді. Сондықтан біз ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасын жүзеге асырып отырмыз. Мәселен, мүлдем ескі көлікті тапсырып, мың доллар алып, жаңа көлік алуыңа және жеңілдікке ие боласың. Бұл бағдарлама бойынша бірінші жеңілдік. Ал екіншісі, "тірі" ақшаға өткізу жеңілдігі. Мәселен, көліктің толық жиынтығы жоқ делік, қозғалтқышы істен шыққан, жарамсыз, шанағы шіри бастаған, яғни, жүрмей тұрған болса, мұндай аты бар, заты жоқ көліктерді үйде ұстап тұрмай, 45 мың мен 150 мың теңге аралығында өткізуге болады. Біздің елде осындай көліктерді алатын зауыт салынды. Шын мәнінде, Еуропа және АҚШ дәл осындай тәсілдермен өз нарықтарын тазартқан болатын. Естеріңізде болар, 80-жылдардың соңында, 90-жылдардың басында біздің елге жаппай рулі оң жақта орналасқан көліктер қаптап келе бастады. Олар не істеді дейсіз ғой, адамдарды салықтың барлық түрінен босатты, оларды жаңа автокөліктер алуға ынталандыру үшін, ал ескі көліктерге өте үлкен салық салынды. Адамдар бұл салықты төлемеу үшін өз көліктерін тастап кетуге дайын болды. Сол кезде Кеңес Одағы ыдырап, шекара ашылып, бүкіл ескі-құсқы бұрынғы кеңестік одақ елдеріне тасымалданды. Әрине, бізге де экологияға, қоршаған ортаға зор зиян келтіріп отырған бұл ескі автокөліктерден құтылар едік, бірақ, оны өткізетін ел жоқ. Сол себепті біз осы ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасын жүзеге асырып отырмыз", – деді қауымдастық өкілі.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу