Отандық көліктерді алуға жеңілдетілген автокредит беру қайта басталмақ

9445

Осы арқылы билік 15 мыңдай көлігін халыққа өткізбек ниетте. 

Отандық көліктерді алуға жеңілдетілген автокредит беру қайта басталмақ

Қазақстанда ресейлік Lada маркалы автомобильдердің саудасы биыл тоқтатылды. Соған қарамастан, "темір тұлпар" саудасы күрт артқан, деп жазады Inbusiness.kz.

Мысалы, былтырғы 2020 жылғы бірінші тоқсанда қазақстандықтар 168 млрд теңге (429 млн доллар) жұмсап, 17 мың 846 жаңа жеңіл көлік, жүк көлік және автобустар сатып алған еді. Бұл 2019 жылғы ұқсас кезеңдегіден 30%-ға жоғары болған.

Ал биылғы І тоқсанда Қазақстан тұрғындары 24 мың 161 жаңа жеңіл көлік, жүк көлік және автобустар иеленді. Осылайша, сауда өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, 2021 жылғы қаңтар-наурыз аралығында 35%-ға өскен.  

Қазақстандық автобизнес қауымдастығы сарапшыларының байламынша, сатып алушылардың қызығушылығы биыл ең жоғарғы деңгейде тұр. Бұл ретте 2021 жылдың 4 айының қорытындысында елімізде 26 мың 63 көлік құрастырылған.

Қазіргі кезде ішкі жаңа көліктер нарығындағы "Қазақстанда жасалған" көліктердің үлесі 65%-дан асыпты.

Мемлекет көліктерді шетелден шашып әкеліп, өз цехтарында құрастыратын отандық автозауыттардың мүддесін қуатты қолдауын жалғастыруда. Егер утилизациялық алым жойылмаса немесе ең құрығанда азайтылмаса, онда аты отандық, заты жатжұрттық көліктердің үлесі болашақта 100 пайызға жуықтауы мүмкін. Мұнымен мақтануға болмайды. Өйткені бұл енді Куба, Иран секілді дамуда арттап қалған, экономикалық блокадағы мемлекеттердің көрсеткіші.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі отандық машина жасау саласы біраз жылдан бері орта есеппен 120,6% деңгейінде өсіп келе жатқанына мәз.

Биылғы 4 айда отандық автозауыттар 195,4 миллиард теңге табыс тапқан. Былтырғы 4 айдағы табысы 173,4 млрд болған еді.

Дегенмен, сатылған машинаның бәрі бірдей жеңіл көлік емес: 22 924 мыңы ғана соған тиесілі. Қалған 2 329-ын – жүк көліктері, 443-ін – автобустар, 270-ін – тіркеме-прицептер, 97-сін өзге мамандандырылған техника құрады.

Өткен жылы отандық "Азия Авто" зауыты өндірісін жапқаны мәлім. Нәтижесінде, былтырдан бері "Ладалардың" сатылымы бірден 82 пайызға құлдырады. Тиісінше, Ресейден әкелінгені болмаса, елімізде ресейлік маркаларды құрастыру жоққа теңелді деуге болады.

Биылғы 4 айда қостанайлық "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" 16 459 дана жеңіл, жүк көліктерін және автобустарды шығарып, өндіріс көлемін 35,6%-ға арттырды. Алматыдағы "Hyundai Trans Kazakhstan" кәсіпорны – 7 556 жеңіл көлік жасады. Семейдегі "СемАЗ" – 1 192 бірлік коммерциялық техника өндірді. Көкшетаудағы "КАМАЗ Инжиниринг" – 381 жүк көлігін, алматылық "Hyundai Trans Auto" – 334 бірлік коммерциялық автомобилдерді, ал "Daewoo Bus Kazakhstan" – небары 72 бірлік техниканы шығарды.

Сонымен бірге сарапшылар елдегі автопарктің көнеріп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Себебі, сатып алынып жатқан жаңа көліктер саны тез қарқынмен ескірген машиналардың санынан басым түспек түгіл, ілесе алмауда.

Сондықтан билік Қазақстандағы автокәсіпорындар құрастыратын көліктерді бюджет қаражаты есебінен азаматтарға арзан кредитке беру жобасына қайта оралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Бәйтерек" ұлттық басқарушылық холдингін кредиттеу бойынша бюджеттік бағдарлама жобасын жария етті. Осы бағдарлама аясында ел қазынасынан алған миллиардтарды "Бәйтерек" ары қарай "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ына арзан бюджеттік кредит ретінде табыстамақ.

Өз кезегінде ҚДБ ол қаражатты отандық өндірістегі жеңіл көліктерді сатып алатын жеке және заңды тұлғаларға жеңілдікті автокредит түрінде үлестіретін болады.

"Бұл бағдарлама жеңіл автокөліктер паркін жаңартуды қарастырады. Осы мақсатта жеңілдікті автокредиттер ұсыну қарастырылып отыр. Бөлінетін қаражаттар есебінен машина жасау өнімінің өндіріс көлемі арттырылады", – деп қысқаша түсініктеме берді ведомство.

Меморганның болжамынша, бұл бюджеттік миллиардтар еліміздегі машина құрастырушы кәсіпорындардағы 1,8 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік беретін көрінеді.

Бұдан бөлек, осы жағдайда олардан түсетін салықтық төлемдер мөлшері 2022–2024 жылдары 1 миллиард 944 млн теңге көлемінде сақталады екен.

Бірден айта кетелік, жаңа жеңілдікті автокредиттеу бағдарламасы тек келесі жылы басталатыны көрсетілген. Оның үстіне 3 жыл бойы қаржыландырылмақ.

Нәтижесінде, 2022 жылы – 30 миллиард, 2023 жылы – 35 миллиард, ал 2024 жылы  аса ірі сома – 40 миллиард теңге бағыттау ұсынылды.

Бұл жерде 1 миллиард салық жинау және 2 мыңға да жетпейтін жұмыс орнын сақтау үшін "105 миллиард теңге ел қаржысын шашу орынды ма?" деген сұрақ туады. Билік өкілдері әзірге бұл сұраққа жауап бермеді.

Осы миллиардтар арқасында 2022 жылы "Қазақстанда жасалған" 2 500, 2023 жылы – 6 538, ал 2024 жылы – 5 632 жеңіл автомобилді жеңілдікті несиеге сату жоспарланып отыр. Яғни, келесі жылы әрбір "отандық" көлікке – 12 млн теңгеден, 2023 жылы – 5,4 млн, 2024 жылы – 7,1 миллион теңгеден бөлінуі мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу