Отандық өндірушілер сапасы төмен өнім өндіреді

10881

Оңтүстік Кореядан әкелінген бөлшектен құрастырылған тауар отандық өнім деп сатылған.  

Отандық өндірушілер сапасы төмен өнім өндіреді

Сенатор Андрей Лукин премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында отандық тауарларды аккредиттеу және сертификаттау жүйесін жақсарту мәселесін көтерді. 

Депутат кейбір отандық өндірушілер сапасы төмен өнім шығаратынын алға тартып, "Ұлттық аккредиттеу орталығы" ЖШС мен аккредиттеудегі 46 субъектінің тексеру қорытындысы бойынша ұйымдарға 15 мыңнан астам заңсыз сертификат пен 1 700 декларация бергенін, осының негізінде елге құны 11 млрд теңгені құрайтын 600 мыңнан астам тауар әкелінгенін айтты. 

"2019 жылы Алматы қаласының "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы "LG Электроникс Алматы Қазақстан" АҚ-ға 58 мың дана теледидар дайындауға "CT-KZ" сертификатын берген. Компания Оңтүстік Кореядан дайын бөлшектерді сатып алып, тауарды отандық өнім ретінде сатқан", – деді ол. 

Андрей Лукин бұл сертификаттар отандық кәсіпорындарды кедендік баж салығын төлеуден босату мен мемлекеттік сатып алу кезінде қосымша преференция беретінін баяндады. 

"Қазір ішкі нарықтың жартысы қауіпті, сапасыз, оның ішінде сертификатталмаған өніммен толтырылып, елде күрделі жағдай қалыптасып жатыр. Талапқа сай келмейтін өнімдерді әкелуге жол бермеу үшін Қазақстанның мемлекеттік бақылау жүйесі алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік бермейді. Ахуалды жақсарту үшін қағаз құжат айналымын болдырмай, сәйкестікті растаудың барлық процестерін цифрландыру керек. Сондай-ақ аккредиттеу жөніндегі жұмыстардың барлық кезеңін, аккредиттеу, сертификаттау және техникалық реттеу мәселелері бойынша аккредиттеу субъектілері мен өзге де мүдделі тұлғалардың өтініштерін айқындауды және қадағалауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін электрондық платформа әзірлеу қажет", – деді сенатор. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу