Банктегілер комиссияның базалық мөлшерлемесі өзгермегенін, бұрынғыша несие сомасының 1%-ын құрайтынын айтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өзгеріс тек ірі сомаға несие алатындар үшін комиссияның ең жоғарғы шекті сомасына қатысты. Бұған дейін несие сомасы қанша жерден үлкен болса да, 1 пайыздық комиссия 300 мың теңгеден аспайтын.
2026 жылғы 31 қазаннан бастап мынадай шекті сомалар белгіленеді:
- Несие сомасы 50 млн теңгеге дейін (қоса алғанда) болса: комиссия – қарыз сомасының 1%-ы, бірақ 300 000 теңгеден аспайды;
- Несие сомасы 50 млн-нан 100 млн теңгеге дейін (қоса алғанда) болса: комиссия – қарыз сомасының 1%-ы, бірақ 500 000 теңгеден аспайды;
- Несие сомасы 100 млн теңгеден асатын болса: комиссия – қарыз сомасының 1%-ы, бірақ 1 000 000 теңгеден аспайды.
Банк статистикасына сүйенсек, клиенттердің 92%-ы 50 млн теңгеге дейін ғана қарыз алады. Олар үшін комиссия мөлшері еш өзгермейді.
"Шекті соманың өсуі тек қомақты несие алатындарға ғана қатысты", – деп атап өтті банк өкілдері.
Жаңа шарттар банкке 2026 жылғы 31 қазаннан бастап түсетін несие өтінімдеріне ғана қолданылады. Оған дейін түскен өтініштер бұрынғы ережемен қаралады. Ал бұрын берілген қарыздардың бұл өзгерістің еш қатысы жоқ.
Банктегілердің айтуынша, комиссия есептеу ережесін өзгерту – несие сомасына қарай комиссияның шекті мөлшерін әділ белгілеу үшін жасалып отыр. Бұрын несие көлеміне қарамастан ең жоғарғы комиссия 300 мың теңгемен шектелетін.
50 млн теңгеге дейін несие рәсімдейтін салымшылардың басым бөлігі үшін шарттар бұрынғыша қалады.